Спорт

Алаңдарда — мемлекеттік қызметшілер

Спартакиада

Ақтөбе қаласындағы №2 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Тұңғыш Президенті күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында XIX облыстық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.

Шараның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметшілерді спортпен айналысуға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту.

Спартакиадаға волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, жүзу және тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен 500-ден астам мемлекеттік қызметшіден құралған 15 команда қатысуда.

Шараның ашылуында облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Владимир Кореньков қатысушыларды алдағы Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, сәттілік тіледі.

— Елбасы 2020 жылға қарай халықтың 30 пайыздан астамын спортпен айналысуға тарту міндетін қойды. Бұл бастаманы бірінші болып мемлекеттік қызметшілер қолдауы тиіс. Бір сәт кеңседегі қағазбастылықтан арылып, спортпен шұғылдануға көңіл бөлулеріңіз керек. Ол үшін біздің облыста қажетті барлық жағдайлар жасалған, — деді В.Кореньков өз сөзінде.

Сондай-ақ шарада облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев құттықтау сөз сөйлеп, бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 50 пайыздан астамы спортпен белсенді түрде айналысатынын атап өтті.

Спартакиада 3 күнге жалғасады. Шараның жабылуында үздіктерге дипломдар мен кубоктар және арнайы сыйлықтар табысталатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button