Басты бет » Экономика » Бюджет жоспары талқыланды

Бюджет жоспары талқыланды

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың депутаттық, өкілеттік, этика, құқық тәртібі, жұртшылықпен жұмыс, бюджет, экономика, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин келер жылдың бюджеті бойынша баяндама жасады. Басқарма басшысы 19 бюджеттік бағдарлама бойынша алдағы үш жылға жоспарланған қаржы көлемін және оның қай салаларға бағытталатынын айтты. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласы бойынша қарастырылған шығыс көлемі — 91 миллион 470 мың теңге.  Сондай-ақ облыстағы орта білім беру ұйымдарын салуға және қайта реконструкциялауға берілетін дамыту трансферттері бюджеттік бағдарламасы бойынша, 8 жобаның құрылысына 4 миллиард  927 мың 802 теңге қарастыру көзделген. Оның ішінде Ақтөбе қаласына қарасты №1 Шилісай тұрғын үй кешеніндегі 60 орындық мектеп бар. Құрылыс биыл басталған, келер  жылы аяқталады. Ал Рауан тұрғын үй кешеніндегі 300 орындық мектептің құрылысын келер жылы бітіру үшін 351 миллион 887 мың теңге қажет. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 900 орындық мектептің құрылысын аяқтауға 2020 жылға 1 миллиард 203 миллион 404 теңге қарастыру көзделген. Шалқар қаласындағы Вокзал маңы көшесінің бойында биыл  320 орындық мектептің құрылысы басталды. Келер жылы құрылыс жалғасу үшін 138 миллион 596 мың теңге, ал 2021 жылға 391 миллион 404 теңге қаржы қажет. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы бірқатар мектептерді кеңейту үшін де қаржы жоспары жасалған. Егер жоспарланған білім беру ұйымдарының құрылысы аяқталса, облыста үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі және 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу үшін барлық жағдай жасалады. Басқарма басшысы төтенше жағдайлар бойынша да салынатын ғимараттарға тоқталды. Мәселен, «Нұр Ақтөбе» ауданында өрт сөндіру депосын және Мұғалжар ауданы Ембі қаласында көлікке арналған екі өрт сөндіру бекетін салуға қаржы жоспары жасалған.

Сондай-ақ жиында Темір ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы айтылды. Ауданда жыл сайын халық саны өсіп келеді, осы ретте инвестиция тарту, инфрақұрылыммен қамту мәселелері өзекті болып отыр. Мәртөк ауданының Құрмансай ауылдық округінің Торайғыр ауылын тарату мәселесі де жиында талқыланды. Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы Торайғыр ауылын Құрмансай ауылының құрамына кіргізуді ұсынды. Құрмансай округінде  төрт елді мекен бар. Олар — Құрмансай, Егізата, Шаңды, Торайғыр. Торайғыр ауылында соңғы үш жылда тұрғындар саны азайып, қазір 38 адам қалыпты.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова ауылдық жерге жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша баяндама жасады. Бүгінгі таңда облысқа — 247, оның ішінде  аудандарға 91 дәрігер қажет. Дәрігер тапшылығын жою үшін басқарма жыл сайын кемі 30-35 жас маманға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді қолға алған.

Жиында көтерілген мәселелер бойынша депутаттар мен кеңес мүшелері сұрақ қойды, ескерту берді, ұсыныстарын айтты. Аталған мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.