Басты жаңалықтарМәдениет

Димаш — елдер арасындағы «Алтын көпір»

29 қараша күні Санкт-Петербургтегі Мұз сарайында жерлесіміз Димаш Құдайберген жеке концертін өткізді. Ән кешіне 12 мыңнан аса көрермен қатысты. Әлемнің отыз елінен оның ішінде Канада, Қытай, Беларусь, Венгрия, Польша, Финляндия, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Чехия, Оңтүстік Корея секілді елдерден жанкүйерлері келді. Димаштың фанпарақшалары оның концерті туралы жарыса жариялады. Ол негізінен ана тілінде шырқады.  Көпшілікке танымал «Дайдидау», «Ұмытылмас күн», «Любовь уставших лебедей» әндерін тыңдармандар ерекше ықыласпен қабылдады. Димаш концертінде  бұған дейін «Любовь уставших лебедей» әнін бірге айтқан индонезиялық фанаты Римармен бірге шығып, «Ұмытылмас күн» әнін шырқады. Бұл туралы ол өзінің инстаграм парақшасында Римармен бірге түскен суретін жариялап, былай деп жазды: «Индонезиялық Римар қарындасым бүгінгі өтетін концертіме арнайы ұшып келді. Талантты қарындасымызбен дайындық жасадық. Бұйырса, бүгін барлық тыңдарманым Римардың талантына тәнті болады деп ойлаймын. Бүгін оның үлкен стадионда алғаш өнер көрсетуі, сол себепті қолдауларыңызды күтемін».

Әлемнің әр түкпірінен жиналған фанаттары концерт алдында бас қосып, пікірлерін білдірген.
«Біз Димашты тұлға ретінде құрметтейміз. Қазіргі өмір ағынын асығыстық пен ресмилік басып кетті. Ал мен тазалықты, шынайылықты жақсы көремін. Бұл қасиеттерді Димаштың бойынан айқын көреміз. Нағыз өнердің адамдарға жақсы да асыл қасиеттерді сіңіретін тәрбиелік мәні болуы керек. Біз, якуттар қазақ бауырларымызға өте ұқсаспыз. Біз де түркінің ұрпағымыз. Әсіресе, мәдениетіміз бен дәстүрлерімізде байланыстар көп. Сондықтан біз Димаштың шығармашылығын ғана емес, өзін де жақсы көреміз. Оның тәрбиесі, жан-жақтылығы, дүниетанымы қызықтырады. Біз оның халқы туралы, елі туралы қалай сөйлейтініне, жанкүйерін қалай құрметтейтініне ризамыз. Димаш —  еліктеуге, табынуға, әніне сүйсінуге тұратын жан. Ол ұлттар достығын нығайтты. Ол елдер арасындағы алтын көпір іспетті. Оның арқасында біз әртүрлі елдерден достар таптық. Біздің фан-клубымызда әртүрлі жастағы адамдар жиналған, ал Димаштың арқасында біз әртүрлі елдерге саяхат жасаймыз. Біз оның барлық концерттеріне қатысамыз, мүлт жібермеуге тырысамыз. Сол үшін де бүгін біз Санкт-Петербургтегі концертке ұшып келдік. Осындай сапарларда біз әрқашан мәдениетті қастерлеуге, басқа ел өкілдеріне салт-дәстүрлерімізді таныстыруға тырысамыз. Біз концерттер мен фанаттар кездесулеріне әрдайым ұлттық киімдерімізбен немесе зергерлік бұйымдарымызбен келеміз. Біздің фан-клубтың негізін қалаушы Елена Шишигина якуттың ұлттық аспабы – хомуста ойнайды. Осылайша, біз Димаштың шынайы жанкүйерлері ретінде, сондай-ақ ол біздің мәдениетті әлемге тарататындығын көрсеткіміз келеді» — деді якут фан-клубының өкілі Елена. Бұл  dimashnews.com сайтында жазылған.

Қазір Димаштың концертінің керемет өткені туралы фанаттары әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button