Пікір

Мақтанышты мезеттер

Жеңіскүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА,  Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры:

— Елбасымен екі рет кездесудің сәті түсті. Мұны мақтанышпен айтамын. Елбасымен жүздесулерім — мен үшін үлкен абырой.

Ең бірінші рет 2009 жылы кездестім. Сол жылы Тұңғыш Президентіміз облысымызға іссапармен келген болатын. Жұмыс сапары аясында Қазақстан үшін ғана емес, Еуропа мен Азияның көптеген елдері үшін айрықша маңызға ие «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің біздің облыстағы бөлігінің салынуына байланысты өткен шараға қатысты. Салтанатты жиында Елбасының алдында сөз сөйлеу құрметі маған да бұйырған еді.

Ол кезде бұрынғы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде еңбек ететін едім. Онда  «Автокөлік жолын пайдалану және салу» мамандығы бойынша маман даярланады. Сондықтан да халықаралық көлік дәлізінің салынуы университет үшін де жоғары маңызға ие.

Қазақстан аумағы арқылы өтетін 3 мың шақырымға жуық автожолдың  630 шақырымы біздің облысқа тиесілі. Бұл жолдың игілігін қазір тек Ақтөбе ғана емес, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының да халқы көріп отыр. Күретамырға айналған бұл жол ел экономикасымен бірге мәдениеттің өркендеуіне септігін тигізуде. Әрине, мұның бәрі, Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі.

Елбасымен екінші рет бұдан тура екі жыл бұрын кездестім. 2017 жылы қараша айында Елордамызда Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен-ді. Осы үлкен жиында да сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болдым. Шарада біздің облыста мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, партиямыздың облыстық филиалының атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы баяндадым. Баяндаманы қағазға қарамай-ақ, жаттанды сөздерді де қоспай, еркін жасадым. Тұңғыш Президентіміз менің сөзімді зейін қоя тыңдады. Кейбір сөздеріме басын изеп, келіскендігін де білдірді.  Менің баяндамамнан кейін Елбасы жастар тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу керегін айтты. Содан кейін Елбасы «Рахмет. Сіздің баяндамаңыз көңіліме қонды», — деді. Мұны естігенде мен ерекше қуандым. Кеңейтілген отырыстың қорытындысында Елбасы дуалды білім берудің маңыздылығы туралы айта келіп, менің баяндамамды мысалға келтірді. Ол өз сөзінде өндіріс  пен оқуды тығыз байланыстырудың нәтижесінде Ақтөбедегі колледждің түлектерінің зауыттарда еңбек етіп жатқанын айтты. Мұны естігенде, төбем көкке жеткендей болды.

…Елбасы жүздесулерінен бері арада біршама уақыт өтсе де, сол бір сәулелі сәттерден алған әсерімнен әлі арылған жоқпын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button