Әлеумет

Атаулы әлеуметтік көмек 10 579 отбасыға тағайындалды

Анық-қанық

Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу ережесі мен көпбалалы отбасылардың балаларына берілетін жәрдемақыларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде  қала әкімі Мавр Абдуллин мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов қала тұрғындарымен кездесіп,  бағдарламаның жаңа ережелерін түсіндірді.

Жаңа жылдан бастап төрт баласы бар отбасыға  ай сайын 42, 495 теңге төленсе, 5 балаға — 53 127 теңге, 6 балаға — 63 757 теңге, 7 және одан да көп балалары бар отбасыларға 74 388 теңге жәрдемақы тағайындалады.

Бұдан былай еңбекке жарамды отбасы мүшесі міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Қалалық әкімшілік пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыс тауып беруді мойнына алады. Егер жұмысқа жарамды отбасы мүшелері ұсынған жұмыстан бас тартатын болса, оған әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек әр отбасы мүшесіне отбасы табысы мен кедейшілік шегінің айырмашылығымен есептеледі. Ата-ананың бір мүшесі кіші баласы 3 жасқа толғанға дейін бала күтіміммен отыра алады. Шартсыз ақшалай көмек 3 айға, шартты ақшалай көмек 6 айға тағайындалатын болды.  Мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар отбасыларға табысына қарамастан төленеді. Атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы учаскелік комиссияның шешімімен анықталады. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жаңадан құжат жинақтаушы отбасылар халыққа қызмет көрсету орындарына барып, балаларының куәлігі бойынша тіркеледі.

Көмекке мұқтаж жанұяларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдем мұнымен шектелмейді. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет бар. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға бір реттік азық-түлік, гигиеналық заттар берілсе, 6-18  жас аралығындағы балаларға мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары, мектеп киімдері және жол жүру шығындары өтеледі. Сондай-ақ тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жобаларын атаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов атаулы әлеуметтік көмектің тоқтамайтынын, біршама өзгерістер еніп,  талаптары күшейетінін айтты.

Біздің басқарма  ата-аналармен жиі кездесіп тұрады. Әлеуметтік желі арқылы да ұдайы байланыста болып, сұрақтарына жауап береміз. Басты мәселе — тұрғындарды жұмыспен қамту. Ол үшін арнайы жұмыс жәрмеңкелерін ұйымдастырып, отбасына кіріс кіргізуге жағдай жасаймыз. 2020 жылға 2000 жұмыс орны бар деп жоспарлап отырмыз. Іске жарамды отбасы мүшелері жұмыстан бас тартпауы керек.  Бұған дейін кіріс көзін жасырып, әлеуметтік көмекті иеленгендер болды. Бірақ бұл жан-жақты тексеріліп қайтадан төлеуге тура келді. Үкіметтен көмек алу үшін меншігіңдегі жерің, үйің, малың және көлігің есепке алынады. Атаулы әлеуметтік көмекке сеніп, уақыттан, мүмкіндіктерден құр қалмау керек. Бұл адамды масылдыққа үйретеді. Біз бірте-бірте атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, одан аулақ болуға тиіспіз. Өйткені ол кіріс көзі емес, уақытша берілетін көмек қана. Ол үшін шағын кәсіп ашуға қаржылай қолдау көрсетіп, тегін оқыту жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Оқимын, үйренемін, кәсіп ашамын деген адамдарға шектеу жоқ, — деді басқарма басшысы.

Тұрғындардың сауалдары негізінен бір, екі, үш балаға дейінгі берілетін жәрдемақы туралы болды. Бұл бұрынғысынша қалады. Егер отбасындағы кіріс кедейлік шегінен асып кетпесе, әр балаға тиесілі ақшасы тоқтамайды.

Ата-аналардың талап-тілектерін тыңдаған қала басшысы мен басқарма басшысы жеке қабылдау өткізіп, аналардың тұрмыстық мәселелерімен танысты. Әр отбасы бойынша олардың жағдайлары мұқият тексеріліп, өтініштері қаралатын болады. Ақтөбе қаласы бойынша 10 579 отбасы атаулы әлеуметтік көмек  алады. 1 жылға шартты ақшалай көмекті 41 662 адам алса, шартсыз 6 айға 7 973 адам қамтылды. Ал жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 452 адам тартылған.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button