Мәдениет

Домбыра дүлдүлі

Зерде

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы, Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі Айса Шәріпов — Ойыл өңірінің перзенті. Ол батыс күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілі Қазанғап Тілепбергенұлының күйлерін насихаттаушы әрі Қазанғаптың шәкірті Жәлекеш Айпақовтан дәріс алған мықты күйшілердің бірі болған.

Сырға толы суреттер

Әлемге қазақ халқының музыкалық өнерін, халқымыздың бірегей музыкалық аспаптарын және дала әуені мен сұлулығын танытқан Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына биыл 85 жыл толды. «Халықтың осы оркестрге деген шексіз махаббаты, музыка әлемінде ойып орын алған бедел-абыройы — бұл күллі ұжымның тер төккен еңбегінің жемісі», — деген екен 1958 жылғы жазбасында оркестрдің негізін қалаушы Ахмет Жұбанов.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі өнертанушы Еркебұлан Мүсіреп өзінің «Әлемге әйгілі оркестр» деректі-суретті тарихи шежіресінде осы бір өнер ұжымына әр жылдары келген артистерінің тізімін жариялаған. Оркестрге 1941-1950 жылдары келген домбырашылардың қатарында жерлесіміз Айса Шәріповтің есімі сол тізімнің бас жағында тұр. Аталған ұжымның гастрольдік сапарларынан сыр шертетін суреттер де осы еңбекте көрініс тауыпты. Бір байқағанымыз, әр кез оркестрдің алдыңғы қатарында отырған Айса Шәріповтің бір емес, бірнеше фотосын осы кітаптан көруге болады.

Оркестрдің 80 жылдығына арналған гастрольдік сапар Ахмет Жұбанов туған өлке — Ақтөбеден бастау алғаны есімізде. Сонда өнер ұжымының директоры Нұрғиса Дәуешов: «Біз оркестріміздің негізін қалаушының туған жеріне келіп, Ахмет Жұбановты еске алуды парызымыз деп санадық. Бұл — тарихқа тағзым», — деген еді. Осы сапарында оркестр ұжымы Ақтөбе қаласынан бөлек, облыстың Мұғалжар, Мәртөк, Ойыл, Қобда жерлерінде де гастрольдік концертін берген болатын.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Айса Шәріпов заманында Қазанғап, Боғда, Тәттімбет, Сүгір сияқты басқа да күйшілердің орындаушылық ерекшеліктерін сақтай отырып, әрбір күйдің аймақтық ойнау мәнерін бұзбай орындаған домбырашы. Оның орындаған туындылары қазақ өнерінің ғана емес, бүкіл түркі әлемі музыкасының жетістігі деп айтуға болады.

Музейде экспозиция жасақталады

Кезінде оркестрдің бас домбырашысы болған Айса Шәріповтің өмір жолы туралы деректі бізге облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары ұсынды.

Мәліметтерде ол 1933 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Өзінің өнерге деген сүйіспеншілігін 3-4 жасында-ақ байқатқан. Қолына домбырасын алып, әкесінен, ауыл күйшілерінен көптеген күй үйренеді.

Анасы Қатима Нұрмашева 1933 жылы қайтыс болған. Әкесі Шәріп Нұрмашев 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Айса ағасы Нұрахан Нұрмашевтың тәрбиесінде болады. Оның өнер жолында шыңдалуына Нұрахан үлкен үлес қосқан. Айсаның одан әрі өнердегі орны Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Әли Құрманов есімімен байланысты. 1946 жылы әнші Әли Құрманов бастаған концерттік бригада Ойыл ауданында 3-4 күн концерт қойған. Осы сапарында әнші бала Айсаны байқап, өзімен бірге Алматыға алып кетеді. Айсаның одан кейінгі ғұмыры атақты өнер адамдарының есімімен тығыз байланысты. 1946 жылы ол Қазақ мемлекеттік филармониясының Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің артисі болып қабылданады. Оркестр құрамында жүріп көптеген дәулескер күйшілермен, күміс көмей жыршылармен кездесіп, олардан  тәлім алған. Солардың бірі — Қазанғап Тілепбергенұлының шәкірті Жәлекеш Айпақовтан Қазанғап күйлерін орындауды үйренеді.

1984 жылы Айса Шәріповке оркестрдің 50 жылдығына байланысты «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» атағы беріледі.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Алматы қаласында тұратын күйшінің інісі Батырхан Нұрмашев Айса Шәріповтің киімдерін зайыбы Айсұлу апамыздың аманаты бойынша әкеліп, музей қорына тапсырған еді. Әрине, сан ғасырғы  ұлттық құндылықтарымызды сақтап отырған музей Айса ағамыздың ұрпақтары берген аманаттарын ұлт игілігі үшін насихаттай бермек. Болашақта музей ісінде Айса Шәріповке арнайы  экспозиция жасақталатын болады. Қазір музейде Айса Шәріповтің сағаты мен домбырасының түпнұсқасы сақтаулы тұр. Бұл заттарды да күйшінің ұрпақтары әкелген болатын. Бүгінгі күні музейдің этнография залында Қазанғап Тілепбергенұлына арналған экспозиция жасақталды. Бұл жерде  күйшінің домбырасының көшірмесі бар. Болашақта осы жәдігерлердің қасынан Айса Шәріповке арнайы экспозиция жасақтау жоспарда бар. Яғни ол экспозиция Айса Шәріповтің Қазанғап күйін жалғастырушы әрі насихаттаушы екенін баяндаумен өрбитін болмақ, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология-этнография ғылыми зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Бекнар Есіркепов.

Ұрпақтары күйшінің жеке заттарын музей қорына табыстаған кезде Айса Шәріповке арналған танымдық шара да ұйымдастырылыпты.  «Күй дүлдүлі — Айса» атты іс-шара оның 80 жылдығына арналған.

Ойылға оркестр барғанда…

Бүгінде Айса Шәріповтің ұрпақтары атасының есімін мақтан тұтады. Күйшінің інісі Әділханның қызы Гүлайым Нұрмашева редакциямызға жазған хатында былай деген: «Мен Айса Шәріпұлының ұрпағы ретінде әңгімені сонау ата-бабамыздан бастағанды жөн көрдім. Үлкен атамыз Нұрмаштың екі ұлы болған. Үлкені — Шәріп, кішісі — Нұрахан. Шәріп атамыздан Айса, ал Нұраханның баласы — Әділхан. Мен сол Әділханның қызы боламын. Айса көкеміз 1933 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген. Әкесі Шәріп соғыстан қайтпады, ал анасы Қатима әжеміз Айса дүниеге келген соң өмірден озды. Анасы —  Ойылдың қызы. Ата-анасыз қалған Айсаны атамыз Нұрахан мен Дәс әжеміз өз қамқорлығына алады. Нұрахан атамыз өте шебер домбырашы болған, сол кезде Ойылдағы драма театрда өнер көрсеткен екен. Ол өз баласы Әділханды және  Айсаны домбыраға баулиды. Әкем Әділхан Нұрмашевтың айтуынша, шамамен 1978-1979 жылдары   Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Ойыл ауданына гастрольдік сапармен келіп, мәдениет үйінде өнер көрсеткен. Сол ұжымның құрамында көкеміз Айса Шәріпов те болған».

«Тоқсан жылдыққа тыңғылықты дайындаламыз»

Биыл қазан айында Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейіне Айса Шәріповтің ұрпақтары күйшінің орден-медальдарын және құжаттарын тапсырған.

Бүгінгі күні музейде Айса Шәріпұлына арналған жеке папка бар. Онда Айса ағамыз туралы өзіміздің  ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген материалдар топтастырылды. Сондай-ақ  қолымызда күйші жайында көптеген мәлімет бар. Жақында оның туған-туыстарымен кездесу ұйымдастырдық. Мақсатымыз — жерлесіміз туралы әлі де болса тың деректерді іздеп табу, оның есімін жаңғырту, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Қазіргі күні музей қызметкерлері болып Айса Шәріповтің алдағы тоқсан жылдық мерейтойына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алдық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде күйшінің ұрпақтары арқылы оның бірталай жеке заттары мен құжаттарына қол жеткіздік. Ағамыздың жеке куәлігінен бастап, әр жылдары алған орден-медальдары, Құрмет грамотасының түпнұсқасына дейін музейімізде сақтаулы тұр. Сол кездері жеке куәлік латын әрпімен жазылған екен. Сол сияқты Айса Шәріповтің кәсіподақ ұйымына мүше ретіндегі құжаттары мен басқа да куәліктерін, түрлі суреттерін біздің музейіміздегі ғылыми экспозициядан  көруге болады, — дейді Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева.  P.S. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұлттық кодты сақтау және жаңғырту аясында Ақтөбе қаласынан немесе күйшінің туған жері Ойыл өлкесінде бір көшеге, болмаса мәдени ғимаратқа қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан Айса  Шәріповтің есімін беру туралы ұрпақтарының ұсыныс-пікірі бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button