Жаңалықтар

Облыс әкімі тұрғындарды қабылдады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Nur Otan партиясы облыстық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Облыс басшысының қабылдауында Темір ауданы Еңбекші ауылынан келген зейнеткер Сайын Боранқұлов елді мекенге медициналық пункт салу қажеттігін, көгілдір отын жүргізу мәселесін көтерді. Тұрғынның бұл сауалына өңір басшысы:

— Ауылға 2020 жылы медициналық пункт салу жоспарда бар, дегенмен көгілдір отынның да ыждағатты түрде жеткізілуіне жағдай жасауға тырысамыз, себебі тұрғындарға газ берілу мәселесі облыста қарқынды жүзеге асырылуда, — деп жауап берді.

Облыс басшысы қарияның өтініші бойынша облыстық денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларының басшыларына тиісті   тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін қабылдауға келген Ақтөбе қаласының тұрғыны, ардагер-ұстаз Нағашыбай Ердәулет алда келе жатқан Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты өз ұсынысын жеткізді. Ол ақынның кейбір қара сөздерінен және поэзиясынан алынған нақыл сөздерді қалаға кіреберіс жолдардағы тақтайшаларға жазып, көрнекті түрде жеткізу туралы пікірін білдірді. Сонымен қатар облыстағы ұстаздарға арналған энциклопедия шығару туралы ойын да айтты. Абайды зерттеп жүрген әдебиетші кезінде осы өлкеде ұстаздық қызмет жасаған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов сияқты тарихи тұлғалардан бастап, елге еңбегі сіңген ардагер-ұстаздардың ұлағатты өмір жолдарын насихаттау қажеттігін атап өтті.

Сіздің идеяңыз өте орынды әрі көңілімізден шығып отыр. Ұлы ақынның нақыл сөздері  әрбір азаматтың адам болып қалыптасуына ықпал етері сөзсіз, сондықтан ұсынысыңызды қолдаймыз. Энциклопедия шығаруды ұйымдастырып, қолға алуды облыстық білім басқармасына тапсырамын, — деді облыс әкімі.
Оңдасын Оразалин облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысына Абайдың нақыл сөздерін қала ішіндегі LED экрандарға шығару қажеттігін тапсырды.

Қоғамдық қабылдау кезінде облыс басшысы әлеуметтік-қоғамдық, рухани маңызы бар бастама көтерген азаматтарға қолдау білдіретіндігін жеткізіп, алғысын білдірді. Сонымен қатар тұрғындардың тұрғын үй, заң саласына қатысты, сондай-ақ несиелік берешектерін өтей алмаған азаматтардың тығырықтан шығу, жұмысқа орналасу, қосымша әлеуметтік көмек алу, т.б. жеке сауалдарына нақты жауап берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button