Жаңалықтар

Азаматтық қоғамды дамытудың «бір терезе» қағидаты

«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», — деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстан халқына Жолдауында. Биыл жазда жүзеге асырыла бастаған «Ақтөбе облысында «бір терезе» қағидасы бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» жобасы желтоқсан айында мәресіне жетпек. Азаматтық орталықты ұйымдастыру мен дамытуды көздейтін жоба аясында Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау Азаматтық орталығында апта сайын түрлі тақырыптар бойынша қабылдаулар, кездесулер өткізіліп келеді.

—  Жобаға үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің барлығы еш шектеусіз қатысады. Азаматтық Орталық өңірдің үкіметтік емес ұйымдары үшін өте қажет, олар грант аясында тренингтерге қатысып, әртүрлі консалтингтік қолдау алады. Оқытудан өткен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері алдағы уақытта аудандардағы басқа ұйымдардың өкілдеріне семинарлар өткізуіне болады. Жобаға қатысушылардың кейбір мәселелер бойынша сарапшы болуына мүмкіндігі бар және үкіметтік емес ұйымдар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс істей алады, — дейдіАқтөбе облысы ҮЕҰ қауымдастығының президентіАйгүл Дүйсенова.

Азаматтық орталықта өткен қабылдауларда қоғамның түрлі салаларына қатысты күрделі мәселелер талқыланып, оның шешімі ізделеді. Мәселен, коммерциялық емес ұйымдарды дамыту, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға қолдау көрсету, көмекке мұқтаж, науқас балалардың заңды мүдделерін қорғау сынды түрлі мәселелер талқыланады.

—  Мұндай қабылдаулар үкіметтік емес ұйымдардың ғана емес, қарапайым қала тұрғындарының көкейінде жүрген түрлі мәселелерге қатысты кеңес алуына, кәсіби жауап естуіне мүмкіндік береді. Біздің қабылдауларға келушілер өте көп. Осы жоба аясында үкіметтік емес ұйымдар базасына деректер жинақталып, шағын жинақтар шығару жоспарымызда бар, — дейді Айгүл Дүйсенова.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button