Мереке

Дағдарысты дамытумен алмастырды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы — сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтаған халық», — деп атап көрсеткен еді. Ұлы дала халқының өз мемлекеттігін қайта қалпына келтіріп, өз тәуелсіздігін қайта жаңғыртуы аса бір ауыр дағдарыстар уақытына тап келгенін бүгінгі аға буын мен орта буын жақсы біледі.

Әлемдегі ең мықты екі елдің бірі саналған алып держава  — КСРО айналасы аз жылдың ішінде экономикасы құлдырап, ынтымақ-бірлігінен де айырылып, ыдырап тынды. Посткеңестік кеңістікте пайда болған мемлекеттердің қай-қайсысында да халықтың жағдайы мәз емес еді: барлық шаруашылық байланыстар үзілген, кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып жатыр, дүкен сөрелері бос тұр, тұрмысқа ең қажетті заттардың өзі тапшы, айнала — жаппай жұмыссыздық… «Есің барда, елің тап» дегендей, біреу өзінің тарихи Отанын, ал біреу тәуір тұрмыс іздеп, әрлі-берлі көшіп, жөңкілген жұрт… Қазақстанда да сол кезде жұмыссыздардың саны 2 миллионға жетті, жыл сайын жүз мыңдаған адам басқа елдерге ағылып, көшіп жатты. Кейбір шағын қалалар мен ауылдарда көптеген үйлер, тіпті тұтас көшелер қаңырап қалды, елді мекендерде электр жарығы тек кестемен ғана берілетін, ал базарлар мен көлік жолдарын күндіз-түні қылмыстық топтар торуылдап жүретін. Зейнетақы мен жалақы айлар бойы кешігіп барып, қолға тиетін еді. Елде ұлтаралық жағдайдың шиеленісіп кету де қаупі болды. Тіпті кейбір сарапшылар Қазақстанды бұрынғы кеңестік республикалардың ең осалы ретінде қарастырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев — міне,  осындай қиын жағдайда елді басқарып, сол қиындықтан алып шыққан басшы. Халқымыздың бүгіні ауыр, болашағы бұлыңғыр болып тұрған тұста, ол сол уақыт үшін өте батыл және ең қажет шешімдерді қабылдап қана қоймай, ертеңгі күнге де сеніммен қарап, алға елдің дамуына зор серпін беретін үлкен мақсаттар қойды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды біз Елбасының басшылығы мен қазақтың тас-түйін бірлігі арқылы ғана жеңіп шыға алдық.

Тарихқа шегініс жасар болсақ, Н.Ә.Назарбаев 1984 жылы Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Одан бері 35 жыл өтіпті. Оның соңғы отыз жылы — азат елді аяғынан нық тұрғызу жолындағы арпалысқа, жасампаз істерге толы уақыт болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті еңбектерін тану, сондай-ақ атап өту үшін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу туралы бастаманың көтерілуі орынды еді. Осыған орай 2011 жылғы желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. 2012 жылдың 1 желтоқсанынан бастап елімізде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні атап өтіліп келеді.

1991 жылы 1 желтоқсанда болған сайлау — мереке күнін таңдаудың тарихи шарты мен негізі. Осы күні өткен бүкілхалықтық сайлаудың нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-нің Президенті болып қайта сайланды. Сайлауда барлық сайлаушылардың 88,2 пайызы дауыс берген, олардың 98,7 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім білдірген. Сол күннен бастап шын мәнінде тәуелсіз мемлекет басшысының жемісті, конструктивті және прогрессивті қызметі басталды.

Сол жылы 16 желтоқсанда Ұлы дала елі тәуелсіз және егемен мемлекетке айналды. Осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан дербес ел болып, әлемге танылды. Қазір елімізде индустриялық-инновациялық саясат толыққанды жүргізіліп жатыр, бұл тәуелсіз мемлекеттің дамуына мықты импульс беретініне кәміл сенеміз.

XX ғасырдың басында Қазақстанның өз алдына дербес ел болып, демократиялық даму жолына түсуін ту етіп көтерген Алаш көсемдерінің идеялары ХХІ ғасырдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен шындыққа айналды, осы идеялардың негізінде бүгінде Қазақстан егеменді, бейбіт мемлекет ретінде танылып, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды.

Қазір Қазақстан әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 50 елдің қатарына кіреді. Тәуелсіздік жылдарында елдің жалпы ішкі өнім көрсеткіші 18 есе өсті. Халықтың табысы 9 есеге өсті, 20 жылдың ішінде елге 320 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан аймақта бірінші орынға ие болды.

Биылғы жылдың бастапқы он айында Қазақстан экономикасының өсім көрсеткіші 4,4 пайыз болды. Мұны жуырда өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Ал ресми болжамға сүйенсек, жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8 пайыз болмақ. Осылайша, Қазақстан экономикасы өсу жағынан Ресей елінен озып отыр. Ресейде тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі

1,2 пайызды құраған.

Елімізде өткен биылғы Президент сайлауы ерекше тарихи оқиға болды. «Төңірегіміз түгел дамып келеді. Қазақстанды жаңа белеске бастау үшін ел басшылығына озық ойлы жаңа буын келуі керек», — деді Елбасы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы саясатының сабақтастығы сақталатынын атап көрсетті.

12 маусымда өткен Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта баса мән берілетін он бағытты айқындап көрсетті:

— Халықтың табысын арттыру;

— Сыбайлас жемқорлықты жою;

— Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау;

— Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту;

— Тұрғын үй мәселесін шешу;

— Әділетті әлеуметтік саясат;

— Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары;

— «Рухани жанғыру» құндылықтары — біздің басты рухани бағдарымыз;

— Сыртқы саясат;

— Жастар — прогрестің қозғаушы күші.

Өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады», — деді.

Біз алдағы жылдарда Тәуелсіздік жетістіктері еселене түсетініне сенеміз.

 Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Ақтөбе қаласы.

ТАРИХТА ҚАЛАР ӨР ТҰЛҒА

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні елімізде мереке ретінде атап өтіледі. Бұл — халықтың Елбасына деген ықыласы мен ризашылығының белгісі.

Тәуелсіздіктің таңы атқанын айтып, сүйіншілеу оңай болғанымен, жаңа мемлекеттің қалыптасуы, ел тарихындағы жаңа дәуірге аяқ басу тіпті де оңай болмады. Оның үстіне бұл кезең әлемде тұтас бір жүйе күйреп, бір ғасырды бір ғасыр алмастырып жатқан аумалы-төкпелі уақытқа тап келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты біз осындай күрделі шақта ел тізгінін қолға алып, кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруға, қазақ елінің басқалармен терезесі тең мемлекет ретінде әлемге танылуына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі үшін құрметтейміз.

Қазақ халқы сол қиын жылдардың сынағынан сағы сынбай, бірлігі мен ынтымағына сызат түспей өтіп, жаңа заманға қарай нық қадаммен бет алды. Еліміздің шекарасы айқындалып, көрші елдермен келісімдер жасалды, сөйтіп, ата-бабадан аманат болып келе жатқан жеріміздің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Ел астанасының Сарыарқа төріне көшірілуі де мемлекеттілікті нығайту жолындағы аса маңызды қадам болды. Тәуелсіздік жылдарында қай салада да жаңа асулар бағындырылды.

Қарапайым халық дүрбелеңге толы мазасыз әлемде Елбасын елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі ретінде танып, сенім артты және ол сенім әрдайым ақталды. Биыл елімізде билік сабақтастығының ешбір шиеленіссіз, дүрбелеңсіз жүзеге асуы — осы сөзіміздің дәлелі. Биылғы 9 маусымда өткен Президент сайлауында халық Тәуелсіздікті нығайту жылдарындағы Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі, есімі әлемге белгілі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетті.

2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өтуді бүгіннен бастап ойластырып жатырмыз. Бұған үлкен жауапкершілікпен қараймыз, өйткені бұл  — елдіктің тойы. Тәуелсіздік ұғымын қастерлей білу бізге бүгініміз үшін де, ұрпағымыздың болашағы үшін де қажет. Әрине, сол Тәуелсіздіктің бастауында тұрған тұлға ретінде Елбасына деген құрметіміз де арта түспек.

                                                                                                          С.ТАСЫМБЕТОВ,

Ақтөбе қалалық №2 сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button