Тарих

Ерлік пен елдік көрінісі

Зерде

Тарихты түгендеу — бір күнгі тірлікпен бітпейді. Ол үшін өткеннің әрбір кезеңіне шұқшия үңіліп, сары майдан қыл суырғандай шыдам мен екінің бірі бас тіге бермейтін төзімді серік етіп, қолға іліккен әрбір дерекке мән беріп, зерделеп отыруың қажет.

Елімізді сыртқы жаулардан қорғауда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Тілеу батыр тұлғасы да осылайша зерттеу нысанына айналып, бүгінгі күні оның асыл бейнесі жан-жақты пайымдалып, жұртшылық жадында өзіндік келбетімен көрініс берген сыңайлы.  

Осы айдың басында сонау оңтүстіктегі Сайрам елді мекенінде ел қорғаған ерлер қорымына ескерткіш белгі қою рәсімі өтті. Осы жиынға Ақтөбе өңірінен де үлкен делегация барып қайтты.

Біз осы сапардан оралғаннан кейін «Тілеу батыр» мейірімділік қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлымен сұхбаттасып, тағылымды шараның мән-жайы туралы айтып беруін сұрағанбыз.

— Сайрам соғысының маңызы, осы кездегі жоңғарлармен жан алысып, жан беріскен шайқаста қазақ халқының даңқты батырлары Тілеу Айтұлы мен баласы Жолдыаяқ Тілеуұлының көрсеткен ерліктері бүгінге жалпы жұртшылыққа жақсы таныс деп білеміз. Енді Сайрам елді мекеніндегі рәсімнің мәні туралы айтып берсеңіз.

— Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің тарихымыз бар. Ол тарих бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр. Ол әсіресе, жастарға керек. Олар біздің ата-бабаларымыздан қалған ел болғанын, жұрт болғанын, хандық болғанын, олардың осы жер үшін күресіп, қан төккенін білулері тиіс» деген болатын бір сөзінде.

1681-1684 жылдары Сайрам соғысында елді жоңғар шапқыншылығынан азат ету үшін бабаларымыз Ақтөбе өңірінен он жеті мың сарбазды бастап келіп, төрт жылға жуық қанды майданда соның он бір мыңы қаза тапқаны — тарихи дерек, ақиқат шындық.

Осы арада сәл шегініс жасайын.

2015 жылы Шымкент қаласында Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағындағы үлкен алаңға әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ батырларға арналған ескерткіш орнатылды. Бұл үлкен шаруа мемлекет, қоғам қайраткері, белгілі судья Бекет Тұрғараев пен медицина ғылымдарының докторы, бірінші сайланған Мәжіліс депутаты Иманәлі Байдәулеттің бастамасымен, сол кісілердің тікелей белсенді қызметімен жүзеге асырылды. Аталған игілікті істе бұл азаматтардың ақтөбеліктерге күш салмағанын атап айтуымыз керек.

Сол ескерткішті ашу салтанатынан кейін сол елдің белгілі ақсақалы Құдайберген Оңғаров Ақтөбеден барған азаматтарды соғыста қаза тапқан ерлердің мәңгілік мекеніне алып барды. Ол кезде бұл маң қоршалмаған, күтімге алынбаған болатын. Сол жай ақсақалдың көңіліне мазасыздық әкеліп жүр екен, Құдайберген аға маған: «Інім, осы мәселені ойластырған дұрыс болар, есіл ерлердің басына ескерткіш белгі қою қажет» деп турасынан тапсырма бергендей болды.

Мен елге қайтар жолда көп ойландым. Содан «Есімдерің — белгісіз, ерліктерің — мәңгілік» деп аталатын акция өткізуді қолға алдық. Осындай атаумен газетте мақалам да жарияланды. Бұл қозғалыстың мақсаты — еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығы үшін жандарын пида еткен, намыс жолында құрбандыққа барған ерлердің өшпес ерліктерін мәңгілік сақтау, олардың мәңгілік мекендерін келер ұрпақ тағзым жасар қасиетті орынға айналдыру. Қорымға ескерткіш белгі қою идеясы да осы арнада туындады.

Міне, енді сәті түсіп сол ойымыз жүзеге асты.

— Қазақта «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген тәлімді бір сөз бар. Енді ескерткіш белгіні ашу рәсімі туралы айтсаңыз.

— Шымкенттегі «Тілеу батыр» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, профессор Иманәлі Байдәулет бұл жолы да ұйымдастыру шараларының басында жүрді. Жиынға ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, жалпы жұртшылық көп жиналды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.

Мен оңтүстіктегі бауырларға өз облысымыздың басшысы Оңдасын Оразалиннің тілектестік сәлемін жеткізіп, арнайы жолданған Алғыс хатын ортақ шаруаға белсенді үлес қосқан бір топ азаматтарға тапсырдым. Олар ризашылық сезімдерін білдірді.

Ескерткіштің ашылу салтанатында алыс-жақыннан жиылған ел-жұрт бас қосып, әруаққа тағзым етіп, бір-біріне риза көңілмен бір жасап қалғандай болды.

Ерлікпен шейіт болған бабалар рухына арнап үлкен ас берілді, дұға бағышталды.

— Ескерткіш қою оңай жұмыс емес. Ең алдымен ол қыруар қаржыны талап етеді. Бұл мәселе қалай шешілді? Ескерткіш қойылғаннан кейін де атқарылатын шаруалар бар шығар…

— Елдік істерде батыл қимыл жасайтын азаматтарымыз бар екеніне бұл жолы да көзіміз жетті. «Тілеу батыр» мейірімділік қорының есепшотына жалпы мөлшері 45 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Ескерткішті тұғырымен жасатуға жалпы мөлшері 33 миллион теңге жұмсалды. Осы шаралар ауқымында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Тілеу батыр кабинеті ашылып, жасақталды. Басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Бұл үлкен шараға — ескерткіш қою ісіне екі әулеттің қаржылай қомақты үлес қосқанын атап айтқым келеді. Олар — белгілі кәсіпкерлер Болат, Талғат Назаровтар және Мақсат, Мұрат Төлеубаевтар. Аталған азаматтар облысымызға танымал, кезінде ел басқарған Қонақбай Назаров пен Кемейдулла Төлеубаев секілді қадірлі ағаларымыздың ұрпақтары. Оларға деген алғысымыз шексіз.

…Сонымен, батыр бабаларымызға арнап тағы бір ескерткіш-белгі орнаттық. Осымен іс бітті деуге бола ма?

Жоқ, әлі де зерттелетін, нақтылай түсетін жәйттер аз емес екен ізденген адамға. Бабаларымыз ел қорғауға аттанған тұстағы елдегі жағдайды білдіретін нақты құжаттарды тауып алғанымды да айта кетейін. Сол кездегі орташа тұрмысы бар деген әр қазақ шаруасы шаңырағында  елудей жылқы,  жүз  шақты қой, біраз ірі қарасы, көшіп-қонатын түйелері болған екен. Ел қорғайтын жасақтарды да халық өзі азық-түлікпен, көлікпен қамтамасыз етіп, жағдайларын жасап отырғанға ұқсайды. Бұл да бір ескеретін жәйт екен деп ұқтым.

Ендігі бір айтар жәйт, Тілеу батыр да, оның ұлы Мөңке би де әлі толық қалпында халыққа жете қойған жоқ. Сондықтан да олар туралы насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп, әсіресе Мөңке бидің даналық сөздерін мектеп оқушыларының ұғынып өсуіне жол ашуымыз керек деп ойлаймын.

Ерлік пен елдік — егіз ұғым. Біздің алдағы жүргізетін жұмыстарымыз да осы арнада өрбімек деп ойлаймын.

      Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button