Басты жаңалықтарЖастар

Жастар жылы жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Бүгінде Ақтөбе облысында 202 685 жас болса, олардың бастамаларын қолдап, жастар арасындағы ахуалдың мониторингін және оны талдауды жүзеге асыру бағытында бес жылдан бері қызмет етіп келе жатқан арнайы орталық бар. Ол — облыстық жастар ресурстық орталығы.

Өңір жастарының бастамаларын қолдап, оларға кез келген бағытта ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетіп жүрген орталықтың Жастар жылында атқарған жұмыстарымен танысып, Еріктілер жылында алға қойған мақсаттарын сұрап білген едік. Біз қойған сауалдарға облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева жауап берді. Сонымен…

Гүлнар Қабиеваның айтуынша, облыста 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. Облыстық, қалалық, аудандық жастар ресурстық орталығының жалпы штаттық саны — 107 адам. Сонымен қатар қоғамдық негізде жастар саясатын қалыптастыру мақсатында ауданда, ауылдық округтерде жұмыс жасайтын 137 нұсқаушы бар.

Жыл басынан бері орталыққа 3 мыңға жуық жас түрлі сұрақтарымен жүгінген. Жастардың негізгі проблемалары бүгінгі таңда қоғамның басты проблемасына айналған —  жұмыссыздық пен баспана мәселесі.

— Биылдан бастап біздің орталық үлгілік ереже бойынша жұмыс жасайды.  Орталықтың негізгі міндеті — жастар ресурстық орталықтары жастарға арналған мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуына ақпараттық қолдауды қамтамасыз етіп, оларға құқықтық, консалтингтік, әдістемелік көмектер көрсетеді. Сонымен қатар жастар арасында жұмысқа орналасуға ықпал ету, кәсіптік бағдар беру, волонтерлік қозғалысты және кәсіпкерлікті өрістету бойынша жұмыстар жүргізеді. Мәселен, тек биылдың өзінде 3 мыңға жуық жас түрлі сұрақ-мәселелерімен облыстық, аудандық орталықтарға жүгінді. Жастардың дені жұмыссыздық пен баспана мәселесін алға тартып келеді. Сондай-ақ психологиялық тұрғыда көмек сұрап келетін жастар да бар, — дейді Гүлнар Қабиева.

Жастар ресурстық орталықтарына жұмыс сұрап келген 120 жас орталықтың ықпалдасуымен тұрақты жұмысқа орналасса, 75 жас жастар тәжірибесі аясында, 65 жас қоғамдық ақылы жұмысқа тұрған. Бұдан өзге 48 қыз-жігіт әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 1040 жас «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы екі қолға бір күрек тауыпты. Сонымен қатар өз кәсібін ашқысы келетін жастарға да нақты көмек көрсетілген. Тек орталықтың ықпалы арқылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында — 206, «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы 148 жас оқыту курсынан өтті. 133 NEET қатарындағы жасқа қолдау көрсетілді.

Гүлнар Қабиеваның айтуынша, Жастар жылында орталықтың ұйытқы болуымен бірнеше жаңа тың жобалар жүзеге асырылыпты.

Биылғы жылдың ең үлкен екі жобасы деп «JasA!» мен «Qorgau» жобасын айта аламыз. «JasA!» — елімізде алғаш рет жастардың өздері өмір сүретін елді мекендерінде жүзеге асыра алатын креативтік жобаларына қолдау көрсетілген игі істердің бірі. Басқа жобалардан ерекшелігі — жоба емес, идеясы бар жастардың басын қосу. Бұл жерде жастар команда бойынша менторлармен бірігіп жұмыс жасайды. Яғни олар өздері тұрып жатқан ауыл-аймақтарының дамуына үлес қосулары тиіс. Мәселен, ауылда футбол алаңы немесе балалар ойын ойнайтын алаң жоқ болса, жобадан түскен қаражатқа соны жасаулары тиіс. Бұл жоба бойынша ақтөбелік 14 жоба жеңімпаз атанып, әр команда 400 мың теңге көлемінде қаражатқа ие болды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 5 ментор аталған жобалардың іс жүзінде жүзеге асуын қадағалап отырмыз, — дейді орталық басшысы.

Ал республика бойынша тамыз айында бастау алған «Qorgau» жобасының мақсаты — тұрмысы төмен, қиын жағдайға тап болған жандарға заңдық тұрғыда көмек көрсету.

— Бұл жобаның негізгі міндеті жастар ресурстық орталықтары жанынан заңгерлік кеңес беру бөлімдерін ашып, еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерінің 3-4 курстарында оқып жүрген студент-еріктілерді тарту.

Заңгерлік кеңес беру бөлімдеріндегі жұмыс істеу  студенттер үшін практикалық тәжірибе әрі өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға осы бағыттағы көмектер көрсете алатын «әлеуметтік» заңгерлердің қауымдастығын құру болып саналады. Жобаны іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап облыс бойынша «Адвокаттар коллегиясы» құрамында бар 14 заңгермен меморандумға қол қойылып, бүгінгі таңда нақты жұмыстар атқарылуда. Онда барлық азаматтар құқықтарын қорғау бойынша тегін құқықтық қолдау ала алады.

Жоба аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған 19 азаматтың ісі тегін қорғалып, 1181 өзекті бағыттар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында заңгерлік көмек көрсетілді, — дейді Г.Қабиева.

Гүлнар Қабиеваның айтуынша, әрбір жасты қолдауға, қоғамдық ортаға бейімдеуге, олардың тың бастамаларын іске асыруға қолдау білдіретін орталықтың алға қойған жоспарлары жетерлік.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы берген мәліметке сәйкес Жастар жылында  облыстағы 16 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. «Бизнес Бастау» жобасы аясында 195 жас өз істерін ашу үшін шағын несие алуға мүмкіндік алыпты. Сондай-ақ, 500-ге тарта жас жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз негізде гранттарға ие болған. Ал 5000-ға  жуық  жас  «Жасыл ел» жасақтары қатарында  жұмыс жасады. Биыл Стартап жобаларына 40 миллион теңге қаржы бөлініп, 8 мыңнан астам жас  кәсіпкерлік саласындағы түрлі шаралармен қамтылды. Олардың 300-ден астамы шағын несие, грант алып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Айта кету керек, бүгінгі күні елімізде 16-29 жас аралығындағы 4,5 миллион жас болса, облыста 202 мыңнан астам жас бар. Оның 113 мыңы — облыс орталығында, ал қалғаны аудан, ауылдарда тұрады.

Жылдың ең үздік жастары — Мұғалжарда

Аудан, ауыл жастарының беделін көрсету мақсатында жыл сайын ресурстық орталықтар арасында «Ең үздік ресурстық орталығы» анықталады. Үздіктерді анықтау орталықтардың жыл бойы атқарылған жұмыстарының нәтижесін саралау арқылы жүргізіледі. Биылғы жылдың үздігі деп Мұғалжар ауданы танылған. Үздіктерге арнайы диплом мен 100 мың теңгелік сертификатты облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық «Jas barys» жастар форумының қорытынды шарасында табыстады.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ләззат Бердібаеваның айтуынша, Мұғалжар ауданында 11 мыңнан астам жас бар. Аудан орталығында 8 мыңнан астам жас болса, 3 мыңнан астам жас ауылдық елді мекендерде тұрады.

Жастар жылында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 149 шара өткізіліп, 10 мыңнан астам жас қамтылған.

— Аудандық жастар ресурстық орталығына биыл 300-ге жуық жас түрлі мәселелері бойынша жүгінді. Олардың дені жұмыс сұрап келгендер. Сонымен қатар өз кәсібін бастағысы келетін жастар да баршылық. Осы мәселелерді ескеріп,

жүргізілген жұмыстар нәтижесіне сәйкес аудан бойынша 685 жұмыссыз жас бар екені анықталды. Бүгінгі күнге дейін олардың 221-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» бойынша 185 жас грант иеленіп, жұмыссыз жас статусынан жас кәсіпкер статусына өтті, — дейді Ләззат Бердібаева.

Бұдан өзге биыл ауданда орталықтың ықпалымен Қандыағаш қаласының №1 жалпы білім беретін орта мектебінің жас мамандар бастамасымен «Жастар театры», әскери патриоттық тәрбие беретін «Жас сарбаз» сыныбы құрылды. Ресурстық орталық жанынан еріктілер тобы құрылып,  аудан жастары үшін «Engwarts» ағылшын тілін үйрететін ағылшын клубы өз жұмысын бастады.

— Сонымен қатар Жастар жылы аясында аудандағы 7 кәсіпкермен меморандумға отырдық. Құжат аясында аудан орталығындағы «Раушан» кафесі  мен «Ваниль» кулинариясы мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасы және жетім жастарға ыстық тамақ ұйымдастырса, «Аяла» стоматологиясы ауданның 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға 40 пайыздық жеңілдікпен қызмет көрсетуде. Ал «Бану Еламан» әсемдік салоны 18 бен 29 жас аралығындағы қыз-келіншектерге 40 пайыздық жеңілдікпен қызмет көрсетті. Сонымен қатар аудан жастарының «Денсаулық» медициналық орталығына 50 пайыздық жеңілдікпен қаралуына мүмкіндік бар. Ал жас отбасылар балаларын «Арабэкс» би студиясына 20 пайыздық жеңілдікпен жаздыра алады. Аудандағы «Достық» моншасында  аудан жастары үшін 30 пайыздық жеңілдік қарастырылса, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасы және жетім жастарға тегін. Бұл биылғы Жастар жылы аясында аудандық ресурстық орталығының ықпалымен атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Нақты жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, — деді аудандық ресурстық орталық басшысы.

Еріктілер жылына дайынбыз ба?

5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні. Ал 2020 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылы деп жариялады. Осыған орай Ақтөбеде 6 желтоқсан күні облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық жастар саясаты мәселелерінің басқармасы және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен халықаралық еріктілер форумы өткелі жатыр.

Форум барысында жасаған жақсылықтары үшін өтемақы мен материалдық қажеттілікті талап етпейтін, адамға көмектесуді өздеріне парыз деп санайтын 100-ге жуық ерікті жастың басын қосу жоспарланған.

— Форум жұмысына Ресейдің Орынбор қаласынан, сондай-ақ еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларынан және облыс аудандарынан ерікті жастар шақырылмақ. Түске дейін өтетін шараның пленарлық отырысына еріктілермен қатар өзін еріктілер қатарынан көргісі келетін жастар қатысса дейміз. Ал түстен кейін бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен республикаға танымал Айсұлу Ерниязова, Вера Ким секілді ерікті жастарды шақырып, арнайы шеберлік сағаттарын өткізу жоспары тұр, — деген Гүлнар Қабиева облыстың Еріктілер жылында алға қойған басты мақсаттарын атап өтті.

— Еріктілер жылына арналған жұмыстарды бастап кеттік. Бұрын облыстағы ерікті жастардың тек санын шамалап қана білетін едік. Енді соларды нақтылап, арнайы база құрып, тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні облыс бойынша 1200-ге жуық ерікті жас бар екен екен. Сонымен қатар келесі жылы облыста еріктілерді оқытып, даярлайтын «Еріктілер мектебін» құру жоспары тұр. Бұл жерде ерікті деген кім және олар немен айналысуы керек деген сауалдарға жауап берілетін болады, — дейді облыстық ресурстық орталықтың басшысы.

Қазіргі таңда өңірде жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім алушыларынан және жұмысшы жастардан құрылған құрамында 1000-нан астам жас бар 20 еріктілер тобы қызмет етеді. Олардың 8-і облыс орталығында болса, 12-сі — аудандарда.

«Ақтөбе — қайырымды жандар», «Нұр-Шапағат», «Д.А.Р.» және «Жүректен жүрекке»  еріктілер тобы жүйелі түрде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, жалғызбасты қарттар, мұқтаж жандар мен жетімдер, қарттар, аналар үйлеріне материалдық, рухани, қоғамдық көмектер көрсетіп отырса, «Мейірім» волонтерлар тобы мен «Қызыл жарты ай» қоғамының волонтерлары «Репродуктивті денсаулық», «Алғашқы медициналық көмек» бағытында қызмет атқарады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button