Жаңалықтар

«Асыл мирас» орталығы көмектеседі

Дөңгелек үстел

Ақтөбеде «Аяла» балалардың оңалту орталығында «Аутистік спектрдің ауытқулары (АСА) бар балаларға дәрігерлік-әлеуметтік және психологиялық-педагогтік көмектің сапасын жақсарту» тақырыбына дөңгелек үстел өтті.

Аталған шара Болат Өтемұратов қорының Ақтөбедегі «Асыл Мирас» аутизм орталығының бастамасы бойынша ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге қатысқан білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының және облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік комиссиясының қызметкерлері, Ақтөбе қаласының сал азаматтарын қолдау қоры, «АРДА», «РАСтемка» қоғамдық ұйымдарының өкілдері тақырып аясында әңгіме өрбітіп, балаларға білім беру, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетудің өзекті мәселелерін талқылады.

«Асыл Мирас» аутизм орталығының жетекшісі Альмира Калимова қатысушыларға орталықтың Ақтөбе облысының аудандарында қыркүйектің соңында және қазанның басында өткізген скрининг нәтижелерін таныстырды. Мұнда М-СHAT әдістемесі бойынша скринингтен өткен 190 баладан 31 балада АСА-ның орташа қаупі, ал 24 балада жоғары қаупі бары анықталған.

  • Облыстың бірқатар аудандарында халық та, тіпті медицина қызметкерлері де АСА туралы хабарсыз. Біз психологтармен және неврологтармен түсіндіру жұмыстарын өткіздік, аутизм, диагностикалау және балаларға қажетті дағдыларды дамыту әдістемелері туралы әңгімеледік, өзара әрекеттесу туралы келістік, атап айтқанда, біздің орталық облыста мұндай балаларды қабылдауға және оларды біздің оңалту бағдарламаларымызға өтеусіз негізде қосуға дайын, — деді Альмира Калимова.

«Асыл Мирас» аутизм орталықтары Болат Өтемұратов қорының «Аутизм. Баршаға ортақ әлем» бағдарламасының шеңберінде Қазақстанның сегіз қаласында — Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Орал, Өскемен, Петропавл, Қызылордада ашылды. 2015 жылдан бері аталған қалалардағы «Асыл Мирас» орталықтарында 8 мыңнан астам бала оңалту шараларына қатысты. Қазіргі кезде 7,2 мыңға жуық бала тек диагностикаға жазылған, бағдарламаларға 3,7 мың бала қатысып жүр.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button