Басты жаңалықтарМереке

Ел қалауы — Елбасы

Кеше Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Ел қалауы — Елбасы» тақырыбында салтанатты шара өтті. Шараға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестің, саяси партиялардың мүшелері,  сондай-ақ құқық қорғау органдары мен қоғамдық бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Шараны өткізудегі мақсат — ата-баба тарихын, мәдениетін зерделеген, ұлт болашағы туралы  терең шешімдер қабылдаған Елбасы еңбегін таразылап,  жастарды Отанға деген  шексіз сүйіспеншілікке, тарихты терең танып-білуге баулу.

Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың «Егемендігім — елдігім» тақырыбында композициялық-музыкалық би қойылымымен басталды. Содан соң көпшілік назарына «Мәңгілік ел салтанаты» атты бейнеролик ұсынылды. Көрермендер ЛЭД-экраннан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы көріністі, оның ел басқару, мемлекетті дамыту ісіндегі сындарлы саясаты туралы мазмұнды да мағыналы бейнежазбаны тамашалады. Мерекелік іс-шара бұдан әрі «Мен жастарға сенемін» тақырыбында композициялық-музыкалық қойылыммен жалғасын тапты. Сахнаға  шыққан әртүрлі жас маман иелері бейбіт еліміздің болашағына нық сеніммен қарайтындықтарын айтып, әрқайсысы өз салаларының қазіргі даму қарқынына тоқталды, мұны Елбасы саясатымен байланыстырды.

Шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды, жалпы ақтөбеліктерді

1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

Бұл — жалпыхалықтық мейрам, еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  Қазақстанның игілігі үшін, абырой-беделінің артуы үшін атқарып жатқан еңбегінің, әлем қауымдастығының алдындағы зор абыройының заңды нәтижесі. Бұл — халқымыздың Тұңғыш Президентіне, Ұлт көшбасшысына шынайы ризашылығын білдіріп, өзіміздің дербес «Қазақстандық жолымызға» көз жүгіртетін, ой қорытатын сәт. Сол бір кезеңде, қазақ елі өзінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан сайлап, Елбасымыз ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен еліміз, тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы жүгі ауыр аманатын арқалады. Осы кезеңнен бастап жаңа Қазақстанның тәуелсіз жолы қазақ шежіресінің алтын жолдары ретінде жылнамаға жазылуда, — деген Оңдасын Оразалин өз сөзінде тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ел басына туған экономикалық қиындықтарды да айтып өтті.  

Сол бір кезең ел тағдырының қыл үстінде тұрған сәті болған. Өйткені Кеңестер Одағы ыдырамай тұрып, соңғы жылдарында саяси реформалардың қателігінен, экономика әбден тұралап, инфляция деңгейі шарықтау шегіне жетіп, күн санап емес, сағат санап өскен кез еді. Күнделікті тұрмыста тұтынатын тауарларды былай қойғанда, қажетті азық-түліктің өзі қат болып, дүкен сөрелері бос қалған. Қазіргі ұрпақ «дефицит» деген сөзді мүлде естімейді де, көпшілігі оның мәні мен мағынасын да түсінбейді. Лайым, солай болғай. Біздің замандастарымыздың басынан кешкен қиындықтарды олар көрмей-ақ қойсын. Бір экономикалық жүйеден екінші жүйеге өту, бір қоғамдық фармациядан екіншісіне ауысу оңайға түскен жоқ. Нарықтық қатынасқа лайықталған қаржы институттары дамымағандықтан, қаржылық тапшылықты да көрдік. Соның ең қиыны, жылдар бойы қалыптасқан экономикалық жүйе бұзылып, зейнеткерлерге айлап, жылдап зейнетақысын төлей алмай, мұғалімдер мен дәрігерлерге, құқық қорғау саласындағы, басқа да бюджеттен қаржыландыратын мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне айлық бере алмай қалған күндерді де бастан кештік. Тәуелсіздік алғанымызбен, соған лайық өзіндік атрибуттарымыз, Конституциямыз, Елтаңбамыз, Туымыз, ұлттық валютамыз, нақтыланған шекарамыз да жоқ еді. Бірте-бірте халқымыздың өзі таңдаған Көшбасшыға деген шынайы сенімі мен сабырлылығының арқасында, міне, бүгін осындай даму дәрежесіне жетіп отырмыз, — деді облыс әкімі.

Жас ұрпаққа еліміздің тәуелсіздігін, бүгінгі жеткен жетістігін лайықты бағалап, қастерлеу керектігін айтқан облыс басшысы: «Ұлылар екі дәуір алмасқанда туады» дегендей, жауапты шешуші кезеңде тарих сахнасына жарқырап шыққан Елбасыдай басшысы бар қазақ халқының бағы бар. Ең алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған бауырлас Түркияның президенті Тұрғыт Өзал кезінде: «Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар Қазақ Елі бақытты» деген еді. Осыдан 28 жыл бұрын Қазақстанға күмәнмен қараған елдер бүгінде бізді тең санап, толыққанды мемлекет ретінде мойындауда», — деді.

Мерекеде облыс әкімі бір топ еңбек ардагеріне «Облысқа еңбегі сіңгені үшін» белгісін табыстады. Олардың қатарында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті ауылшаруашылық және экология кафедрасының аға оқытушысы Түрікпенбай Айжарықов, аталған университеттің президенті Бекежан Ахан, еңбек ардагерлері Есімқан Есенбаев, Аманғос Төлеуовтер бар.

Сонымен қатар аймақ басшысы салтанатты шара барысында облыс бойынша «Жомарт жүрек — 2019» республикалық байқауының жеңімпаздарына да құрмет көрсетті. Атап айтқанда, Түркістан облысының Арыс қаласында жарылыс кезінде зардап шеккендерге көмек қолын созып, Ақтөбе қаласында Жалаңтөс Баһадүр батырдың ескерткішін тұрғызуға мұрындық болған «Жантізер» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Ержанов «Жыл тұлғасы» номинациясымен марапатталса, «АқтөбеСтройЭксперт» ЖШС директоры Жасталап Жанбауов «Жыл меценаты» атанды. Ол биыл көпбалалы ана Г.Әлиеваға Ақтөбе қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлап, Әбілқайыр хан даңғылы бойында өртенген үйдің пәтерлерін қалпына келтіруге, сондай-ақ  Арыс қаласында жарылыс кезінде зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсеткен. Ал  кәсіпкер Әбдіғафур Бибітәлиев «Ел ұланы», «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құралай Байменова басқаратын мекеме «Жылдың үздік ұйымы» атанды. Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова негізін қалаған бұл ұйым облыста жиырма жылдан бері төсекке және арбаға таңылған адамдарға жүйелі түрде моральдық және материалдық көмек көрсетіп келеді. Оның ішінде науқас жандардың білім алуына, емделуіне қол ұшын беріп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жүздеген адамның баспаналы болуына жағдай жасапты. Аталған ұйым соңғы жылдары осындай мұқтаж жандарға 100 миллион теңгенің үстінде қолдау көрсеткен. Мерекеде облыс әкімі Ақтөбе медициналық орталығының бөлім басшысы Болат Медетбаевты «Ерен еріктілік» номинациясымен марапаттады. Өйткені марапат иесінің қолдауымен Ойыл ауданында шұғыл медициналық отаға мұқтаж 3-7 жас арасындағы отыздан астам балаға қажетті қиын ота жасалып, емдеу шаралары жүргізілген. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы — 3,7 миллион теңге. Сол сияқты «Дианар-Электромаш» ЖШС директоры Сергей Вишняк «Қамқор», «Дастан» компаниялар тобының басшысы Асхат Айтжанов «Туған елдің жанашыры» аталымдары бойынша марапатталды.

Бүгінде Елбасының даму моделі мен сара жолы сабақтастықпен жалғасын тауып, жалпыхалықтық міндеттер шешілуде. Халқымыздың «Бірлігі бар елдің босағасы берік» деген мағынасы терең даналықтың нәтижесін біз күнделікті көріп, ашық сезініп жүрміз. Өйткені бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқ. Ендігі біздің алдымызда тұрған ортақ мақсат — дамыған 30 елдің қатарына ену. Ол үшін бізде қажетті барлық алғышарттар бар. Бұл міндетті ақтөбеліктердің абыроймен атқаратындықтарына толық сеніммен айта аламын, — деп облыс әкімі сөзін қорытындылады.

Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button