Жаңалықтар

Тұрғындардың көңілінен шықты

Жәрмеңке

ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Табыс» коммуналдық базарында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жәрмеңкенің басты ерекшелігі, оған Ақтөбе қаласының 40-қа жуық шаруа қожалығы көкөніс, ет-сүт өнімдерін әкелді. Сонымен қатар, 41-разъездегі көтерме базардың ірі жеткізушілері тауарларын тиімді  бағамен ұсынды.

Желтоқсан — мерекелер айы. Қысқа қор жинап, мерекеде дастарқаны жайнап тұруы үшін кім-кім де базарға барары хақ. Ендеше, бағасы қалтаңа сай келетін, өнім сапасы сенімді жәрмеңке — іздегенге сұраған емес пе?

«Табыстағы» жәрмеңкеге арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин сауда қатарларын аралап,  жергілікті өнімдердің бағасымен танысты. Онда барлық заттар күнделікті құнынан төмен бағамен сатылды. Жәрмеңкеге облыс орталығындағы  тұтынушылармен қоса, қала іргесіндегі елді мекендерден тұрғындар да көбірек келді.

Қазіргі уақыттың ең өтімді тауары жылқы еті — 1500, сиыр еті — 1350 болса,  қой еті 1200 теңгеден аспады. Жергілікті картоп пен қызанақтың бағасы да көптің қалтасына жеңіл тиді.

Қала басшысы жәрмеңкені аралау кезінде: «Қандай жағдай болмасын мерекелерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуіміз керек» деді.

Жәрмеңкеге әкелінген 9 тоннаға жуық ет, 1,1 тонна сүт өнімдері, 2 тоннадай ұн өнімдері және 13,2 тонна көкөніс тұтынушыларға қолжетімді бағамен сатылды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязовтың айтуынша, облыстағы азық-түлік бағасының тұрақтылығы күн сайын бақылауда болады.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button