Жаңалықтар

Қызметкерлер кінәсі үшін басшылар жауап береді

Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер –  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыс әкімдері мен орынбасарлары, аудандар әкімдеріне тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, отставкаға кетуге міндетті.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.

«Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген жаңашылықтар туралы айтқан департамент басшысы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрестің жаңа кезеңі басталғанын айтты.  Бұл норма Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен заңға енгізілген. 2019 жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өткен кездесуде Мемлекет басшысы бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын.

— Осы Заңның қабылдануымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айта аламын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген. Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті, — деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған заңда басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілген. Бұл міндеттің орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеліп соғады.

— Тағы бір айта кетерлігі, егер басшыға тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық жасамағанмен, талдау нәтижесі осы мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарылағанын көрсетсе, тиісті басшының тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралатын болады, — деп атап өтті Мирлан Мұхамбетов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button