Жаңалықтар

Жаңа автобус берілді

Дүйсенбі күні Ақтөбедегі №19 мектеп ұжымына жаңа автобус берілді. Аталған автобусты «Халықаралық ғылымдар, экология, инженерия және педагогика академиясы» қоғамдық қоры мектептегі ерекше қажеттіліктерді талап ететін оқушылардың  тасымалын ұйымдастыру үшін сатып әперген.

Мектеп директоры Роза Аманбаеваның айтуынша екі тілде білім беретін білім ордасында 1098 бала болса, оның 48-і ерекше қажеттілікті талап ететін оқушы.

— Мектепте ерекше қажеттіліктерді талап ететін оқушылар толық білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Әр оқушымен жеке жұмыс жасайтын арнайы кабинет те бар. Дегенмен бұған дейін білім ордамызда олардың мектепке қатынауын қамтамасыз ететін арнайы көлік болмады. Заречный, Ақжар, Бауырластар елді-мекенінен қатынап оқитын оқушылар мен олардың ата-аналары үшін қиын болғанын білеміз. Бүгін «Халықаралық ғылымдар, экология, инженерия және педагогика академиясы» қоғамдық қоры осы жағдайды ескеріп, мектебімізге су жаңа автобус сыйлады. Өте қуаныштымыз. Ата-аналар да, балалар да дән риза, — дейді мектеп директоры.

«Халықаралық ғылымдар, экология, инженерия және педагогика академиясы» қоғамдық қорының төрағасы Талғат Төремұратовтың айтуынша, көліктің техникалық жағдайы, жүргізушісінің айлық жалақысы, жанар-жағармай мәселесінің барлығымен  қоғамдық қордың өзі айналысады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button