Пікір

Жарқын сәт

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ, Ауған соғысының ардагері, «Ер-Бақыт» патриоттық клубының төрағасы: 

— Елбасымен бұдан екі жыл бұрын кездестім. Тұңғыш Президентіміз біздің облысқа сапары аясында Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде зиялы қауым, өнер адамдары, кәсіпкерлермен кездескен еді. Солардың арасында мен де болдым. Елбасын аталған ғимараттың кіреберісінде көргенімде көзімен көзім ұшырасып қалды. Соның өзінде үлкен әсерге бөлендім. Жүзінен нұр, жанарынан мейірім төгіліп тұрды. Қамқор әкедей сезілді (Менің әкем ертерек өмірден озған-ды). Үлкен бір толқыныста болдым…

Елбасы зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын кездесу өткізді. Кездесуден соң естелік суретке түстік. Топ болып жиылып тұрған адамдармен амандасты. Одан кейін Елбасының сол топ адамның ішінен көзімен мені іздегенін сезе қойдым. Алға қарай ұмтылдым, Елбасы да маған қарай аяңдады.

Марат, сен соғысқа қатысқансың-ау деймін, — деді Елбасы.

Мен қапелімде абдыраңқырап қалдым: «Бұл кісі атымды қайдан біледі?» деп. Сөйтсем, бейджикте  аты-жөнім жазылып тұр екен ғой. Оның үстіне кеудемде планка бар-тұғын. Сосын бойымды тезірек жиып алып:

Иә, аға, Ауған соғысына қатыстым. Бейбіт күннің қадірін оқ пен оттың ортасында жүрген, сұрапыл соғысты көрген адам түсінеді. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен елімізде сонша ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт, берекелі тірлік етіп жатыр. Бейбітшіліктен артық бақыт жоқ. Мұның бәрі — сіздің сарабдал саясатыңыздың жемісі. Сол үшін де сізге елдің атынан шексіз алғыс айтамын, — дедім.

Марат, дұрыс айтасың.  Жиырма жеті жылдан бері қарай жасап келе жатқан жұмысым, ең алдымен — қазақтың тыныштығы, қазақтың бірлігі. Қазақтың өзінің бірлігі болмаса, түк болмайды. Анау Сириядағы жағдайды білесіңдер.  Сондықтан бірлік керек.  Біз — көпұлтты елміз, оны да ұмытпауымыз керек, — деп арқамнан қақты.

Бұл жүздесу менің өмірімнің жарқын сәттерінің бірі ретінде есімде қалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button