Әлеумет

Көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамына сай,еліміз бойынша 4 және одан көп баласы бар 346 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Сондай-ақ, аталған жәрдемақы енгізілгеннен кейін, Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты, алушылар саны да артуы мүмкін.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде (бұдан әрі — АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Таяуда министрлік тиісті заң жобасын Парламент қарауына енгізуді жоспарлап отыр.

Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға, табысына қарамастан төленеді деп жоспарланған. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни 4 баласы бар отбасыларға — 42 496 теңге, 5 балаға — 53 127 теңге, 6 балаға — 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді.

Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 7 қазанда өткен ҚР Үкіметінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

«Ең басты принцип— мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді», — деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы — тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда тек өзі ғана емес, бүкіл отбасына да АӘК төлемі тоқтатылады

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button