Жаңалықтар

Тігіншілікті оқытатын орталық бар

Бастау

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық стансасында болашақ тігіншілерді даярлайтын орталық ашылды.

Бұл істі қолға алған жергілікті кәсіпкер Ләйла Актурина екі топ бойынша түрлі киімдер тігуді үйретеді. Оған арнайы 8 тігін машинасын дайындап қойды. Бес баланың анасы Ләйла осы уақытқа дейін мектепте технология пәнінің мұғалімі болып жасаған. Алайда кәсіпкерлікке бет бұрған ол  ұстаздықты тігіншілікке алмастырып тәуекелге барды. Өйткені сағаты аз пәннің жалақысы көпбалалы отбасына мардымсыз болған. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша арнайы курстан өткен ол 1 миллион 360 мың теңгенің грантын ұтып алған.

— Үкіметтің бұл бағдарламасына ризамын. Тегін оқытты, кеңес берді, жол сілтеді, істі жүргізуге қаражат та бөлді. Тігіншілік қай кезде де сұранысқа ие мамандық. Мектеп жасындағы қыздарды да оқытамыз. Тігін ісін үйренем деушілердің алды оқуға жазылып жатыр. Күніне көйлектің түріне қарай тапсырыс қабылдаймыз. Қасымда көмекшім бар. Тағы бір қызды үйретіп жүрмін. Алдағы күндері қыздардың икеміне қарай таңдап жұмысшылар санын көбейтсем деген ойым бар. Көйлектің құны 4 мың теңгеден басталады. Менің осы кәсібіме жергілікті әкімшілік қолдау көрсетті, — дейді Л.Әнуарбекқызы.

Тігін цехы көбіне той көйлектері мен  мектеп формасындағы киімдерді тігеді. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы киімдерге де тапсырыстар қабылдайды.

Жаңа тігін цехының ашылу салтанатына аудан тұрғындары жиналды, үлкендер кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, бата берді.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button