Әлеумет

Облыста 747 адам қоғамдық қабылдауға келді

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі тарапынан берілген  тапсырма негізінде ағымдағы жылдың 21 қарашасында Бірыңғай (Ұлттық) азаматтарды қабылдау күні жалпы республикалық іс-шарасы аясында облыста барлық деңгейдегі әкімдердің қабылдауы ұйымдастырылды. Nur Otan партиясы облыстық филиалының кеңсесінде ұйымдастырылған облыстық қоғамдық қабылдауға мәслихат хатшылары мен партия филиалы төрағасының орынбасарлары, сот, прокуратура, ішкі істер саласының өкілдері мен басқарма, департамент басшылары қатысты.

Облыс әкімі аппарат жетекшісінің орынбасары Нұрбақыт Барбосыновтың айтуынша, азаматтарды қабылдаудың Бірыңғай (Ұлттық) күнін өткізу туралы халықты құлақтандыру, кеңінен жария ету мақсатында қабылдаудың өтетін орны, күні, уақыты бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде 15 қарашадан бастап жарияланған. Сонымен қатар облыс, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайтында, инстаграм және Фейсбук парақшаларына да салынған.

15-20 қараша аралығында алдын ала жазылу жұмыстарын жүргізу мақсатында үзіліссіз кезекшілік ұйымдастырылып, нәтижесінде облыс бойынша 133 адам қабылдауға алдын ала жазылды. Жалпы облыс бойынша барлығы 747 адам қабылдауға келді, — деді Н.Барбосынов.

Оның айтуынша, көтерілген мәселелердің сипаты бойынша өтініштер мынадай  топқа бөлінеді. Сот шешімімен келіспеу — 1 (0,1%), құқық қорғау саласы — 21 (2,8%), кәсіпкерлік — 22 (2,9%), әлеуметтік қамту — 198 (26,5%), тұрғын үй мәселелері — 142 (19%), жер пайдалану — 63 (8,4%),  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы — 111(14,8%), білім және мәдениет — 30 (4%), сол сияқты басқа да мәселелер бойынша түскен көрсеткіш —  159 (21,3%).

Облыстық қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың дені баспана, атаулы әлеуметтік көмек пен жер алу мәселесін алға тартты. Сол сияқты тұрғындар жеке бастың емес, әлеуметтік мәселелерге көбірек  мән берді. Атап айтсақ, ауылдарға, болмаса тұрғын үй массивтеріне инфрақұрылым тарту, оның ішінде су құбырларын жүргізу, жол салу сияқты мәселелерді көтерді. Яғни ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің басым көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына негізделді, — деді Нұрбақыт Барбосынов.

Бір айта кетерлігі, қоғамдық қабылдауға келген 12 адам бұған дейін өз сұрақтары бойынша тиісті органдарға жүгінген.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button