Пікір

Мақсат — халықтың әл-ауқатын арттыру

Аманкелді ЕСІРКЕПОВ,

Ақтөбе облыстық мәслихатындағы Nur Otan депутаттық фракциясының жетекшісі

Елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда  партияның рөлі айрықша. Бұл туралы Елбасының төрағалығымен Үкіметтің, Nur Оtаn партиясы мен оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері қатысқан кеңесте партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті. «Бүгінгі таңда партиямыздың алдында қоғамды жұмылдыру, партия атынан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына элитаны топтастыру міндеті тұр. Партия елдің жетекші саяси күші ретінде мемлекетіміздің дамуының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан Үкімет пен фракция жүйелі жұмыс жүргізіп, ел-жұрттың нақты мәселелерін бірлесе шешуі керек», —  деді партия төрағасы.

Осы ретте партияның сайлауалды бағдарламасының және Ұлт жоспарының орындалу нәтижелерін айтуға болады. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында соңғы үш жылда республикамызда  400-ден астам медициналық нысан, 390 жаңа мектеп  салынды. Сондай-ақ 3,5 жылда 430 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал 8 415 көпбалалы отбасы жыл соңына дейін баспанамен қамтамасыз етіледі.

Бұл жұмыстар облысымызда да қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, өңірде бүгінге дейін 40-тан астам мектеп салынды. Қазіргі уақытта 11 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін 5 мектеп іске қосылады. Олар апатты және үш ауысымды мектептерді жою мәселесін шешуге бағытталған. Оған қоса 7 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, жыл соңына дейін 4 кешен пайдаланылуға беріледі. 2016 жылдан бастап облыста 2,9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үй көлемі 1,5 есеге артты. Биылғы  жылы 3 аудан мен Ақтөбе қаласында 4 жобаны іске асыру есебінен халықты сумен қамтамасыз ету — 95%. Бұл —  республика бойынша жоғары көрсеткіш. Бір-екі жылдың ішінде 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Бұл бағытта биыл  3,6 млрд теңге бөлінді, ал келесі жылы екі есе көп бөлінбек.

Биыл облыс халқының 89,4%-ы газбен қамтамасыз етіледі. Бұл — республика бойынша жақсы көрсеткіш. Үкіметтің қолдауымен жақын арада газбен жабдықтауға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінбек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button