Басты жаңалықтарДенсаулық

Ғаламдық қор: құрт ауруымен күрес

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары облыста туберкулез ауруына шалдыққандар саны көбейіп кеткен еді. Тіпті Ақтөбе бірнеше жыл қатарынан эпидемиологиялық қолайсыз аймақтардың  қатарында болды. Ал қазіргі таңда облыс аурушаңдық көрсеткіші бойынша 14-орында тұр. Бұл дегеніміз — жасалған жұмыстың нәтижесі. 2017 жылдан бастап ғаламдық қор туберкулезге қарсы күресу үшін Қазақстанға қайтарымсыз түрде қаржы бөлді. Бұл пилотты жобаға еліміздің үш аймағы кірді. Олар — Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары.

Жаңа әдіс

Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша,  мақсат — 2035 жылға дейін аурушаңдықты — 95%, ал өлім-жітімді 90 пайызға азайту. Қазіргі таңда ауруды емдеудің озық тәсілдері қолданылады. Туберкулез ауруынан толық айығу үшін оны дер кезінде анықтау аса маңызды. Қазір туберкулезді бастапқы сатысында анықтау үшін бактериоскопиялық, автоматтандырылған BACTEC аппараты және жоғары деңгейде жетілдірілген молекулярлы-генетикалық Хайн-тест, Gen-Xpert әдістемелері қолданылып отыр. Аудандарға  Gen-Xpert  аппаратын алуға қаржыны ғаламдық қор бөлген. Қазір 9 ауданда бар.

Диспансердің өкпе терапиясы бөлімінің меңгерушісі, аймақ бойынша кеңесші Гүлмира Әділшенованың айтуынша, соңғы жылдары емдеу тәсіліне ерекше мән берілген. Бұрын науқастар стандартты түрде ем алатын болса, қазір әрбір адамға жекеленген ем түрі қолданылады. Мәселен, Gen-Xpert аппараты зертханаға әкелінген патологиялық материалдардан екі сағат  ішінде туберкулез таяқшасы бар ма, жоқ па және оның қандай антибиотикке сезімталдығы жоғары, соны  анықтап, генетикалық деңгейде сараптап береді. Әсіресе бұл әдіс ең алдымен аса күрделі сырқатқа шалдыққан, яғни қатерлі ісік, қант диабеті, гармон терапиясын алатын, өкпе демікпесі бар науқастарға өте тиімді. Әрбір науқас жан-жақты тексеріліп, соған байланысты жеке  ем тағайындалады.

— Мәселен, бір палатада төрт науқас жатса, олар төрт түрлі әдіспен ем алуы мүмкін. Себебі әр адамның организмі әртүрлі. Ал бұрын ауруға шалдыққан  науқастардың барлығына бірдей ем жүргізілетін, — дейді бөлім меңгерушісі.  

Қазіргі күні облыста 873 адам осы сырқатқа шалдыққан. Өткен жылы 12 адам көз жұмса, биыл 13 адам қайтыс болған. Өлім-жітім бойынша біздің өңір республикада төртінші орында тұр. Аурудың соңғы сатысында тұрған, ем тиімсіз болған науқастарға былтырдан бастап қысқа мерзімді жеке тәсіл бойынша ем жүргізу қолға алынған. Гүлмира Қасымқызының айтуынша, ғаламдық қор бөлген қаржыға сатып алынған замануи препараттар бұл әдіс бойынша өз тиімділігін көрсетуде

«СПУТНИК» ЖОБАСЫ

Туберкулез ауруын тиімді емдеуде  «Спутник» жобасы қолға алынған. Жобаны ғаламдық қор қаржыландырады.

Бұл бағыт бойынша туберкулездің жұқпайтын түріне шалдыққан бірінші топтағы мүгедектер, жүкті әйелдер тағы басқа осындай топқа жататын науқастарға ем үйлерінде жүргізіледі. Арнайы құрылған мобильді топ жұмыс істейді. Ғаламдық қор бөлген қаржыға «Largus» автокөлігі сатып алынған. Қазіргі күні үйден ем қабылдайтын 18 науқасқа осы мобильді топ қызмет көрсетеді. Аптасына бір рет психолог кеңес береді. Олар үйлерді аралап, дәрі-дәрмегін, азық-түлігін береді. Емге немқұрайлы қарайтын, үй-жайы жоқ, қауіпті топтағы науқастарға да мобильді топ дәрігерлері қызмет көрсетеді. Ғаламдық қордан ай сайын  көлікке жанар-жағармай және су, шырын, бір реттік стақандар сатып алу үшін қаржы бөлініп отырады. Сондай-ақ қордан ай сайын науқасқа әлеуметтік көмек ретінде 19 мың және жолақысы ретінде 14 мың теңге ақша бөлінеді.  Қазіргі күні облыс бойынша 385 адам осы көмекті алып отыр.

Емдеудің жаңа әдісі бойынша науқастарға жан-жақты көңіл бөлінеді. Мәселен, егер адам құрт ауруының жұқпайтын түріне шалдықса, оны аурухана төсегіне таңудың қажеті жоқ. Ол амбулаторлы түрде ем алуына болады. Сондай-ақ қазір видео арқылы науқастың дәрі ішкенін бақылай аламыз. Адам әртүрлі. Бірі ауырған кезде дәріні ішіп, жөтелі басылғаннан кейін тоқтатып тастайды. Ал екіншісі сәл жақсарса, мүлде ішуден бас тартады. Тіпті ауруын біле тұра ем қабылдағысы келмейтіндер бар. Ал біз науқасты күштеп емдей алмаймыз. Сондықтан оларға емнің түрлі тәсілі қолданылады. Мәселен, үйден шыға алмайтын баласы бар, мүмкіндігі шектеулі адамдар дәріні қай уақытта ішкені туралы бізге есеп береді. Әр дәрінің қай күні, қай кезде  ішетіні туралы белгілеп береміз, — деді Гүлмира Әділшенова.

Ғаламдық қордың қаржы бөлуімен үш жылға жоспарланған пилотты жоба биыл аяқталады. Бірақ «Спутник» жобасы жалғаса береді.  Себебі бұл жоба бұған дейін басталып, жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылып келген болатын. Соңғы үш жылда атау өзгеріп, қаржы ғаламдық қор арқылы төленетін болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button