Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Тарихтан сыр шерткен жобалар

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе өңірінде бес бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы кезге дейінгі жұмыстардың қорытындылары жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен көрмеге қойылды.

Үш бағыттың үлесі

Мысалы, «Ақтөбе өңірін мекендеген ежелгі бақташылар мен металл өндірушілер» бағыты бойынша, облыс аумағындағы қола дәуірінен қалған көне тұрақтардың орындары, қорымдар, т.б. ескерткіштер іздестірілген. Нәтижесінде, бұрын зерттеушілерге белгілі болмаған 7 көне қоныстың орны, петроглифтер шоғырланған 11 жер, сондай-ақ 27 қорым анықталған. Бұл қорымдардағы зираттар саны 150-ден асады. Анықталған ескерткіштерді зерттеу нәтижесінде, тарихымыздың қазақ жеріндегі ежелгі металл өңдеу ісінің қалыптасуына қатысты тарауы жаңа деректермен толығатын болады.

Тағы бір көзделген жоба — Доңызтау өңіріндегі Жезді қалашығының орнында зерттеулер жүргізу. Ғалымдардың айтуынша, Жезді — орта ғасырлардағы Оғыз мемлекетінің қаласы. Бүгінгі күні оның орнындағы бір гектар аумақтан қаланы қоршаған қамал қабырғаларының, мұнаралардың сақталып қалған бөліктері анықталып отыр.

Сондай-ақ, Хромтау ауданындағы Ойсылқара, Моңғолсай тарихи-мәдени кешендерінде зерттеулер жүргізілген. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер бұл жерлердің неолит, яғни бергі тас дәуірінде адамдардың мекен-тұрағы болғанын айғақтайды.

Тасқопадан табылған құнды олжа

Биылғы ең үлкен олжа — Темір ауданындағы І Тасқопа қорымынан табылған ежелгі көшпенділер көсемінің қабірі. Ғалымдар Темірдегі қазба жұмыстарын «Ерте көшпенділердің элиталық ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер жүргізу» бағыты бойынша қолға алды.

Өкінішке қарай, қазылған қабір бұрын тоналған болып шықты. Сондықтан одан мәйіт табылған жоқ. Топырақ арасында тек кейбір сүйек бөлшектері сақталған.

Көрменің ашылуында журналистер сауалдарына жауап берген ғалымдардың тарапынан бұған қатысты: «Қабірдің қай кезде тоналғанын нақты айту, әрине, қиын. Бәлкім, жерленгеннен кейін жүз жылдан соң тоналған болар? Сондай-ақ, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласындағы көне қорым-қорғандардың тонауға ұшырағаны белгілі. Қабір сол кезеңдерде қазылған болуы да мүмкін», — деген пікір айтылды.

Тасқопа қорғаны — біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV ғасырлардан қалған ескерткіш. Ол Ащы Ойыл жазығындағы ең биік төбелердің бірінде орналасқан. Қорғанның биіктігі — 3 метр, ал диаметрі — 60 метр шамасында.

Қабірлердің біріндегі қазба жұмыстары кезінде 5,7 метр тереңдіктен алтын әшекейлер, ат әбзелдері бұйымдарының қалдықтары табылған. Бұл заттар мұнда тегін адам емес, билеуші әулеттің өкілі жерленгенін меңзейді. Зерттеушілердің айтуынша, әдетте көсемдер алтын бұйымдармен әшекейленген киіммен жерленетін болған.

Ал кейбір зерттеушілердің болжауынша, ел, жер қорғау жолында шейіт болған немесе елге үлкен еңбегі сіңген, айрықша қадірлі билеушілерді (көсем немесе патшалар) салтанатты жағдайларда киетін алтынмен апталған киіммен жерлеу — Ұлы Даладағы ежелгі дәстүрлердің бірі. Ғаламторда бұған дейін қазақ жерінен 8 «алтын адамның» табылғаны жөнінде деректер жүр. Солардың бірі, 1999 жылы көршілес Атырау облысының Жылыой өңірінен табылған «алтын адамды» да зерттеушілер сармат тайпасының көсемі санайды.

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев қазақ жерінен табылған алтын киіммен жерленген билеуші әулеттер өкілдерінің бәріне бірдей «алтын адам» деген ортақ атау қолданудың дұрыс еместігін айтты.

— Ғылымда «Алтын адам» — тек Есік қорғанынан табылған сақ көсеміне тән атау, — деп нақтылады ол.

Сондай-ақ, институт директоры Тасқопадан табылған жәдігерлердің ерекше құндылығын атап өтті.

— Қабір бұрын тоналғанмен, жәдігерлердің бір бөлігі сақталып қалған. Біздің қызметкерлер табылған алтын әшекейлерді топырақ қабатымен бірге, тұтас күйінде, яғни монолит әдісімен алып шықты. Бұл алдағы зерттеу жұмыстары үшін өте маңызды. Табылған алтын әшекейлер бас киімді безендіру үшін пайдаланылған болса керек деген болжам айтылды. Сондай-ақ, ат әбзелдерін әсемдеуге пайдаланылған бұйымдар да бар. Енді осы заттарды қайта қалпына келтіру ісін қолға алу керек. Оларды зерттеп, қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң, тапсырыс берушіге, яғни Ақтөбе облысының әкімдігіне табыстаймыз, — деді Бауыржан Байтанаев.

 Қазақтар неге Әбілқайыр ханды әулие санаған?

Соңғы, яғни бесінші жоба — «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» атты басылымды әзірлеу. Басылымда өңірдегі табиғат ескерткіштері, археологиялық, этнографиялық ескерткіштер мен киелі жерлер тізімін барынша қамту көзделген. Бұл үшін Ә.Марғұлан атындағы Археология институты,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, т.б. білім ордаларының ғалымдарынан құралған зерттеу тобы жасақталып отыр.

Бұл бағыттағы зерттеулермен айналысатын ғалымдардың бірі — тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ирина Ерофеева.

Журналистермен әңгімесінде ол қазақ жеріндегі бір кездегі әйгілі киелі орындардың кейбірі бүгінгі ұрпақ үшін мүлде белгісіз екеніне тоқталды.

— Ақтөбе — киелі жерлерге өте бай өңірлердің бірі. Алайда қазіргі буын олардың бәрін бірдей біле бермейді. Мысалы, Әйтеке би ауданының аумағындағы «Жалғызағаш» деген жердің даңқы кезінде Қытайдан Польшаға дейінгі аралыққа тараған. Бұл жөнінде жазба деректер қалған. Украин ақыны Тарас Шевченконың «Топор был за дверью у господа бога» деп басталатын өлеңі бар, «Жалғызағаш» деген картинасы бар. Кытай билеушісі Цяньлун да өлең арнаған. Бұл аймақты Ноғайлы жұрты жайлап, одан соң қалмақтар жауласа, кейін олардан қазақтардың қайтарып алғаны белгілі. Ноғайлар да, қалмақтар да, қазақтар да бұл жерді киелі санап, ерекше қастерлегені, тіпті олардың билеушілерінің маңызды жиындарды осы жерде өткізгені жөнінде тарихи деректер бар. Кейіннен бұл жер Әбілқайыр ханның иелігіне өткен. Дала жұрты неліктен оны қасиетті санаған? Мұның астарында нендей сыр бар? Мен әртүрлі дереккөздерде сақталған мәліметтерді, көптеген материалдарды жинақтадым. Ендігі зерттеулерді сол жерге барып жалғастыруды көздеп отырмыз, — дейді Ирина Ерофеева.

Бұл жерді Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымымен шатастыруға болмайды, профессор Ирина Ерофееваның айтуынша, «Жалғызағаш»  — Әйтеке би ауданының басқа бөлігінде орналасқан киелі мекен. Әрине, көне ағаш қазір сақталмаған. Ал мұндағы зерттеу жұмыстарын ғалымдар алдағы жазға жоспарлапты.

Тарихты кеңес заманында «оқып-білген» жандар үшін Әбілқайыр хан — ең жағымсыз тұлға. Оның кеңестік тарихнама жапсырған «сатқындық» атағын ұмытпауға және ұмыттырмауға тырысып бағатындар да кездеседі. Дегенмен ол жерленген «Хан моласы» қорымын кезінде ата-бабаларымыздың ерекше қастерлегені — ел аузында да, жазба деректерде де қалған басы ашық жайт.

Ирина Ерофеева халықтың Әбілқайыр ханды әулие санауын ол қайтыс болғаннан кейінгі оқиғалармен байланыстырады.

— Әбілқайырдың сүйегі, үлкен ұлы Нұралыға қалдырған өсиеті бойынша, ешқайда апарылмай, өзінің жан тапсырған жеріне қойылған. Оның қазасынан кейін бірінен соң бірі дұшпандары да көз жұмған. Сонымен қатар, ол жерленген өңірді жайлаған шөмекей, шекті рулары сол кездегі аса ауыр жұтқа ұрынбай, малдарын аман сақтап шыққан. Хан кесенесі маңына егілген 12 түп ағаштың басқалары бірте-бірте солып, тек біреуінің ғана биіктеп өсіп шығуы да жұрт назарын аударған оқиға болды, — дейді ол.

Ғалым бұл оқиғаларды жазба деректерден, негізінен, Ресей империясының сыртқы саясаты архивінің материалдарынан тапқан. Енді ол «Хан моласы» қорымының қасиетті жерге айналуы төңірегіндегі деректерді нақты қандай құжаттан, қай тарихи тұлғаның кімге жазған хатынан алынғанын көрсете отырып, қағазға түсірмек…

Ал облыстық әкімдік пен Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп қолға алған жобалардың аясындағы қазба жұмыстары алдағы жазда қайта жандандырылады.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button