Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ақтөбе мен Орынбор байланысы жаңа кезеңге қадам басты

Ақтөбе облысының делегациясы көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысында өткен халықаралық «Орынбор — Еуразия жүрегі» форумына қатысып қайтты. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға биыл елімізден бөлек, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, т.б. мемлекеттердің 3 мыңнан астам өкілі жиналды. Инвестициялық көрме, пленарлық отырыс, басқа да көпшілік һәм ресми басқосулардан тұрған ауқымды форум барысында өңір басшысы сөз сөйлеп, жерлес кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды.

 Мақсат пен мүдде — ортақ 

Осымен 9-шы рет өткізілген форумның атқарар жүгі ауыр. Мақсат — шекаралас өңірлердің алыс-берісін һәм барыс-келісін, жалпы байланысын одан сайын нығайту, арадағы сауда-саттықты күшейту. Ұйымдастырушылар, сондай-ақ, әлеуметтік саясат пен экономиканың түрлі салаларындағы жетістіктерді өзара таныстырып, тәжірибе алмасуды және көздейді. Халықаралық серіктестік мәселесінде күш біріктіруде ірі пікірталас алаңдарының біріне айналған «Орынбор — Еуразия жүрегі» форумына әртүрлі мемлекеттердің ресми тұлғалары, билік органдарының, қоғамдық институттар мен кәсіпкерлік өкілдері, сарапшылар, экономика саласының, стратегиялық даму және инновация мамандары, журналистер қатысты. Форум аясында өткен шараларды ұзақ тізбелеуге болады: ауқымы үлкен. Орынбор облысының «Армада» орталығында шымылдығын түрген форумның тек өңірімізге қатысты тұсына басымдық берсек дейміз сондықтан.

Шекаралас форум аясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ алдымен Орынбордағы «Менің бизнесім» бірінші өңірлік орталығының ашылу салтанатына барды. Бұл жерде «бір терезе» тәртібімен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 160-тан аса қызмет көрсетіледі. Аталған бастаманы қолға алған мамандар сол арқылы мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуді мақсат етіп отыр.

Құрылыс тауарларынан жылыжай өнімдеріне дейін… 

Одан соң облыс делегациясы форумға қатысушы елдердің 60-тан астам экспозициясы қойылған «Ұлттық жобалар. Инвестициялық және экспорттық әлеует» атты халықаралық көрмені тамашалады. Мұнда күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін айтпағанда, киім-кешек, құрылыс материалдары, үйге қажетті жабдықтар, т.б. тұрмыстық заттар қойылған. Өз өнімін келушілерге паш еткендердің арасында ақтөбеліктер де бар. Өңірдің ірі кәсіпорындары мен ісін енді бастаған шағын бизнес өкілдері — «ТД Фотон» ЖШС, «Баумастер Интернешнл», «Грант Адал», «Вибромастер», «Эко Ферма 2015», «Миал-КЗ», «Айбек» ӘКК, т.б., осылайша, экспортқа мүдделі екенін танытты. Солардың бірі — «Эко Ферма 2015» ЖШС құрылтайшысы Азамат Жексембиев. Іскер жігіт кәсібін биыл бастағанына қарамастан, құлпынай жемісін тек еліміздің аумағында өткізумен шектелгісі келмейді.

— Кәсібімізді ашып, дамытуға, осындай деңгейге жеткізуге 675 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсадық. 1 гектар жерге испандық технология бойынша құлпынай егеміз. Жылыжай өнімдеріне қай кезде де сұраныс бар. Оның дәлелі ретінде осы Орынборға келуімізді айтсақ та болады. Егер көптеп сатып алуға ықылас болса, 100 тоннаға дейін құлпынайды өсіре аламыз. Яғни мүмкіндік те, қажетті мамандар да бар. Ресейде ұйымдастырылып жатқан форумға келуіміздің себебі де сол. Осы жақтың да нарығын қамтысақ дейміз. Әзірге мұндағы ахуал бізге белгісіз. Бірақ осы шарадан соң барлығымен танысып, өзара байланыс орнатамыз деп сенеміз. Қатысуымызға септігін тигізіп, ұсыныс жасаған Ақтөбе облысының билігіне ризашылығымды айтамын, — дейді ол.

Қаз-қатар тізілген азық-түлік өнімдерін көріп, Ақтөбе мен Орынбордың кәсіпкерлерімен тілдескен облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы, Орынбор облысының бірінші вице-губернаторы Сергей Балыкин мұндай екіжақты көрменің ең алдымен бизнес-субъектілерге оң әсері зор екенін атап өтті.

Көрмеде Ақтөбеде шығарылатын газбетон блоктары,  лак-бояу өнімдері, консерві және полиуретанды бұйымдар да көпшіліктің назарына ұсынылды. Түптеп келгенде әртүрлі өндірушілер үшін бұның үлкен тәжірибе мен танысу алаңы, іскерлік байланыс орнататын шара екені сөзсіз.

Пленарлық отырыс: жаңа мүмкіндіктер мен келіссөздер

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин халықаралық форум барысында «Ұлттық бастамалардың азаматтар мүддесіндегі еуразиялық интеграциясы» атты пленарлық отырысқа да қатысты. Шараны ұйымдастырушы тарап — Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер бірінші боп сөз алып, қатысушыларға белсенділігі үшін алғысын айта келіп, форумның маңызына тоқталды:

— «Орынбор — Еуразия жүрегі» — ең бірінші кезекте тәжірибе алмасу, мемлекеттер мен кәсіпкерлік субъектілер арасындағы қарым-қатынастар. Бұл қарым-қатынастар біз үшін маңызды, біз соны дамытуға мүдделіміз. Біз шекаралас өңірлердегі әріптестерімізбен бірге тығыз қарым-қатынас орнатып, жобаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Сан мен сапаны қай жағынан да арттыра түсу керек. Осы мақсатта Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдерін арнайы шақырып, сұхбаттассақ, ортақ мәселелерді шешсек деген ойымыз бар, — деді.

Ал Оңдасын Оразалин халықаралық форумның жыл өткен сайын жаңарып, жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын білдірді. Екіжақты санайғақтардың да көрсеткіші жылма-жыл жақсара түскені айтылды.

— Қазақстан мен Ресей елдері бұрыннан жақсы қарым-қатынастағы, бірлігі бекем, арадағы сауда-саттығы да, басқалармен салыстырғанда, көш ілгері серіктестер. Бұл екі Президенттің келісім-кездесулерінің оң нәтижесі деп білемін. Өз кезегінде Ақтөбе мен Орынбор облыстарының байланысы да табысты өңіраралық әріптестіктің жарқын үлгісі. Біз әрі қарай да тату қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Сол арқылы арадағы әріптестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын қалаймыз. Бүгінгі форум — соған жеткізер басты алаң.
Ресей, соның ішінде, Орынбор облысы — біздің сыртқы саудадағы ірі серіктесіміз. Бизнес саласында тығыз әрі өзара тиімді қатынастар жолға қойылған. Шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саладағы байланыс ойдағыдай дамып жатыр. Айталық, Ақтөбе облысының Ресеймен арадағы тауар айналымы биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 676,3 миллион долларды құрады. Соның ішінде экспорт 245 миллион доллар, ал импорт – 431,3 миллион доллар. Орынбор облысымен арадағы тауар айналымға келсек, ол 48,2 миллион долларды құрады. Экспорт үлесі — 18,2 миллион доллар, импорт — 29,9 миллион доллар. Ресей капиталы бар өндіріс орындары жыл сайын артып келеді: бүгінде біздің облыста жұмыс жасап жатқан 1084 шетелдік компанияның 534-і Ресейдікі,—
деді облыс әкімі.
Жиында өңірлер арасындағы көліктік-логистикалық байланысты дамытудың да маңызына баса мән берілді. Оңдасын Оразалин өз сөзінде форум аясында Орынбор облысының билігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық серіктестік туралы келісімді жүзеге асыру үшін 2020-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасақталып жатқанын айтты. Мұнымен бірге, шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсарту жайына да назар аударылды. Кейіннен «Шағаршын-Жайсаң» бекетінің шекара маңындағы жолдарының өткізу қабілетін арттыру жөніндегі бірлескен әрекеттерінің жоспарына қол қойылды. Форум аясында біздің тараптан шекаралық өнеркәсіптік кооперацияны жетілдіруге, бірлесіп кәсіпорындар құруға мүдде бары, Ақтөбе облысындағы Шоқаш кен орнының негізінде тау-химиялық кешен салу келешегі бар Весенне-Аралчинск мырыш кен орнын, Ащысай және Новомихайловское кен орындарын игеру жобалары оң тәжірибе ретінде келтірілді. Соңында Орынбор облысымен алда өткізілетін шаралардың жоспарына қол қойылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің сөзінше, екі облыстың кәсіпкерлік саласындағы байланысы соңғы жылдары мықтап күшейген. Бұған өңірлердің жақын орналасуы ғана емес, өзара байланысы, бір-біріне ұсынған жобаларының тиімділігі, жылдар бойы қалыптасқан достығы да оң септігін тигізіп жатыр. Арадағы алыс-берісті арттыра түсу үшін қолға алынған Жол картасы бұны бекіте түсері анық.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Орынбор-Ақтөбе.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button