БілімБасты жаңалықтар

Білім тәрбиемен түйінделуі тиіс

Биыл жасөспірімдердің қатысуымен 87 қылмыс жасалған. Оның ішінде  қайта-қайта қылмыс жасаған кәмелетке толмаған 3 жасөспірімнің («Болашақ» колледжі, №3 орта мектеп, №44 орта мектеп) екеуі  Қызылорда облысындағы арнайы оқу орнына жіберілген.

9 айдың ішінде  9 қала мектебі бойынша 10 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Олар: № 2, №22 , №33, №40, №44 № 46, №56, №71 мектептер және Қарғалы қазақ орта мектебі.  Сондай-ақ №22,  №66 (Бауырластар ауылы), №69 (Жаңақоныс ауылы) мектептердің оқушылары арасында жүкті қыз балалар анықталған. Аталған мәселе бойынша қызметтік міндетін атқаруда кемшілік жібергені үшін №22 мектептің директорына қатаң сөгіс, №66 мектептің басшысына сөгіс, ал №69 мектеп директорына ескерту жарияланған.

Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалық етуімен өткен  құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.  

87 қылмысты жасөспірімдер жасаған

Шараға мектеп директорлары, прокурорлар, ювеналдық полиция инспекторлары, қоғамдық кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты.

Жиында алдымен сөз алған қала басшысы жасөспірімдер қылмысы көбейіп кеткенін тілге тиек етті.

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — бала тәрбиесі. Бұл бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, жастардың қылмыс жасауы көбейіп кетті. Бұл мәселені қоғам болып, бірлесіп шешуіміз керек, — деді Мавр Абдуллин.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олар: кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстарды алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс шаралар және  жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы.

Бірінші мәселе бойынша Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Оразалин мен қалалық  білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтің баяндамалары тыңдалды.

Ең қорқыныштысы сол, бүгінде жап-жас баланың қылмыс жасауы тым жиілеп кетті. Мұндай балалардың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі, қабілеті арта беретінін ескерсек, қоғам үшін сор сонда болмақ.  Жалпы қалалық полиция бөлімдеріне 2780 кәмелетке толмағандар жеткізілді.  87 жасөспірім (!) қылмыс жасады. Ал қылмыстың қандай түрлерін жасағанына нақты тоқталсақ, денсаулыққа қасақана ауыр және орта дәрежелі зиян келтіру (3), ұрлау (23), тонау (28), алаяқтық (6), бопсалау (1), бұзақылық (12), — деді Нұрлан Қаржаубайұлы.

Оның айтуынша,  қылмыс жасаған 87 жасөспірімнің 22-сі — мектеп оқушылары, 61-і — колледж оқушылары, қалғандары жоғары оқу орындарының студенттері. 

— Колледждердің арасында Ақтөбе автожол колледжінде құқықбұзушылық көп. 8 оқушы қылмыс жасаған. Көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің де жағдайы мәз емес. Мұндағы 6 оқушы жауапқа тартылды. Сондай-ақ, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі (5), Ақтөбе құрылысмонтаж колледжі (4), бизнес және сервис колледжі (3) және Сақтаған Бәйішев атындағы колледжі (3) оқушыларының арасында қылмыстық оқиғаға қатысы бар оқушылар  тіркеліп отыр. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы №3, №44 мектептердің әрқайсысында екі оқушыдан қылмыс жасаған. Олардың арасында қайта-қайта қылмыс жасағандары да бар, — деді Нұрлан Оразалин.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің 71 пайызы (62) —  жағдайы жақсы толық отбасында, 22 пайызы (20) — толық емес отбасында және 5,7 пайызы (5) есепте тұрған қолайсыз отбасында тәрбиеленген.

Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Алайда бұл заңнаманың талаптары бұзылғанын 10 айдың қорытындысынан аңғаруға болады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 442-бабына сай 1631 әкімшілік хаттама және мезгілсіз уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін  125 әкімшілік хаттама толтырылған.

Жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде көптеген заңбұзушылық анықталған. Бұл туралы Нұрлан Қаржаубайұлы былай деді:

Бала тәрбиелеудегi мiндеттерiн орындамағаны үшін 68 ата-ана, кәмелетке толмағандарға түнгi уақытта қызмет көрсетуге жол бергені үшін 77 ойын-сауық мекемесінің иелері және 18 жасқа толмағандарға темекi сатқаны үшін 41 кәсіпкер, 21 жасқа толмаған жастарға алкогольдік ішімдік сатқаны үшін 94 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда 182 материал қаралған.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушының айтуынша, бір инспектор 3 білім беру мекемесінде қызмет атқарады. Қазір облыс орталығында  кәмелетке толмағандар істері жөнінде 81 инспектор бар. Олар 58 білім беру мекемесіне бекітілген.

Қаламызда 114 жалпы  білім беру мекемесі бар. Оның 83-і — мектеп, 27-сі — колледж және 4-еуі — жоғары оқу орны.

Үш мектептің оқушысы жүкті…

Жиын барысында сөз сөйлеген қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстарды алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс шаралар туралы баяндады. Баяндамашының сөзінен ұққанымыз, қаладағы 29 мектепке турникеттер орнатылған, дегенмен, толық жұмыс жасап жатқан жоқ. Өйткені оқушылардың мектепке келіп, кеткені анықталғанымен, турникеттер үшін карточкалар жүйесі, карталар үшін үйдің бағыты әлі енгізілмеген.

9 айдың ішінде  9 қала мектебі бойынша 10 қылмыстық іс тіркелген. Оқушылары ең көп қылмыс жасаған мектептер анықталған. Олар: №2, №22 , №33, №40, №44 №46, №56, №71 мектептер және Қарғалы қазақ орта мектебі.

Биылғы жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша полицияның есебіне 29 оқушы, мектепішілік есепке 169 оқушы тіркелген.

№22,  №66 (Бауырластар ауылы), №69 (Жаңақоныс ауылы) мектептердің оқушылары арасында жүкті қыз балалар анықталды. Аталған мәселе бойынша қызметтік міндетін атқаруда кемшілік жібергені үшін №22 мектептің директорына қатаң сөгіс, №66 мектептің басшысына сөгіс, ал №69 мектеп директорына ескерту жарияланды, — деді Саян Сүлейменов.

Инспектор мектепке неге келмейді?

Шара барысында №60 мектептің директоры Абзал Амантайұлы  Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Оразалинге сауал қойды.

Жақында мектептегі дәретханада бір оқушының насыбай атып тұрғанын көріп, дереу біздің мектепке жауапты инспекторды шақырттым. Бұл мәселе 3,5 сағат бойы талқыланды. Дегенмен, содан бері қанша күн өтсе де, мектепке инспектор келген жоқ. Неге келмеді? Басқа уақытта келіп жүргені шамалы, тым болмаса, мектепке шақырған уақытта инспектор неге келмейді?  Бала директордың әрекетінен түк те шықпағанын көріп тұр. Оқушы әрекеті үшін тиісті шара қабылданбағанын арқаланып, келесіде тағы да мектептің ішкі тәртібін бұзбасына, бұзақылық істемесіне кім кепіл? — деді мектеп директоры.

Бұл сауалға жауапты мекеме өкілі нақты жауап берген жоқ.

Бірінші рет естіп отырмын. Мұндай дерек тіркелмепті. Бізде инспекторлар аз, — деп күмілжіді Н.Қаржаубайұлы.

Әңгімеге қала әкімі араласты.

Әр мектепке, әр колледжге бекітілген инспекторлар неге өздері міндетті білім беру мекемесін күн сайын бір рет аралап шықпайды? Инспектордың міндеті — кабинетте отыру емес. Мектеп директорларымен, орынбасарларымен кездесіп, мектептегі жағдайды білуі, оқушылармен жұмыс жасауы тиіс. Жұмысты күшейту керек, — деді Мавр Абдуллин.

Ол бұдан кейін мектеп директорын да сынға алды.

Бұрын мектептерде екі ғана мектеп директорының орынбасары болатын. Ал сіздің екі емес, 12 (!) орынбасарыңыз бар екен. Сонда сонша орынбасарыңызбен, 100-ге жуық педагогіңізбен жүргендегі оқушыларыңыздың жағдайы анау, — деді қала әкімі.

Жиын барысында Мавр Абдуллин Саян Сүлейменовтен жанжалдың салдарынан оқушысы қайтыс болған мектептің директорына, оның орынбасарына, психологке қандай шаралар қолданылғанын сұрады. Өз сөзінде қалалық білім бөлімінің басшысы мектеп директорына сөгіс берілгенін айтты.

Мәселенің мәні мынада: оқиғаға байланысты тек мектеп директоры ғана емес, оның орынбасарлары мен психологтары да жауап беруі тиіс. Олар да бала тәрбиесіне жауапты. Аудандарда осынша баламен 2-3 орынбасар жұмыс жасап жатыр. Қаладағы біраз мектепте мектеп директорының онға жуық, оннан астам  орынбасары бар. Ал жұмыс қорытындысы — мынау.

Бала тәрбиесіне байланысты жауапкершілік ата-ана мен мектепке тең деңгейде болуы тиіс. Тәуекел топтар қайда? Ата-ана мен мектептің арасында байланыс неге жоқ? — деді қала басшысы Мавр Абдуллин.

Бұдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе — жол-көлік қозғалысы бойынша Нұрлан Оразалин баяндама жасады. Оның айтуынша, қала аумағында 443 жол-көлік оқиғасы болды. Оның ішінде, өкінішке қарай, 21 адам қаза болып, 555 адам ауыр жарақат алған. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен 227 жол-көлік оқиғасы тіркелген (8-і қайтыс болды). Балалардың қатысуымен 88 жол-көлік оқиғасы болып, 97 бала тіркеліпті. Өкінішке қарай 3 бала көз жұмған.

Шарада Ақтөбе қаласындағы №73 мектептің директоры бес жылдан бері Қызылжар ауылында, ауыл маңында жол жүру белгілері орнатылмағанын айтты.

Жиынды қала әкімі Мавр Абдуллин түйіндеді.

Балаға тәрбиесіз берілген білім қоғамға кесірін тигізуі мүмкін. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Сол себепті, біздің мойнымыздан жауапкершілік түспейді. Ата-анамен жұмысты күшейтіңіздер. Бала тәрбиесі — бәрімізге, қоғамға ортақ мәселе. Сондықтан, бірлесіп, жұмылып істегенде ғана жұмыс нәтижелі болады, — деді қала басшысы.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button