Денсаулық

Антибиотиктер:  сақтықпен қолданыңыз!

Осындай тақырыппен апталық өткізілді. Мақсат — антибиотиктерді дұрыс пайдалануды жұртшылыққа кеңінен түсіндіру. Себебі қазір әлемде микробқа қарсы препараттарға төзімділік  мәселесі өзекті болып отыр. Антибиотиктерді ретсіз, дәрігердің рұқсатынсыз пайдалану оған деген тұрақтылықты қалыптастырады, яғни адам ағзасындағы микроорганизмдердің төзімділігі күшейеді. Бұның зияны — қауіпті жұқпалы ауруларды емдеу кезінде антибиотиктер инфекцияға қарсы тұра алмайды.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ұйымдастырған шарада мамандар осы мәселені кеңінен тарқатып айтып берді. Облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин, облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев,  облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары  Мұхтар Сербаев және өзге де мамандар жиында аталған мәселеге қатысты пікірлерін білдірді.

Биылғы жылдың маусым айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «AWAaRe»  әдістемесін іске қосты. Бұл әдістеме бойынша әрбір ел үкіметі микробқа қарсы препараттарға төзімділікті азайту мақсатында жұмыс жүргізеді. Жалпы аталған ұйым 2015 жылдан бастап антибиотиктерге тұрақтылық пен төзімділік  жөніндегі жаһандық іс-қимыл жоспарына сәйкес, түрлі шаралар өткізеді. Дәрігерлер антибиотиктерді ретсіз пайдалану адам денсаулығына зиян екенін ескертеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button