Әлеумет

Алимент өндіру бойынша түгендеу жұмыстары жүріп жатыр

Брифинг

Облыста алимент өндіру бойынша атқару өндірістерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, борышкерлердің берешектері қайта есептелді. Мұндай жұмыстар алименттің ауқымын айқындауға, сондай-ақ қажетті шаралар кешенін әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасында алимент өндірудегі күрделі мәселелер бойынша өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Облыс прокурорының көмекшісі Айзада Құрымова прокуратураның бастамасымен барлық аудандарда бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізіліп, 1805 адамның жұмыссыз ретінде есепке алынғанын айтты.

  • Сондай-ақ, балаларды бағып-күтуге қажетті қаражат төлемдерін жаңартқан 584 борышкерді жұмысқа орналастыруға шаралар қабылданды. Қабылданған шаралар арқылы 1684 балаға қатысты 178 миллион теңге мөлшерінде берешек өтелді. Алимент төлеуден жалтарғаны үшін 216 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұған қоса борышкерлерге балаларды бағып-күтуге қажетті қаражат төлемдерін өтеу міндетін орындамағаны үшін 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жауаптылық көзделгендігі туралы ескертілді. Түгендеу жұмыстары әлі де жалғаса береді, — дейді А.Құрымова.

Прокурор көмекшісі облыстағы алиментке қатысты ең үлкен берешек сома 2 миллион теңгеден асатынын, бұл бір әкенің екі жыл мерзімде жиналған берешегі екенін айтты. Негізі, алимент төлегісі келмейтіндердің кейбірі бұрынғы жұбайының баласын көрсетпейтінін алға тартса, тағы бірі тұрақты жұмысы жоқтығын айтады екен.

Алимент үшін берешегі бар тұлғаларды жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселені шешу үшін әркім тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына, сондай-ақ Борышкерлерді жұмысқа орналастыру орталығына (Алтынсарин көшесі, 34-үйде) жүгінуі қажет.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button