Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы ардагерлері құрметтелді

Кеше Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин бірқатар ауыл шаруашылығы ардагерлерімен кездесіп, «Ауыл шаруашылығы үздігі» және «Құрметті ардагер» төсбелгілерін табыстады.

Марапатталғандар қатарында Владимир Литовченко, Аманғос Төлеуов, Мәлік Жекеев, Сұлтан Құрманалин, Сафиулла Зарманов, Ахат Мырзалин, Темірхан Бектаубаев, Тынсын Жұрмұхамбетова, Амангелді Майтеков, Сағынай Құсайынов, Темірхан Бектаубаев сияқты ардагерлер бар. Облыс ардагерлерін марапаттауға арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрлігі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ерсұлтан Нұрымбетов былай деді:

— Кеңес өкіметінің ыдырау кезеңі мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  ел ішіндегі ауыртпалық жүгін мойындарыңызбен көтерген сіздердің ақыл-кеңестеріңіз қазіргі күні де маңызды. Біздер министріміздің тапсырмасымен еліміздің  6 облысында Ардагерлер кеңесінің филиалын аштық.  Алдағы жылы 7-ші филиалымыз Ақтөбеде ашылмақшы.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша биыл атқарылған істер мен алдағы жобалар туралы айтқан  облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мәжілісті былай деп қорытындылады:

— Биылғы жылдың 10 айы ішінде Ақтөбе облысында 33 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Айта кетсек, соңғы үш жылда өңірдегі ірі қара саны 7,5 %-ға, қой 2%-ға, жылқы 8%-ға өскен. Өңірімізде алдағы жылға ірі  жобалар жоспарланды. «Ұлан» ЖШС құс етін өндіретін комбинат салады. «Рокос» компаниясы Халық Банкінен алған 24 миллиард траншқа  жылына 30 мың тонна құс етін  шығаратын фабрика құрылысын Алға ауданында бастап  жатыр. Сондай-ақ өңірде жылына 1,5 мың тонна  балық  өңдейтін зауыт салынбақшы. Инфрақұрылымдар құрылысы жақсы жолға қойылса, біздің Батыс өңірінде ауыл шаруашылығы  хабы  болуға мүмкіндігіміз жоғары. Тұңғыш Президент күні, Қазақстанның тәуелсіздігі Күні қарсаңында  облыс әкімінің тапсырмасымен өздеріңізбен жүздесе отырып, елдің ауызбіршілігі мен жастар тәрбиесі үшін  жасап  жатқан еңбектеріңізге рақмет айтамыз.

                                                                        Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button