Әлеумет

«Бақытты отбасы» бағдарламасы алдағы жылы жалғасады

Биыл елімізде мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылғаны белгілі.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалы өкілі Мақсат Заитовтың айтуынша, Ақтөбе облысында құжат тапсыру нәтижесінде  501 отбасы банктен оңтайлы шешім алған. Соның ішінде 282 отбасы несие рәсімдеп, қоныстойын тойлап үлгерді. Алайда, өкінішке қарай, құжаттарын тапсырған тағы 505 отбасы банктен оңтайлы шешім ала алмады. Оның бірнеше себебі бар: клиенттің ресми түрде кызмет етпеуі, яғни зейнетақы салымдарының болмауы, жұмыс орнынан ай сайынғы  зейнетақы аударымдардың уақытында аударылмауы, табыстың жеткіліксіздігі және несие тарихының бұзылуы.

— «Бақытты отбасы» бағдарламасы үш жылға жоспарланған. Сондықтан банктен оңтайлы шешім ала алмаған отбасылар алдағы жылы наурыз-сәуір айларында жалғасатын бағдарламаға қатыса алады. «Бақытты отбасына» қатысу үшін жергілікті атқарушы орган берген жолдамада жарамдылық мерзімі көрсетілмеген болса, ол автоматты түрде 1 жылға жарамды болады. Сондықтан,  наурыз-сәуір айларына дейін құжаттарды қалпына келтіруге мүмкіндік бар, яғни ресми түрде жұмысқа тұрып, зейнетақы салымдарының дер кезінде түсуін қадағалау керек, несиелерді, банктер, микронесиелік, коллекторлық ұйымдар алдында кешіктірілген қарыздар болса, барлығын жауып тастаған абзал, — дейді Мақсат Заитов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button