Мереке

Жалпы республикалық ашық сабақ: «Қазіргі Қазақстан. Елбасы Көшбасшылығының сабақтастары»

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ  САБАҚ

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында өткен ашық сабаққа ардагер-ұстаз, мектептің бұрынғы басшысы Данағали Кенжебаев,  7 және 9-сынып оқушылары қатысты.

Мектеп кітапханашысы Жұлдыз Боранқұлова оқушыларды Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайтын Елбасының кітаптарымен таныстырып, «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. Сабақ барысында Елбасының өмір жолынан видеоролик көрсетілді. Бұдан кейін оқушылар Тұңғыш Президентіміздің көшбасшылық қырлары туралы өз ойларын ортаға салды.  Тәуелсіздіктің 7 жетістігі және Елбасының көшбасшылық қырлары турасында ой өрбіту үшін топтық тапсырмалар берілді. Оқушылар тәуелсіздіктің ең басты жеті жетістігінің қатарында өз ойын еркін жеткізе алатын ұрпақ қалыптасқанын, нарықтық экономикаға өтуімізді, шекарамыздың құжат бетінде белгіленуін айтса, екінші топ Елбасының бітімгерлік, саясаткерлік қырларын айтып, қоғамға, мемлекетке сіңірген еңбегі, экономика мен саясаттағы реформаларына талдау жасады. Өзге елдің президенттері мен саясаткерлерінің Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан пікірлері де айтылды.

Ашық сабақ соңында мектебіміздің бұрынғы басшысы, ардагер-ұстаз Данағали Кенжебайұлы сөз сөйлеп, Елбасының сарабдал саясаты, кемеңгер көшбасшылығына қатысты ғибратты әңгіме айтты.

Гүлзат ЖОЛАЕВА,

мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.  

 Елбасы сенімі

Тұңғыш Президент күніне орай қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы №62 мектепте өткен жалпы республикалық ашық сабаққа ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесінің облыстық филиалы төрағасы, облыстың құрметті азаматы Келдібай Еспағамбетов арнайы қатысты.

Үлкен экраннан еліміздің даму тарихы туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, тарих пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Тасқынова оқушыларға Елбасының өмір жолы туралы мәлімет берді.

Өз кезегінде сөз алған Келдібай Еспағамбетов өзінің Елбасымен жүздескен жарқын сәттерін еске алып, оқушыларға еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолындағы Ұлт Көшбасшысының рөлінің маңызын түсіндірді.

— Мен Елбасымен жыл сайын кездескен адаммын. Оның алдында бірнеше рет сөз сөйлеп, үш рет Нұрсұлтан Әбішұлы қатысқан Президент сайлауында оның Ақтөбе облысындағы сенімді өкілі болдым. Үш рет Елбасыны ұлықтау рәсіміне қатыстым.

Елбасының тек менің ғана өмірімде емес, жалпы Қазақстан халқы өмірінде алар орны өте жоғары. Ол сияқты тұлғалар халық үшін, мемлекет үшін қажет.

Бүгінгі таңда біз кемеңгер көшбасшының сындарлы саясатының арқасында дамыған 50 елдің қатарында жүріп жатырмыз. Ендігі мақсат — озат 30 елдің қатарына қосылу, — деген Келдібай Еспағамбетов мектеп ұжымын келе жатқан мерейлі мерекемен құттықтап, оқушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан соң қонақтарға мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды. Көпшілік алдында өткен жылы Елбасыға өз тілегін жеткізіп, еліміздің Тұңғыш Президентінен сыйлық алған Аңсар Жүсіп әннен шашу шашты.

— Елбасымен кездескен сәтті ешқашан ұмытпаймын. Ол менің өмірімнің ең жарқын сәттерінің бірі болып қалды. Ол кездесу маған үлкен күш-жігер сыйлап, менің көпке үлгілі, тәртіпті бала болуыма өз септігін тигізді. Біз Елбасы артқан сенімді ақтап, еліміздің мақтан тұтар азаматы болуы жолында ерінбей еңбек ететін боламыз, — деді Елбасынан ақ рояль алған «Burabay Summer Fest» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері Аңсар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

КӨШБАСШЫ ЖОЛЫ — ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектепте өткен ашық сабаққа философия ғылымдарының кандидаты, доцент Үмбетхан Сәрсембин және аталған мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихының әртүрлі кезеңінде қабылдаған шешімдері, өзге мемлекет президенттерінің Елбасы туралы пікірлері, Көшбасшыға тән басты қасиеттері сөз болды.

Жиынның ашылуында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рыскүл Оразаева сөз сөйлеп, Елбасының өмір жолын оқушыларға үлгі етті.

— Тәуелсіздік — ата-бабаларымыздың ұлы арманы. Сіздер, осы азаттық жылдарында өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар.

Біз қазір жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Ұлт ретінде дамудың бір тетігі — рухният. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейде ойлайтын тұлға деп айта аламыз. Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 100 томдық «Бабалар сөзі» кітабы жарыққа шықты. «Мәңгілік ел» идеясы, мемлекеттің тұтастығын біріктіретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді.

Бүгінде Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымы қатар жүреді. Тұңғыш Президентіміз мемлекетті 30 жылға жуық басқарып, бейбіт заман орнатты. Тәуелсіз Қазақстанды сындарлы жолдардан, сан түрлі белестерден құлатпай алып шықты. Тұңғыш Президент күні арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, оның ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады.
Ендігі сіздердің міндеттеріңіз — тәуелсіз елде сапалы білім алу, іздену. Еліміздің даму жолында үлес қосу —
деді Ү.Сәрсембин.

Шарада оқушыларға Елбасы туралы бейнебаян көрсетіліп, сауалдар қойылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

ТҰЛҒА. ТАҒДЫР. ТАРИХ 

Ақтөбедегі Мария Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның мәжіліс залында «Тұлға. Тағдыр. Тарих» атты ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Мереке қарсаңында өтіп жатқан ашық тәрбие сағатына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Үбайдолла Мәмбетов, білім саласының ардагері Шайзада Ахметова арнайы шақырылып, қатысып отырды.

Оқушылар ел Тәуелсіздігінің баянды болу жолында білімі мен жігерін аямаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен шығармашылыққа толы атқарған істері туралы әзірлеген презентацияларын таныстырып, осы тақырып аясында өлеңдер оқыды. Сабақ барысында оқушылар екі топқа бөлініп, «Бұл палата үштілділікті қолдайды» тақырыбындағы пікірталасты қыздырды.

Сабаққа қатысып отырған Үбайдолла Мәмбетов оқушыларға мемлекетіміздің қалыптасу жылдарындағы Елбасының экономикамызды қалай нығайтқандығы жөнінде баяндап берді. Ал Шайзада Ахметова 11-сынып оқушыларының қалаған оқуларына сүрінбей түсіп кетулеріне сәттілік тіледі. Екі қонақ та қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Қалауова мен тарих пәнінің мұғалімі Бақытгүл Темірованың жетекшілігімен өткен ашық сабақ өз деңгейінде өткендігін айтты.

Мария Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназия директоры Айжан Жамбылованың айтуынша, бұл күні осы білім ұясындағы біріншіден бастап он біріншіге дейінгі барлық сыныпта осындай ашық сабақ өткен.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button