Жаңалықтар

«Казбат» — шынайы фильм

Кеше «Keruen City» орталығындағы «Kinopark 7» кинотеатрында шынайы оқиғаларға негізделген «Казбат» көркем фильмінің тұсаукесері өтіп, оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Бұл фильмде қазақстандықтардың Тәжікстанда болған қақтығыста бітімгерлік миссиясын атқару кезінде орын алған оқиғалар суреттелген.

1995 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 7-жиынтық ротасы Пшихавр шатқалында торуылға тап болып, іргелес жақтың содырларымен теңсіз ұрысқа түсті. Сол ұрыста 17 адам қаза тауып, 33 адам жараланды. Ауғанстан жақтан шабуыл жасаған Тәжікстандағы заңсыз оппозицияның содырлары 1 сағат ішінде Тәжікстан аумағына кіруді ойластырған. Бірақ күшті қарсылыққа тап болып, 5 сағатқа созылған ауыр ұрыстан соң кері шегінуге мәжбүр болды. Қаза тапқан 17 жауынгердің 5-еуі ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12-сі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды (қаза тапқан соң). Олардың барлығы да Ресейдің І дәрежелі «За отличие службе» медалімен марапатталды (қаза болған соң).

Тәжік халқына көмек көрсеткені үшін қазақстандық жауынгерлерге үлкен алғыс ретінде Душанбе қаласында монумент тұрғызылды. Еліміздің астанасында «Отан-ана» монументінің қасында Ішкі әскердің 17 жауынгеріне Естелік аллеясы мен ескерткіш ашылды. Батырларға арналған ескерткіштер Шымкент, Петропавл және еліміздің басқа қалаларында ашылды.

Фильмге түскен актерлер — Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров, Индира Шынболатқызы, т.б.

Прокатқа 21 қараша күні шығатын фильмнің телевизиялық нұсқасы келесі жылы 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасында болған оқиғаның 25 жылдығына орай «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіледі.

А.ЖАНДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button