Рухани жаңғыру

Жыр бесігі — Тәуелсіздік

Фестиваль

Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік — жыр әнім» атты республикалық шығармашылық фестивалі өтті. Шарада еліміздің 7 өңірінен, Ақтөбе қаласы және облыс аудандарынан келген 27 қатысушы бақ сынасты.

Басты мақсат — өскелең ұрпақтың туған жерге, қазақ халқының рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін арттыру, еліміздің рухани құндылығы — төл өнерімізге, оның ішінде шешендік, ақындық өнерге деген қабілеттерін шыңдау.

Фестиваль үш кезеңнен тұрды. Атап айтсақ,  «Таза, мінсіз асыл сөз» (шешендік өнер), «Көмейден жыр ағылсын» (жыршылар байқауы) және «Тәуелсіздік тартуы» (жас ақындар мүшәйрасы) кезеңдері.

Еркеназ Мырзахан — Шымкент қаласындағы Батырбек Өтеп атындағы өнер мектебінің оқушысы. Ақтөбеге алғаш рет келіп тұрған жас дарын «Таза, мінсіз асыл сөз» номинациясы бойынша жан-жақты дайындалғанын айтады.

— Бұл кезеңде өзімді таныстырып, мақал-мәтелдердің мән-мағынасын ашуға тырыстым. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған арнауымды ала келдім.

4-сыныпта  мәнерлеп өлең оқуға, өлең шығаруға қызығушылық туды. Бүгінде осы қабілетімді әрі қарай дамыту мақсатында арнайы білім алып, шеберлігімді шыңдау үстіндемін. Жетекшім Гауһар Молдаханованың еңбегінің арқасында көптеген байқауларға қатысып жүрмін. Бұған дейін Алматы қаласында өткен «Алтын мұра» байқауында мәнерлеп оқу сайысынан бас жүлдеге ие болдым. Бүгін де жүлделі орындардың біріне қол жеткіземін деген сенімдемін, — деді ол.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, дәстүрлі шара биыл төртінші рет жалғасын тауып отыр. Бұған дейін қалалық және облыстық көлемде өтсе, былтырдан бері республикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді.

— Қазақ тілі — бай  әрі көркем тіл. Халық ауыз әдебиетіндегі айтыстар мен эпостық жырлардың маңызы ерекше. Бүгінде жастар арасында тілге шешен, сөз өнеріне жақын дарындылардың өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарымызды, тарихымыз мен әдебиетімізді сіңіруіміз керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты да осы, — дейді Г.Төлебаева.

Байқау нәтижесінде «Таза, мінсіз асыл сөз» шешендік өнер номинациясы бойынша бас жүлдені Павлодар облысынан келген Шыңғыс Асығатұлы         иеленді. «Көмейден жыр ағылсын» номинациясы бойынша Нұр-Сұлтан          қаласынан Ерсұлтан Омар және «Тәуелсіздік тартуы» номинациясы бойынша Маңғыстау облысынан Мәдиасқар Қанжарұлы жеңімпаз атанды. Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button