Спорт

Волейболшы қыздар бақ сынасты

Конституция күніне орай Қарғалы ауданы Бадамша спорт мектебінде қыздар арасында волейболдан ауданаралық жарыс өтті. Шараға Хромтау, Мәртөк, Әйтеке би аудандарының жас спортшылары қатысты.

Жиында сөз алған мектеп директоры Ибраһим Сақауов жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, жастарға сәттілік тіледі. Ал Қарғалы аудандық спорт бөлімінің бастығы Егор Моор  аудан жастарының жетістіктерін сөз етіп,  бұндай жарыстар оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыратынын айтты. Шараның ашылу салтанатында ауданның өнерлі жастары би билеп, ән салды. Бұдан кейін волейболшы қыздар қайта жаңарған спорт залда бақ сынасты.

Мектеп директорының айтуынша, өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген 28 миллион теңге қаржыға мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. 1964 жылы салынған ғимаратқа бұған дейін тек қана ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келсе, былтыр ғимараттың іші-сырты қайта жаңарып, қажетті спорт жабдықтары сатып алынған. Мәселен, мектеп алдындағы стадион, хоккей алаңы  күрделі жөндеуден өткен. Қазір оқушылардан бөлек әкімшілік, өзге де органдардың өкілдері осы мектепке келіп жаттығады екен. Жалпы, аудан халқының спортпен айналысуы үшін бұнда бар жағдай жасалған.

Спорттың жеті түрінен жастарды дайындайтын мектепте қазір 392 бала бар. Мектептегі  жас мамандар оқушыларды спортқа баулуда ерекше белсенділік танытуда. Қазір жастар жаттықтырған спортшылар республикалық жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Мәселен, өткен жылы ашылған бокс үйірмесінің балалары аз уақытта республикалық сайыстарда жеңіске қол жеткізсе, облыстық сайыста тоғызқұмалақшылар марапатқа ие болыпты. Ал мектептің волейболшы қыздары Ақтөбе құрама командасының қатарында екен.

Бұл жолғы сайыста да  бадамшалық жас спортшылар бірінші орын алса, Хромтау ауданы Сарсай ауылынан келген волейболшылар екінші орын, Мәртөк ауданының жастары үшінші орынға қол жеткізді. Ал Әйтеке би ауданының волейболшылары арнайы марапатқа ие болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button