Ауыл

Қазақ ауылының «Қарлығашы»

Жақында Шұбарқұдық кентінің Қазақ ауылы аталатын бөлігінде Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында «Қарлығаш» балалар бақшасы бой көтерді. Бұл — аудан басындағы төртінші балабақша.

Балаларын орталықтағы балабақшаға беруге қашықтық күрмеу болып жүрген шеттегі Қазақ ауыл жұртшылығы үшін бұл үлкен қуаныш болды.

Аталмыш балабақшаның қадасы кеше ғана, яғни 23 сәуірде қағылған болатын. Сол кезде құрылысты жүргізуді толық мойнына алған мердігер «Әлихан Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы З.Қожаев: «Бұйыртса, 4 айдан кейін жайлы да жылы, қазіргі заманға сай сәулетті балабақшаның кілтін қолдарыңызға табыс етеміз» деген болатын. Айтқандай, олар сөздеріне тұрып сәні жарасқан 75 орындық әсем ғимараттың кілтін жаңа балабақшаның меңгерушісі Мейрамгүл Әліпқызына салтанатты түрде табыстады.

Тұсаукесер жиында сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев ата-аналарды жаңа үлгіде салынған «Қарлығаш» балабақшасының ашылуымен құттықтады. Шараға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Иран Әміров:

— Бала мызғымас тәрбиені бірінші отбасыдан қабылдаса, екіншіден оның бойына нәрлі тәрбиені қалыптастыруға балабақша мен мектептегі ортаның ролі айрықша. Сондықтан жаңа балалар мекені мен оның ұжымына сәтті қадам тілеймін. Балабақша балалардың күлкісіне толсын! — деп ақ тілегін жеткізді.

Ал ауылдың ақсақалы, еңбек және соғыс ардагері Айтбай Алмағанбетов ақ батасын берсе, бүлдіршіндер қонақтарға өнерлерін көрсетті.

Бұдан соң аудан әкімі мен Сенат депутаты балабақша лентасын қиып, оның ішкі келбетімен танысты.

А.АХАБАЕВА.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button