Басты бет » Ауыл » Мал азығы дайын ба?

Мал азығы дайын ба?

Биыл қыс ерте түседі деген болжам бар. Қазақша жыл қайырсақ 4 жылда бір келетін кібісе жылды қарсы алғалы тұрмыз. Яғни тышқанның жылы 366 күнге созылады. Өткенге көз жүгіртсек, қаптесердің әуресі оңай болмапты. Тышқан жылының қытымыр қысы ең бірінші төрт түлікті шөптен қысқанын үлкендер жақсы біледі. «Қазгидрометтің» айтуынша, әрі қарлы болмақ. Синоптиктердің сөзіне сенсек, суық күндер күтіп тұр. Қар қалың болса, мал қолға тұрады. Соңғы бес жылда қар аз түсіп, қыс бойы жайып шығатын малшылар енді қамданбақ. Аяқ асты әбігерге салған қарашамен ере кірген қарлы боранның өзі алдағы қыстың қытымырлығынан хабар берсе керек. Сондықтан биылғы қысқа мал азығы жылдағыдан көптеу жиналуы тиіс.

 Құбылмалы қыс келе жатыр

Бұл — қара аспанды төндіру емес, қылышын сүйретіп келе жатқан құбылмалы қыстың қаһарынан сақтану. Ауа райы ауыл таңдамайды. Жері құмды, қар көп түспейді, түссе де көп тұрмайды деген Шалқар мен Ырғызды тізеден батырған алғашқы ұлпаның ылаңы  сақтану керектігін ескертті.

Биыл жылдағыдай шабындық жерлердің нуы сирек болды. Көп жерлерге су шықпаған. Көктің тамшысымен көтерілетін қырлықтың өзі тырмаға әрең ілікті. Бірақ соған қарамастан, әр аудан өздеріне керекті мал азығын жинап алды. Қазір жер-жерде  мал қыстату науқаны қызу жүріп жатыр.  Осы қысқа облыс бойынша 505,7 мың ірі қара, 1 333,7 мың қой-ешкі, 138,2 мың жылқы және 17,6  мың түйе, 59,8 мың шошқа және 1 462,9 мың құс түседі.

Төрт түлікті қоса есептегенде барлық мал басы саны — 733,5 мың. Мал қыстату науқанының ұзақтығы — 180 күн. Осынша малға алты ай қысқа  2 301,1 мың тонна мал азығы керек екен.  Бір қуанарлығы, биыл қажетті мал азығы жиналып болған. Қазіргі таңда 2 331,3 мың тонна шөп жиналып, 26,0 мың тонна сүрлем, 13,7 мың тонна пішендеме және 103,5 мың тонна жем дайын тұр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, облыста қыстық мал азығы 100 пайыз дайын.

Орта есеппен бір бас малға 18,9 центнер азық керек. Қазіргі уақытта облыстағы мал қыстату жұмысы қанағаттанарлық. Аудандарға жем жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Барлық шаруа қожалықтары құнары мол мал азығының бұл түрін сатып алуда. 1 келі жемнің бағасы жеткізу құнын қоса есептегенде 45-50 теңге.  Мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу, алынған төлдерді аман сақтау, мал өнімдерін өндіру көлемін арттыру —облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алдындағы басты міндет.  Сол себепті мал қыстату науқаны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан тұрақты бақылауда болады, — дейді ол.

Ауылшаруашылығы мамандарының сөздеріне қарағанда, мал қыстату науқаны тек қана жемшөп дайындау емес. Әр малдың қыстан қысылмай шығуы, саулығы, көктемгі ауруға ұрынбауы — басты назарда. Осыған орай әр аулаға тұрғындар мен шаруа қожалықтардың мал қораларын залалсыздандыру бойынша іс-шаралар жүргізілген.

1 тонна жем — 50-55 мың теңге

Шаруа қожалығы басшыларының айтуынша, егіс дақылының нарықтағы сату мен сатып алу бағасы осындай. Биылғы жылы жемшөптік азық егіс көлемі 288,8 мың гектарды құрады.  Егіс көлемін әртараптандыру нәтижесінде жемшөптік дақылдардың үлесі 34,4%-дан 36,5%-ға көбейді. Шөптің мол қорының дайындалуы жеке қосалқы шаруашылықтарға сатылған шөптің бағасының көтерілмеуіне септігін тигізді.

Облыс бойынша екпе шөптерден басқа 141,1 мың гектар шабындық шөп дайындауға, 8,5 миллион гектардан астам жайылым мал жаюға пайдаланылып отыр.

Қыстың қамын ерте ойлаған аудандардың бірі — Әйтеке би ауданы. Өткен жылы жылжарымдық мал азығын жинап алған өңірде қыс жайлы болып, мал екі-ақ ай қолда тұрған. Соның арқасында 18 мың тонна шөп артылыпты. Бірақ соған қарамастан, ауданда 172 мың тонна шөп жиналған. Былтырғы қалдықты қосқанда қазір әйтекебиліктердің 200 тоннадан астам мал азығы бар. Биыл 63 мыңнан аса шартты бас мал қысқа кіреді деп жоспарланып отыр.

Жерінің құнарлылығы, шөбінің шүйгіндігімен дараланатын тағы бір өңір — Мәртөк ауданы. Оған қоса бұл өлкеде егістік көп. Сондықтан өзге өңірлерге қарағанда бұл жердің малы қыстан қоңды шығады. Бұл ауданда биылғы санақ бойынша  28770 ірі қара, 37695 қой-ешкі, 4 мыңнан астам жылқы, 132 түйе бар. Оған 127855 тонна пішен, 2500 тонна пішендеме, 30050 тонна астық сабаны, 13754 тонна сүрлем, 10760,6 тонна құрама жем дайындалған.

Өткен жылдармен салыстырып қарағанда биыл мал басын асылдандыру жұмыстары қарқынды жүрді. Өзге елдің түлігін жерсіндіріп, салқынға ұрындырмай өсіру де қат-қабат шаруа. Бұл істе облыс шаруаларының тәжірибесі жылдан-жылға артып келеді. Ал олардың қысқы күтімі қалай болады? Қанша арық болса да көктемгі қарақатқақта өз аяғымен өрістейтін өзіміздің Зеңгі баба тұқымы бап талғамайды. Шетелден әкелінген малдарға жылы қорадан бөлек азықтың бірнеше түрі дайындалуы керек.

Қысы ұзақтау, қары қалың түсетін Әйтеке би ауданының Қостанай облысымен шектес Әйке ауылының тұрғыны Оразбай Түнғатаров Татарстаннан 50 бас екі жасар аналық ақ бас әкеліп тәуекел етіп отыр.

— Облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қомақты қаржы алып жұмыс бастап жатырмыз. Бір риза болғаным, бұрын ауылдағы үйлерді кепілге алмайтын. Ал қазір бәрін түсіндіріп, тиімді кеңестер береді. Алатын затыңды кепілге қоя аласың. Мал шаруашылығын дамытып, етті мал санын көбейту мақсатында асылтұқымды малды асылдандыруды қолға алдым.

Шаруашылығымызда былтыр біраз шөп қалды. Егер шөп уақытында шабылып жиналса, екі-үш жылға дейін құнарын бермейді. Биыл 500 орама шөп жинадық. Одан бөлек жем сатып аламыз. Азықтың осы түрі көктемгі қара өзек шақта төлдерге керек-ақ. Егістік жер алып қойғаныммен арнайы техникаға қолымыз жетпей жүр. Ол үшін кемінде 8 миллион теңгең болуы керек. Егер техникаға қолымыз жетіп, өзіміз мал азығының түрлерін егетін болсақ, бір ауылды асырауға болады. Сол кезде қай өнімнің де өзіндік құны азайып, қосымша құны артар еді. Жалпы жеріміз шұрайлы. Шөптің көптеген түрі өсетіндіктен сырттан келген малға жайлы болып тұр. Ала жаздай қыстауға үй, мал қора дегендей құрылыс жұмыстары жүргізілді. Биылғы қуаңшылықтың салдарынан мал азығын 60 шақырым жерден дайындап, тасып алдық. Қосымша Қостанай облысынан жем алып қойдық. Қысқа дайынбыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Мал иесінің ынтасы қандай?

Тұтынушылардың көп айтатыны — шөптің сапасы мен салмағы. Айталық, бір орама шөптің салмағы 300 килограмм болуы тиіс. Ал бума шөптің ұзындығы 70-90 сантиметр болғаны дұрыс. Қалай болғанда да,  мал азығын алты ай қыс тұтынатын болғандықтан тұтынушылардың талабына көнген жөн.

Аудан, ауыл әкімдері жыл сайын жергілікті шаруа қожалықтары арасында демеушілік шараларын ұйымдастырып тұрады. Олар ауылдағы аз қамтылған, қолдарындағы аз ғана малына шөп алуға мүмкіндігі жоқ отбасыларға бір көлігін тегін түсіріп береді. Жылына бір үйге бір көлік шөп шаруа қожалығы иелеріне түк те емес. Бірақ осы бір жерде түсінбестік туады. Осындай көмекке зәру кейбір үйлерде соқталдай азаматтардың табылуы. Шөп шабу науқанында шаруа қожалығы жұмысшы күшіне тәуелді болады. Сондай кезде қолы бос адамдар бір күнге болса да көмектесуге барғысы келмейді. Тіпті шаруа қожалықтарының шөп түсіріп беруін міндет деп қабылдайтындар бар. Қазір барлық мүмкіншілікке қолжетімді. Мал азығын алуға көлігіңіз, қаражатыңыз болмай-ақ қойсын. Қара жұмысқа деген ынтаңыз болса, бір тиын шығармай, жеткілікті мал азығын дайындап ала аласыз. Ерінбегендер осылай жасайды. Алайда дер кезінде бұл шаруаны құнттамай, қыс ортасында шөбі бітіп қалып, арызын қолына алып, әкімшілік жағалайтындар жоқ емес.

Өңірдегі осынша жиналған мал азығының қаупі — тілсіз жау. Облыстық өрт сөндіру департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан бері 26 далалық өрт ауыздықталды. Бір қуанарлығы, дала өрті өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға азайған.

Самат НАРЕГЕЕВ.