Басты бет » Денсаулық » Жедел жәрдем қалай қызмет көрсетеді?

Жедел жәрдем қалай қызмет көрсетеді?

Брифинг

Облыстық жедел жәрдем бекетінде қазіргі күні 36 бригада бар. Күн сайын 8 диспетчер қоңырау қабылдайды. Жылдың басында аудандардағы жедел жәрдем қызметі «Алғашқы көмек» ЖШС-ның еншісіне берілген. Соңғы екі жылда бұл салада реформа жүргізіліп жатыр. Жаңа жүйенің тиімділігі қандай?  Бұл туралы жедел жәрдем бекетінде өткен брифингте айтылды.

Бекеттің бас дәрігері Марат Жанқұловтың айтуынша, өткен жылдан бастап жедел жәрдем қызметіне өзгерістер енгізілген.  Аталған қызмет төрт санатқа бөлінген. Мәселен, бірінші санаттағы, яғни жағдайы аса ауыр науқасқа  жедел жәрдем көлігі 10 минут,  екінші, үшінші санаттағы науқастарға 15-30 минут ішінде  келеді. Ал төртінші санатқа созылмалы ауруы бар науқастар жатады. Олар медициналық көмекті бір сағат күтуі мүмкін.

Сондай-ақ күн сайын жалған ақпарат және шақыртудан бас тартатын отызға жуық жағдай тіркеледі екен. Күн сайын 800-ге жуық қоңырау түседі. Ересектер мен балаларға 18 дәрігер көмек көрсетеді. Мамандардың барлығы жыл сайын біліктілігін арттырып  отырады. Көлік жүргізушілері де арнайы курстан өтеді.

Жедел жәрдем бекетінің ғимараты  Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталған. Сонымен қатар «Call center» арқылы барлық қоңыраулар қабылданып, көліктерге жіберіліп отырады. Қарқынды терапия бригадасы электрокардиографамия, кардиомонитор,  дефибриллятор, жасанды тыныс алу аппараты секілді жаңа заманғы жабдықтармен жарақталған. Педиатрия бригадасы да заман талабына сай жұмыс істейді. Бас дәрігер заманауи аппараттар дәрігерлер жұмысының тиімділігін арттырғанын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.