Спорт

Сауапқа ұласқан спартакиада

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында облыстың 500-ден астам мемлекеттік қызметшісі спорттың 6 түрінен — шағын футбол, волейбол, суда жүзу, үстел теннисі, тоғызқұмалақ пен шахматтан сынға түсті.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы мұндай спартакиада дәстүрлі түрде өткізіледі.

Жалпыкомандалық есеп бойынша спартакиада жеңімпазы болып 87 ұпаймен Темір ауданы әкімдігінің құрама командасы танылды. Ал екінші орынды 79 ұпаймен Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің құрамасы иеленсе, үздік үштікті 71 ұпаймен Ақтөбе облысы әкімдігінің құрамасы қорытындылады. Осы орайда үздіктер қатарында үстел теннисінен Алматы ауданы әкімі аппаратының сектор меңгерушісі Қанат Мамаев, шахматтан Темір аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ерлан Оспағамбетов, суда жүзуден облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, тоғызқұмалақтан Байғанин ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Роза Қанидың барын айта кету керек.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен кубоктар табысталды. Сонымен қатар, үздік командалар мен ойыншыларға мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподақ ұйымы атынан ақшалай сыйлықтар берілді. Өз кезегінде додадан озып шыққан мемлекеттік қызметшілер қаржыларын бірауыздан қайырымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылдап, аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешек пен азық-түлік алуға жұмсады, осылайша, мерекелердің қарсаңында игі іс жасады.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің дерегіне сүйенсек,

бүгінгі таңда өңірдегі мемлекеттік қызметшілерінің 50 пайыздан астамы спортпен белсенді түрде айналысады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button