Спорт

Ардагердің күмісі

Спортшылар қашан да ширақ спорттық бапта жүргенді қалайды. Жастары ұлғайса да жаттығу жасаудан қашпайды. Жақында грек-рим күресінің шеберлері Сербияның астанасы Белградта өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында сынға түсті.Оған Қазақстаннан да команда қатысты.

Біздің боз кілем жампоздары бұл чемпионатта 1 күміс, 5 қола медаль алды. Жалғыз күміс медальға ақтөбелік, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, спорт шебері Мәлік Жоламанов қол жеткізді. 69 келі салмақта күрескен жерлесіміз алдымен иран, француз шеберлерінің жауырынын жер иіскетті. Тек ақтық сында Босния-Герцоговина елінің спортшысынан ұтылып қалды.

Қазақстан командасының бас бапкері болып барған Қайыржан Жанпейісовке бұл чемпионатта төрешілік етуге тура келді.

— Мәлік үлкен спортпен қоштасса да, әлі күнге күресті серік етіп келеді, — дейді Қайыржан Жанпейісов. — Ал біздің ардагер балуанымыздың жаттығуына, әлем чемпионатына қатысуына облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев, № 4 БЖСМ директоры Сахи Лепесов жағдай жасады.

Бокс

Берік чемпионды жеңді

Жақында Ақтау қаласында қазақ боксының негізін салушы, ұлтымыздың спорттың осы түрінен тұңғыш КСРО  спорт шебері атанған қазақ Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ересектер арасында V халықаралық турнир болып өтті. Оған Ресей, Украина, Сирия, Қытай, Өзбекстан секілді алыс-жақын 10 елден боксшылар жиналды. Сондай-ақ Қазақстанның құрама командасы мен облыстар командаларын апарды.

Турнирге 5 ақтөбелік боксшы қатысқан болатын. Олардың арасында 60 келі салмақта өнер көрсеткен Берік Әбдірахмановтың мерейі үстем болды. Жартылай финалда биылғы жылғы Қазақстан чемпионы Әмірзақовты 4:2 есебімен жеңді. Ақтық сында жергілікті боксшыдан басым түсіп, турнирдің жеңімпазы атанды. Берік № 7 БЖСМ-да бапкер Руслан Оңалбаевтың қарамағында жаттығады.

— Осындай ірі турнирлерге қатысуымызға облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы үнемі қаржы бөліп келеді. Сонымен қатар облыстық бокс федерациясы қолдау көрсетуде, — дейді аға бапкер Әділ Басығараев.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button