Әлеумет

Бұқара

  • Өнеге

БАҒБАН

«Адамды адам еткен — еңбек» дейді халық даналығы. Шалқарлық Мәжит Жақыпов — сексеннің сеңгіріне шықса да, қолынан кетпені мен күрегін тастамаған кісі. Мәжит Жақыповтың тынымсыз тірлігін талай алқалы басқосуларда аймағымыздың, ауданымыздың басшылары көпке үлгі етіп келеді. Өкшебасарларын үнемі еңбекқорлыққа жетелеп жүретін Мәжит ақсақал саналы ғұмырында бау-бақшаның қыр-сырын меңгеріп, отбасының нәпақасын сол жерден тапты.
— 1954 жылы жеті класты бітіргеннен кейін, Ақтөбе қаласының маңындағы «Әлімбетов» кеңшарында трактор жүргізушісі болып жұмыс істедім. Ол кезде адамның жасына қарамайды, бұғанасы бекісе болды, мойынымызға үлкен шаруаларды арта салатын. «Тың көтереміз!» деген ұранмен сол кеңшарда еңбек ете жүріп, трактор жүргізуге әбден машықтандым. 1970 жылы Шалқардағы №3 орта мектеп жанындағы интернатқа трактор жүргізушісі, бағбаны болып жұмысқа орналастым. Мектепке тиесілі азын-аулақ жер болды, ала жаздай сол жерге көкөніс егіп баптаймын. Кішкентайымнан ата-анамның бақша салғанын көріп өсіп, соны өзімнің еңбек жолыма жараттым. Кейін ауданымыздағы кеңшарлардың бау-бақша егу жұмыстарына араласып, отбасымызбен 1982 жылдан бастап бірыңғай көкөніс егуге бет бұрдық. Далалық дейтіндей аудан орталығынан қашық емес, іргедегі Дәрібай көлінің жағасында боламыз.  Еңбегімізге қарай 250, 300 центнерге дейін өнім беріп жүрдік. Егетініміз қарбыз, қияр, қызанақ, картоп қой.
Кеңес өкіметінің жыл сайынғы шаруаларға беретін тапсырмалары да құбылып тұратын. Көкөністі адамға емес, малдың жемі үшін еккен кездеріміз де болды, — деп еске алады сол кездерді Мәжит ақсақал.
Тәжірибелі бағбанның сөзінше, аудан халқын жергілікті өніммен қамтамасыз етуге құнарлы жер табу қиын. Кезінде түрлі зерттеулердің нәтижесі біздің жерлер егістікке емес мал шаруашылығына арналған деген тұжырым жасаған екен.

— Кейде Шалқардың жерін өзге егістік жерлермен салыстыратындар болады. Ол — қате пайым. Мәселен, Ақтөбенің топырағымен біздің ауданның топырағының құнарлылығын салыстыруға келмейді. Біздегі тағы бір күрмеу — судың тапшылығы. Өмірлік тәжірибемде бау-бақшамызды талай кептіріп алған кездеріміз де болды. Алайда жеріміз құнарсыз деп, соны себеп қылып, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Өзіңнің отбасыңды көкөніспен қамтып, артылғанын сататындай етіп талаптансаң, жақсы өнім алуымызға бәріміздің де мүмкіндігіміз бар. Ол үшін алдымен бойыңда ынта мен жігерің болуы қажет, — деп кеңес береді қарт бағбан.
Ардагердің отбасы 1996 жылы Шалқар көлі жанынан көкөніс өсірумен айналысатын «Есенай» шаруа қожалығын құрды. Бүгінде қожалыққа тиесілі 5 гектар жері бар, күнделікті шаруаларына жарайтын техникамен толық қамтылған. Үлкен ұлы Түгелбай отбасымен осы шаруашылық жұмысын жүргізеді.
— Шүкір, «Не ексең, соны орасың» дегендей, жылда мол өнім аламыз. Бала-шағадан артылғанын келінім Бақытгүл Орталық базарға апарып сатады. Көкөністі егіп одан пайдаға кенелемін деу, айтқанға оңай, әрине. Бірақ қиын екен деп, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Бұл — нағыз маңдай термен келетін жауапкершілігі орасан тірлік. Мен осыған жарты ғасыр бойы күш-жігерімді жұмсадым, балаларымды да осы кәсіпке баулыдым. Биліктегі азаматтар осы тірлігімізді көпшілікке үлгі етіп, алқалы жиындарда менің есімімді атап, мерейімді тасытып жатады, — дейді еңбек ардагері риза кейіппен.
Бағбан ақсақалдың  түрлі басқосуларда атқамінер азаматтардың есіне жиі салатын өтініші бар. Ол  — Шалқар көлін сақтап қалу, көлдің кенересіне дейін толтыратын Бершүгір тауларындағы бұлақ көздері мен сай-салаларды бітеп алмау. Үлкен кісінің пайымынша, соңғы уақытта Шалқар көлінің ажарының таюы, судың толық келмеуі Бершүгірде тас өндіретін зауыттардың бұлақ көздерін жойып, көктемгі суағар жолдарын бөгеп алуынан туындап отыр екен.
Кетпен-күрегін қолынан тастамайтын Мәжит ақсақал осы кезге дейін өз еңбегін ешкімге бұлдаған да емес. Біреуге қарап қол қусырғанды ұнатпайтын ол жадына «бойыңда қуат барда еңбек ете бер» деген қағиданы әбден тоқыған. Ол —отбасында бір әулеттің асқар таудай тірегі. Қосағы Айнаш әже екеуі өмірге бес бала әкеліп, барлығын қатардан қалдырмай өсіріп, бүгінде 12 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар қаласы.

  • Жаңғырық

 Ырғызда ауызсу қоры жеткілікті

«Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің биылғы 12 қыркүйектегі санының «Бұқара» бетінде Ақтөбе қаласының тұрғыны Ғазиз Қарсақбайдың «Шибұлақтан Ырғызға су тарту керек» деген мақаласы жарияланған болатын. Автордың Ырғыздағы су мәселесі туралы айтқандары ырғыздықтарды да ойландырады. Дегенмен Ырғызды ауызсумен қамту мәселесінде алаңдауға негіз жоқ.

Бүгінгі күні Айырқызыл су көзінен шығатын су көлемі Ырғыз, Ақши, Аманкөл және Құтикөл елді мекендерінің тұрғындарын ауызсумен толықтай қамтуға молынан жетіп отыр. Айырқызыл су көзінде барлығы 9 ұңғыма бар. Биыл Ырғыз ауылындағы су құбырларын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр.

2015 жылы «Ақпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Батысқазжерқойнауы» республикалық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен Айырқызыл су қорын үнемдеу үшін Жарма, Құтикөл және Аманкөл елді мекендеріне су тарту мақсатында су қорын зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан аумақтық су көзін анықтау жөніндегі комиссиясының 2015 жылғы 27 қазандағы №183 хаттамасымен берілген ұсыныс бар. Қазіргі таңда Жарма, Құтикөл және Аманкөл ауылдарын сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Жыл соңына дейін сараптама қорытындысы алынады деген жоспар бар. Сол кезде Айырқызыл су көзін Ақши және Ырғыз ауылдары ғана пайдаланатын болады.

Шибұлақ пен Ырғыз арасындағы Тәжібай сайы бөгелген, дегенмен қазіргі табиғат жағдайларына байланысты оның суы бұрынғыдай тасымайды және су мөлшері аз. Бүгінгі таңда оның суын сол жерді меншігіне алған жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайдаланып отыр.

Ал аудан аумағымен өтіп жатқан Самара-Шымкент халықаралық автокөлік дәлізінің бойында сақтық шараларын алу жөніндегі ұсыныс назарға алынды, алдағы уақытта ескерілетін болады.

И.ТҰРТАЕВ,

аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Ырғыз ауданы.

  • Пікір

САПАЛЫ КИНО — ҰТЫМДЫ ӨНДІРІС

Қай арнаны қоссаң да, түрік пен үнді сериалдары болып жатады. Мән-мағынасы жоқ, сабындай созылған бұл кинолардың да өз көрермені бар.

Ал қазақтың кино туындыларына қандай баға бере аламыз? Бізде тәрбиелік мәні зор фильмдер бар, әрине. Мысалы, Отанды сүюге шақыратын, рухыңды көтеретін «Қазақ хандығы», «Кейкі мерген», «Көшпенділер» сынды тамыры терең тарихты шертетін туындылардың көптеп түсірілгені дұрыс. Осындай фильмдерді әлемдік деңгейге неге шығармасқа?

Заман ағымына сәйкес түрлі жанрда түсірілген фильмдер аз емес: «Брат или брак», «Келинка тоже человек», «Гламур для дур», «Бизнес по казахски» секілді комедия жанрындағы туындылар да өз аудиториясын қалыптастырды.

Дегенмен, көңілге кірбің түсіретін жайттар да баршылық. Соңғы жылдары түсірілген фильмдерде қазақ тілі мен орыс тілін араластырып, шұбар тілде әдейі сөйлейтін әдет қалыптасқандай әсер қалдырады. Осы комедияларды шұбарланбаған таза қазақ тілінде түсірсе, көңілді фильм түсіре алмаймыз деп ойлай ма екен?

Бұл — біз секілді мектеп оқушыларын ойландыратын жайт. Себебі, біз — елдің болашағымыз, біз өз тіліміздің шұбар тілге айналғанын қаламаймыз, ертең ана тілімізге еге болатын біздер, сондықтан, құрметті режиссер аға-апалар, біздің тілегімізді ескерсеңіздер екен…

Салтанат КЕНЖЕБАЙ,

№15 орта мектептің 11-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

  • Еңбек

ДАНИЯРДЫҢ КӘСІБІ

Ақтөбелік кәсіпкер Данияр Ақбергенов «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашып, бірнеше адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Данияр М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдағаннан кейін, 2014 жылы қосымша оториноларингология мамандығы бойынша резидентураны бітірді. Оның анасы Ақсара Абдоллаева 40 жылға жуық осы салада еңбек еткен. Анасының жолын қуған Данияр қаладағы жеке клиникаларда жұмыс істеп, бұл іске сұраныстың жоғары екенін білгеннен кейін жеке кәсіп бастауды жөн көрді. Ол өз қаражатына бөлме сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. ЦентрКредит банкінен алған қарыз қаражаты есебінен қажетті заманауи жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландыру мен пайыздық мөлшерлеменің 85%-ын кепілдендіру тетігі бойынша қолдауға ие болды.

Даниярдың жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған «Vita ЛОР» медициналық кеңсесі бүгінде келушілерге өз қызметін ұсынып отыр.— Өз кәсібіңізді ашар кезде ең алдымен білікті, кәсіби деңгейі жоғары мамандарды сайлап алыңыз, әсіресе, медицина саласында бұл өте маңызды. Сіздің бизнесіңіздің табысты болуының 95 пайызы компаниядағы мықты мамандарға байланысты.  Екіншіден, адам өзінің қолынан келетін және өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана табысқа жетеді.

Бизнесте адал болу керек, ешкімді алдап, жетістікке жетуге болмайды. Бұл — менің жас кәсіпкерлерге беретін кеңесім, — дейді Данияр.

Бауыржан ДАРКУЛОВ,

Ақтөбе қаласы.

  • Туған жер

ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ АУЫЛЫМ…

Әр адамға шыр етіп жерге түскен, кіндік кескен, бауырында еңбектеп, қаз басқан туған ауылы анасындай ыстық, біраз уақыт алшақ кетсең, сағындырып, тартып тұрады. Ал біздің туған ауылымыз теміржол бойында болатын… Асыр салып, асық ойнап жүрген балалар пойыз келе жатқанда бәрін тастап, жапа-тармағай жүгіретін. Ұзақ қызықтап, шығарып салатын. Пойыздың күнде дәл уақытта келіп-кетуі ауыл балаларын қатты қызықтыратын.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданының кезіндегі 64-ші шағын ауылының (разъезд) перзенттері «Туған жерге тағзым» акциясы аясында  бас қосты. Кезінде шойын жолдың бойында орналасқан 64-ші ауылдан шыққан тұрғындар бас көтеріп, бірігіп түрлі шаралар өткізді. Оның ішінде белсенді тұлғалар Аманғазы Бақтыбаев,  Кеулімжай Балмұратов,  Оралтай Жақсылықов, Аманғазы Қиғашев, Марат Утеуов, қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, облыстың әр ауданы мен ауылында тұрып жатқан ауыл ақсақалдарына алғысымыз шексіз.

Бүгінде бұл ауылдан тек әр жерде ғана төмпешіктер қалған. Әркімге төмпешіктер арасынан өздерінің қара шаңырақтарының орны көздеріне оттай басылғаны сөзсіз.  Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты ашылған осы 64-ші елді мекенде 40-тан астам шаңырақ тұрған. Батыс Қазақстан теміржолында үлкен реконструкцияға байланысты екі жол торабы  алынып, 1986 жылы сәуір айында жабылып қалды.

Разъезд тұрғындарының дені ел дамуына елеулі үлес қосып отырған экономиканың күре тамыры — теміржол саласында қызмет атқарды. Төлеш Махамбетов, Қуаныш Махатов,  Жаңаберген Изимов, Мұхит Жүгінісов, Мұхияддин Алдияров, Құлпаш Таженов сынды азаматтарды айта кетуге болады.

Әр өңірден, облысымыздың аудандары мен ауылдарынан жиналған бұрынғы 64-ші ауыл тұрғындары үшін бұл күн ерекше болды. Ауылда киіз үй тігіліп, кездесу ұйымдастырылып, барша қонаққа дастарқан жайылды. Ұлан-асыр тойға осы шағын ауылда дүниеге келіп, еңбек жолын бастаған талай ел ағалары да келіп жатты.

Ауылдың бұрынғы әр тұрғыны қай жерде, қай өңірде жүрсе де, атамекен алтын бесігін бір сәт естен шығарған емес. 10 жыл мектеп директоры қызметін атқарған және ауылдық округті басқарған, қазіргі таңда Мөңке би ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, жерлесіміз Тарғын Әміралин «ел көшіп жұртта қалған жерде ешқандай белгі жоқтығын» меңзеп, қандай да бір ескерткіш қалдыру керектігін айтты. Теміржол вокзалының орнына үлкен ескерткіш тақтасын орнатып, өлілердің атын қалдырайық деген ұсынысты жерлестер бірауыздан қолдады.  Шалқар ауданының бір бөктерінде болған 64-ші ауылымыз жайлы ақ жүрегімнен ақтарыла айтар жыр да, сыр да аз емес. Ауылым алтын бесігім!

Анар НАҒИҚЫЗЫ.

Ақтөбе қаласы.

Реніш

АҚТӨБЕНІҢ АТАУЫН БҰРМАЛАМАСА ЕКЕН…

Соңғы уақытта Ақтөбедей мықты облыстың атауын әлеуметтік желілерде, қазақша КВН секілді кейбір телебағдарламаларда  «Ақтүе», «Ақтюе» деп өзінше қысқартып, болмаса соны жаңалық ашқандай айтып-жазып жүргендер көбейіп кетті.

Сөйтіп бұрмалайтындарды құлағым шалса, жасыратыны жоқ, «Жағың қарысқыр!» деп айтқым келеді. Онымен олар алыста ғой, көгілдір экранның арғы жағында… Ал мен Ақтөбеде отырмын. Және бір қынжылтатыны — ерекшеленемін деп есуастығын көрсететіндер көбеймесе, азаймай тұр. Оларға айтарым, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейінгі әлеуеті зор өңірді сыйламасаңыздар да, тау, асқар шың сөздерімен мәндес — «төбені» сыйлаңыздар! Соның ішінде осында туып-өсіп, ауасын жұтып, суын ішкен жерлестеріме өкпем қара қазандай. Олар сол арқылы туған жерінің атауын мазаққа айналдырып жүргенін сезе ме екен?..

Бәлкім, бәзбіреулер «онда тұрған не бар, бұл жастардың «сленгі» ғой» дегенді алға тартар. Олай емес. Атауды бұрмалауға болмайды.

Бекзат БЕРІКБОЛ,

Ақтөбе қаласы.

 Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button