Басты бет » Білім » Білім беруді модернизациялау: жұмыс және жоспар

Білім беруді модернизациялау: жұмыс және жоспар

«Білім беруді модернизациялау жағдайындағы педагогикалық кадрлар даярлаудың заманауи тенденциялары». Ақтөбеде үш күннен бері осы тақырыпта Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы Білім және ғылым министрлігі республикалық оқу-әдістемелік кеңестің көшпелі мәжілісі өтіп жатыр. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты. Сонымен қатар басқосуға министрлік өкілдері, 30-дан астам университеттің ректорлары мен проректорлары, түрлі құрылым басшылары, 50-ге жуық мектеп, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер, үкіметтік емес ұйым басшылары жиналды.

Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов көшпелі мәжіліске қатысушыларды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтап, маңызды жиынның іргелі білім ордасы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткізілуі өңір үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.
Жиын барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков сөз сөйледі.

Осындай жиындардың өтуі бір жағынан біздің университеттің білім беру қызметіне үлкен серпіліс берсе, екінші жағынан, бұл біздің үлкен әлеуетке ие жетістіктеріміздің дәлелі, — деді ол.

Бұдан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев сөз алды.

Ол өз сөзінде қазіргі таңда білім беру мен педагог мамандарды даярлауда көптеген өзекті мәселелер бар екенін тілге тиек етті. Солардың бірі — инклюзивті білім беру.

Инклюзивті білім беру жүйесі — қазір еліміздегі ғана емес, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Инклюзивті білім беру педагогикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеліп жатыр.

Аталған жүйені жүзеге асыру барысында еліміздің педагогтері алдында объективті кедергілер, мәселен, сыныптардың толық жетіспеуі, материалдық базаның әлсіздігі, дефектолог, логопед, тьютор мамандардың жоқтығы, әртүрлі деңгейлік бағдарламалардың болмауы, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс істеуде педагогтің кәсіби құзыреттілігінің төмендігі кездесуде, — деді Т.Балықбаев..

Ол баяндамасында шағын жинақты мектептер мәселесі туралы да айтты.

Шағын жинақталған мектептер — қазақтың шағын ауылының іргесі, ұйытқысы, оның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзегі. Ауылдағы шағын мектептердің барлығы дерлік қазақ мектебі.

Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз кеңесінде ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы ауылдардағы шағын жинақталған мектептердің мәселесін, бір мұғалімнің бірнеше пәннен сабақ жүргізуге мәжбүр екендігін атап көрсетті. Осыған орай,  Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне үздік менеджерлер мен мұғалімдерді облыс мектептеріне тартуға арналған гранттар бөлуге тапсырма берді.

Көшпелі мәжіліс аясында «Инклюзивті білім берудің психологиялық-педагогикалық аспектілері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға Ресей Федерациясы, Сербия елдерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар, аталған ғылыми шара аясында білім саласындағы отандық жетекші ғалымдардың шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің педагогика факультетінде инклюзивті білім беру кабинеті ашылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.