Мереке

Тағы бір «Анвар» іске қосылды

Ақтөбе қаласында ҚР тұңғыш Президенті күні тағы бір «Анвар»  супермаркеті ашылды. Батыс-2 шағын ауданында орналасқан жаңа «Анвар» сауда үйі алғашқы тұтынушыларына біршама жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастырды.

Бірінші күні келушілердің қарасы өте көп болды. Бес мың теңгеге сауда жасағандарға түбіртек арқылы лотерея билеттері ойнатылып, ұтысқа жаңа тұрмыстық заттар қойылды. Сауда үйіндегі сегіз қатардың әрқайсысында касса бар. Яғни 8 касса тұрғындардың сатып алу кезінде кезектің кептелісі болмау үшін 12 сағат бойы қызмет етеді.

Сауда үйінің көлемі  2,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Сауда алаңы — 1 мың 400 шаршы метр. Дүкенде барлық әлеуметтік тауар бар. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар 19 азық түріне сауда үстемесі 5-10 пайыздан аспайды. Жыл аяғына дейін баға тұрақты болады. Жаңа жыл мерекесіне орай көтерілмейді. Бұл жөнінде меморандумға қол қойдық. 150 жаңа жұмыс орны пайда болды, — дейді сауда үйінің директоры  Бақытжан Кизаев.

Супермаркеттің құрылысы мамыр айында басталып 6 ай ішінде іске қосылды. Бұл «Анвар» сауда желісінің Ақтөбе қаласындағы 24 сауда нүктесі.

Бұған дейін сауданы «Дина» гипермаркетінен жасайтынбыз. Үйдің қасынан «Анвар» ашылғаны біздер үшін барлық жағынан тиімді болды. Әрі жаңа көшеге сән беріп, жүргіншілердің қарасын көбейтті. Қозғалыс көбейді. Ең бастысы, уақытты үнемдейміз. Міне, 5 мың теңгеге сауда жасап, лотереядан ыдыс ұтып алдым. Осының бәрі мерекеде жақсы көңіл күй сыйлады, — дейді Батыс-2 ауданының тұрғыны Ләззат Сағынбаева.

Сол күні қала әкімі Мавр Абдуллин жаңадан ашылған «Анвар» сауда үйін және «Дина» гипермаркеттерін аралап, ондағы бағалармен танысты. Мерекеге толы желтоқсан айында кез келген тауардың бағасы түсіп жатыр. Бұл — жергілікті биліктің кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуінің нәтижесі. Әсіресе, мерекелік тағамдардың қымбаттамауы — басты назарда. Бұл қаңтар айының ортасына дейін созылады. «Анвар» желісінде бірінші сұрыптағы 1 келі ұнның бағасы 135 теңгеден 116 теңгеге дейін, макарон өнімдері 205 теңгеден 175 теңгеге дейін және «Аққұс» тауық еті 865 теңгеден 725 теңгеге дейін арзандаған. Ал «Дина» желілерінде бірінші сұрыптағы бір бөлке нанның бағасы 74 теңгеге тұрақтанды. «Купеческий» макароны 194 теңгеден 160 теңгеге, «Элита» күріші 336 теңгеден 242 теңгеге дейін, «Лето» күнбағыс майы 435 теңгеден 390 теңгеге дейін түсті. Сонымен қатар қаладағы барлық базарлар мен ірі сауда желілерінде мыңнан астам азық-түлік тауарларына жеңілдіктер мен акциялар жалғасады.

Бұрын бірінші сұрыптағы ұнның 1 келісі 135-138 теңгеден сатылып келді. Біз «Жаңа Әлжан» ұн комбинатымен бірінші сұрыпты ұнның бағасын төмендету туралы келісімге келдік. Комбинат бірінші сұрыпты ұнды сауда желілеріне 110 теңгеден жеткізеді. Ал сауда желілері 5 пайыздық үстемемен 116  теңгеден сататын болады. Жалпы бағаны тұрақтандыру жұмысы тоқтамайды, —дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязов.

Самат НАРЕГЕЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button