Басты жаңалықтарМәдениет

Жетпіс бесінші көктем

… Әдетте көктемді жастықтың, сұлулықтың символы ретінде айтамыз, алайда өнер әлеміне сұлулық тән, музыка «қартаймайды» емес пе? Ендеше, биыл 75 маусымын қарсы алған облыстық филармония ұжымы өзінің кезекті көктемінің шымылдығын ашты. 

Ақтөбеде тәуелсіздік жылдары мєдениет ошақтарының саны әлдеқайда көбейген. Мысалы, 1999 жылы облыста 200-дей ғана мєдениет ошағы жұмыс жасаған болса, қазір олардың саны 500-ге жуық. Солардың ішіндегі шоқтығы биік өнер ордаларының бірі — Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы.

Филармония — бүгінде облыстың мєдени өмірінде өзіндік орны мен беделі бар мекеме ретінде қалыптасқан рухани ошақ. 1944 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында қамкөңіл халықтың көңілін тазартып, қасіретті жүректерді жуу мақсатында жер-жерде мәдени ошақтар ашылған. Сол уақытта Қазақ музыкасының корифейі Ахмет Жұбановтың өзі мұрындық болып Ақтөбеде филармонияның негізін қалаған.

Өнер — таусылмайтын азық

Іргесі қаланған уаќыттан бері жеке шаңырағы болмаған филармонияның штат саны өсіп, жұмыс кестесі толығып, аппаратура, аспаптар, сахна костюмдерін алу секілді талаптары күшейген сайын өз деңгейінде жұмыс жасауы үшін жаңа ғимараттың қажеттігі бірінші орынға шықты. Осы  мәселе ескеріліп, 2002 жылы облыс басшылығы филармонияѓа бұрынғы химиктердің мєдениет үйі ғимаратын беру жµнінде шешім қабылдады. Осыдан бастап филармония тарихындағы дамудың жаңа кезеңі басталды деуге болады. Ал былтыр, филармония ұжымы 74-маусымның шымылдығын жаңа ғимаратта — Өнер орталығында қарсы алды! Бүгін осы Өнер ордасында филармонияның 75-маусымына арналған салтанатты шара өтеді.

— 1944 жылдан бастап алпыс жылға жуық өз «үйі» болмаған филармонияға 2002 жылы дербес ғимарат берілгенде төбеміз көкке жетті. Себебі бұл шын мәнінде филармония тарихындағы айтулы оқиға болатын. Осыдан кейін филармония ұжымының жоғары деңгейдегі мәдени шараларды өткізуге қолы жетті, ұжымдар емін-еркін репитиция жасауға мүмкіндік алды. Сахна заманауи дыбыстық және жарықтандыру  ќұралдарымен жабдықталды. Мұның барлығы филармонияның жоғары деңгейде жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Мекеме қабырғасында бірнеше мәдени ұжым пайда болды. Мәселен, 2003 жылы қараша айында филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр, классикалық музыка ансамблі құрылды. 2006 жылы «Саз» балалар студиясы, 2008 жылы «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі жұмыс істей бастады. 2011 жылы «Достық сазы» фольклорлық ансамблі сахнаға шықты.

Біздің жеткен жетістіктеріміздің барлығы да бүгінгі күнге дейін жұмыс істеген азаматтардың жанкешті еңбегінің жемісі. Алғашқы директоры  Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері  Ғалым Қойшыбаев бастаған шағын ұжым осы филармония тарихының бастау бұлағында тұрған өнерпаздар еді. Одан кейінгі жылдары мәдени ошақты басқарған әнші-жыршы, Жүсіп Сейілов, Рүстем Кереев, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері Тұрдыбек Оспанов, Нұраш Жиенғалиев, Иманғали Жалғас, Әмірғали Телеуов,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаевтар мен өнер ордасының ұжымы — облыстық филармонияның қалыптасу және даму кезеңдерінде еңбек сіңірген азаматтар, — дейді Ѓазиза Ж±банова атындаѓы Аќтµбе облыстыќ филармониясының директоры Елубай Кенжалиев.

Тоқсаныншы тоқырау жылдары елдегі мәдениет ошақтары шетінен жабылып жатқан еді. Алайда филармония жер-жердегі есігіне қара құлып ілінген мәдениет ошақтарының кебінін киген жоқ! Халыққа қызмет ете берді, тіпті тоқсаныншы жылдардың басында бірнеше жаңа ұжым жұмыс істей бастады.

Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткері, КСРО халық артисі, композитор Ғазиза Жұбанованың аты берілді. Филармония ұжымы халықаралық, республикалық, аймақтық — түрлі деңгейдегі мәдени шаралар ұйымдастырудың мұрындығы болып отырған рухани ордаға айналды. Сондай мәдени оқиғалардың бірі — «Жұбановтар әуені» фестивалі филармонияның ғана емес, облыс мәдениетінің брендіне айналды десек, артық айтқандық емес.

— Қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы Ахмет Жұбановтыњ атындағы бұл мереке жыл сайын Қазақстан облыстары мен басқа елдердің мен деген өнер ұжымдарыныњ басын қосады. Шараның жаңғырығы еліміздің түкпір-түкпіріне, қала берді басқа мемлекеттерге жетті. Бүгінде «Жұбановтар әуені» бақ пен бап қатар шабатын өнердің нағыз додасына айналды. «Жұбановтар әуені» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдер және хор музыкасы  фестиваль-байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді.Биыл бұл шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған,  Орал,  Ақтөбе қалаларынан өзге, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келген өнерпаздар қатысты, — дейді Е.Кенжалиев.

Филармония ұжымы өз шаңырағында осы секілді үлкен шараларды өткізіп қана ќоймайды, республикалық, халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан түрлі байқауларға, фестивальге өзі де барады. Мекеме қабырғасындағы барлық ұжым Қазақстан қалалары мен алыс, жақын шетел мемлекеттеріне гастрольдерге шығып, ондағы өнер ұжымдарымен тәжірибе алмасып, қазақ халқының музыкалық шығармашылығын насихаттауды жолға қойған.

Елубай Кенжелиев,

ҚР мәдениет саласының үздігі:

Филармонияда Ахмет Жұбановтай ұлы тұлға салған сара жолды жалғастырған, Жәлекеш Айпақов, Ғалым Қойшыбаев, Жүсіп Сейілов, Сұлтанғали Дәрібаев, Рахила Ақжарова, қазіргі арамыздағы ақылшы ағаларымыз Хайдар Өтеғалиев, Қайырғали Қожанбаев сынды ардагерлерімдің ізін жалғаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Жайлау Асылханов, Марат Әйтімов, Светлана Айтбаева, Гүлнәр Мәмбетова, Дәурен Ғылымов, «Құрмет» орденінің иегерлері Бейбіт Оралұлы, Бақытбек Зейнелов, мәдениет саласының үздіктері Елубай Кенжалиев, Әлімжан Ермекбаев, О.Мәмбетов, Мәдина Қабижанова, Орал Байсеңгір, Г.Досаева, Ғ.Жақсыбеков, Жұлдыз Нұрқасымова, Гүлсім Юсупова, Феруза Нарман, Елдос Жұмағұлов қызмет етеді. Әлемді аузына қаратқан дүлдүл әнші Димаш Құдайбергеннің осы ұлағатты ұядан ұшқаны бізге ғана емес, күллі қазақ еліне  мақтаныш, зор мерей!

Филармонияда өткен түрлі мәдени шараларда концерт жүргізушілердің атқарар ролі зор. Атап айтсақ, бұл бағытта Нәби Смағұлов, Сұлтанғали Дәрібаев, Жұлдыз Сапақова, Қамбар Меңайдаров, Кеңес Исмаилов, Ерсайын Елубаев, Дихан Жәлекеновтер қызмет еткен. Қазіргі салтанатты кештердің тізгінін ұстап жүрген Орал-Қосай Байсеңгір, Нұржан Оразовтарды көрермен жақсы біледі. Филармония тарихы, сайып келгенде осы жерде еңбек еткен адамдардың тарихы екені даусыз. Біздің жеткен жетістіктеріміздің барлығы бізге дейінгі қызмет еткен және бүгінгі ұжымның арқасы екені даусыз.

Талғамы жоғары көрерменге — таңдаулы шығармалар

Қазақ музыкасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі филармонияның визиттік карточкасы деуге әбден лайық. 2006 жылы Құрманғазы атындағы бірінші қазақ халық аспаптары оркестрінің негізін қалаған Ахмет Жұбановтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланған тұста аталған ұжымға Ахмет Жұбановтың аты берілген-ді. Оркестрдің негізін қалаушы —  Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор, композитор Қайырғали Қожанбаев. Бүгінде бұл ұжымға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов басшылық етеді, бас дирижері Мадина Қабижанова. Оркестр репертуарында 250-ге жуық орыс, шетел жєне Қазақстан  композиторларының шығармалары бар. Ұжым талай елде болып, көрермендерін таңдай қақтырды.

…Облыста ғана емес, республика бойынша жетекші хор ұжымдарыныњ бірінен саналатын қазақ камералық хоры (көркемдік жетекшісі және дирижері Мербол Құспанов) өнері елі ішінде ғана емес, Еуропада да сұранысқа ие! Ұжым бүгінде биік белестерді бағындырды: мәселен, «Жұбановтар әуені — 2018» халықаралық  хор музыкасы фестивалінде бас жүлдені иеленсе,  Санкт-Петербург қаласында өткізілген Ю.Фалик атындағы «Поющий мир» XVI халықаралық байқау-фестивалінде екі бірдей номинация бойынша жүлделі орын алды, Одесса қаласында өткен «Южная Пальмира» ХХIV халықаралық хорлар мен вокалдық ұжымдар арасындағы байқауда және Мәскеуде өткен «Друзья в Москве» атты халықаралық музыка және би фестивалінде бас жүлдеге ие болды.

Филармонияда бүгінде он шақты ұжым еңбек етеді. Камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, «Саз» балалар студиясы, классикалық музыка ансамблі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Екі езу» сатира театры, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы, «Достық сазы» фольклорлық ансамбльдері — бүгінде бай репертуары бар, соған сай өз аудиториясы қалыптасқан кәсіби ұжымдар.

Классикалыќ музыка ансамблі (көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Гүлсім Юсупова) облыстыњ барлыќ ќоѓамдыњ шараларына үнемі қатысып отырады. Репертуар бай: халық күйлерінен бастап қазақ  және шетел композиторларының шығармалары орындалады. Жергілікті және қазақстандық композиторлардың шығармаларымен,  қазақ халық әуендерін, орыс және батыс еуропалық классикалық музыканың өңделген тамаша туындыларымен репертуар үнемі толығып отырады.

— Классикалық музыка ансамблі құрамында филармония солистері —  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлер, мәдениет қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері және халықаралық, респуликалық байқаулардың  лауреаттары қызмет етеді.  Олардың әрқайсысын ақтөбелік әншілердің үлгісі ретінде әлемнің кез-келген елінің сахнасына шығаруға болар еді, — дейді Е.Кенжелиев.

ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Ермекбаев жетекшілік ететін камералық оркестр репертуары да тұрақты түрде қазақ, қазақстандық және шетел композиторларының шығармаларымен толықтырылып тұрады.

Тек ән мен күй, жыр мен терме ғана емес, би өнері де Ақтөбе өңірінде өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Оған куә облыстағы бірнеше би ұжымдары. Осы би ұжымдарының ішіндегі орны ерекше «Аққу» би ансамблін (көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Мәмбетова) білмейтін көрермен аз деуге болады. Бүгінде қаламыздағы ешбір мәдени-қоғамдық шара «Аққусыз» өтпейді…

Өнерге деген ынтазарлық, құштарлық, әлбетте бала кезден байқалады. Осыны ескерген филармония басшылығы 2006 жылы «Саз» балалар студиясын (көркемдік жетекшісі Лилия Аралбаева) ашуды дұрыс деп тапты. Мұнда вокал класы, хореографиялық ансамбльдер, балалар хор ұжымы және қазақ ұлт аспаптар ансамблі жұмыс істейді. Бүгінде әлем әншісі атанған Димаш Құдайберген де «Саз» студиясыныњ қабырғасында білім алған болатын.

«Саз» студиясында талантын сынап жүрген барлық бала Димаштың ізін қуса, ұстаздардың еңбегі еш кетпес…

Осыдан 10 жылдай бұрын құрылған «Арайлы Ақтөбе» (көркемдік жетекшісі Серік Закария), «Достық сазы» (көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Бақытбек Зейнелов) фольклорлық ансамбльдерінің де бүгінде өз аудиториясы әбден қалыптасты. 1998 жылы «Ақтөбе» газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылған «Екі езу» эстрадалық миниатюра театрының да жетістіктерін (көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан) көрермен жақсы біледі.

Жаңа формат: сұранысқа ұсыныс

— Жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін жаңа форматта — бүгінгі көрерменнің, бүгінгі тыңдарманның сұранысына сай жұмыс істеу қажеттігін сезіндік, — дейді филармония директоры.

Жаңа ғимарат демекші, филармония директоры, ұжымның жанашыр мүшелері осы мәдениет ордасының алғашқы кірпіші қаланғаннан бастап осы жерде жүргенін айтады. 2017 жылдың  4 қазаны күні Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Өнер орталығының ашылуы салтанатты түрде атап өтілген-ді. Сол жылы 1 желтоқсанда филарморнияның жаңа ғимаратында  бірінші рет ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған шара өтті.

— Филармонияға жаңа ғимарат салынады деген хабарды естігенде қатты қуандық. Алайда көңілде қуанышпен қатар күмән да болды: бәріміздің көкейімізде ескі ғимараттағы 300 орынды көрерменмен толтыра алмай жүргенде, 1200 орындық зал ертең бос тұрмай ма деген сұрақ тұрды. Дегенмен, қазір ол күмән-күдіктің барлығы сейілді: біздің сахна да, көрермен залы да бүгінде босамайтын болды, — дейді Е.Кенжалиев.

Елубай Кенжалиев бастаған ұжым бүгінде өнер ордасына көрермен тарту үшін қазіргі сұранысқа, қазіргі тыңдарманның талғамына сай жаңа форматта түрлі эскперименттер жасап отыр. Мәселен, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Soundtrack» концерті — бір жылда бірнеше рет сұраныс бойынша өткізілді.

— Әрине, қазақ халық аспаптары оркестрі домбырасы шанағында ойналатын негізгі әуен — қазақтың тұтас тағдыры, тарихы көрінетін күй екені белгілі. Алайда, біз өзіміздің рухани дүниелерімізбен бірге шетелдік әуендерді де көрерменге ұсына білуіміз керек. Сондықтан ќазаќ халыќ аспаптары оркестрі қазақ және шетел, орыс киноларында ойналатын көрерменнің көңілінде жатталып қалған әуендерді ұсынды: біз фильмдердегі музыкалардан саундтрек жасадық. Мәселен, «Бриллиантовая рука», «Пираты карибского море», «Ну, погоди!» фильмдеріндегі әуендер бізге бала кезден таныс. Осының барлығын тыңдап отырған көрермен «Ақсақ құлан» күйі ойналып, онымен бірге фильмі көрсетілгенде орнынан тұрып кетті: «Бізде осындай ғажап оркестр бар екен ғой!», — деп таңғалғандар болды. Концерт төрт рет өткізілді, төртеуінде де халық лық толы болды. Бұл да көрерменді өнер ордасына тартудың бір жолы, — дейді Е.Кенжалиев.

Жергілікті әншілердің, өнер ұжымдарының концертіне республикалық деңгейдегі өнер иелерін шақыру да үрдіске айналып келеді. «Бұл, біріншіден, жергілікті өнерпаздарға қолдау, екіншіден, көрермен тарту. Сырттан келген қонақтардың барлығы да біздің еңселі ордамызды көріп, жоғары баға беріп кетеді. Ақтөбе халқының өнерге деген құрметін көріп, ризашылығын білдіріп жатады», — дейді Е.Кенжалиев.

Бұған қоса филармония ұжымы қазіргі уақыттың сұранысына сай әлеуметтік желілерді де белсенді қолданады: бүгінде Өнер орталығының фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілердегі парақшаларында 32 мыңнан астам жазылушылары бар. Мұның өзі мәдени ошаққа көрермен шақырудың жолға қойылғандығын көрсетеді.

P.S. өнер жұтамайды. Филармонияның бар шығармашылық әлеуеті осымен таусылып қалған жоқ. Өнер — таусылмайтын азық.

Биыл 75-көктемін қарсы алып отырған филармония ұжымы көрерменін бүгін сағат 16.00-де күтеді. Сұлу әлемнің — музыканың мейрамынан қалып қоймаңыздар.

(Ғазиза Жұбанова атындаѓы Ақтөбе облыстық филармониясы туралы ақпараттарды oner_ortalygy_aktobe инстаграм парақшасы арқылы біліп отыруға болады).

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.          

  • Ақтөбе облыстық филармониясының негізі 11944 жылы қаланды.
  • 1991 жылы 52 адамнан тұратын қазақ камералық хоры құрылды.
  • 1998 жылы облыстық филармонияға қазақ композиторы, КСРО халық артисі Ғазиза Жұбанованың аты берілді.
  • 2000 жылы «Аққу» би ансамблі құрылды.
  • 2002 жылы облыс басшылығы филармонияға бұрынғы химиктердің мәдениет үйі ғимаратын беру жөнінде шешім қабылдады.
  • 2003 жылы флармонияда қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылды.
  • 2003 жылы камералық оркестр құрылды.
  • 2003 жылы классикалық музыка ансамблі құрылды.
  • 2006 жылы ЮНЕСКО көлемінде Ахмет Жұбановтың 100 жылдығы тойланған тұста қазақ ұлт аспаптар оркестріне Ахмет Жұбановтың есімі берілді.
  • 2006 жылы «Саз» балалар студиясы жұмыс істей бастады.
  • 2008 жылы «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі құрылды.
  • 2011 жылы «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің негізі қаланды.

2015 жылы облыс әкімінің қолдауымен ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы құрылды.

  • 2017 жылы 4 қазан күні Ақтөбенің қақ төрінде Өнер орталығы ашылып, филармония осы ғимаратқа көшірілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button