Басты жаңалықтарЭкономика

Аймақта асылтұқымды жылқы саны артып келеді

Өткен аптада Ақтөбе қаласының Мамыр өңіріндегі «Көк жайлау» агробизнес кешенінің «Мұғалжар жылқылары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында облыста асылтұқымды жылқылардың санын арттыру мақсатында «Өнімділік бағыттағы  жылқы шаруашылығының  бүгіні мен ертеңі» тақырыбында  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиынға жергілікті және Батыс Қазақстан облысынан ғалымдар, өнімділік бағыттағы жылқылар  республикалық палатасының өкілдері мен аймақтағы жылқы шаруашылығының  басшылары, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Конференцияға дейін облыс әкімі және жиналған қонақтарға «Мұғалжар жылқылары» ЖШС иелігіндегі жылқыларды өсіру, ондағы асылдандыру жұмыстарының жайы түсіндірілді. Руслан Бигазиев иелік ететін бұл шаруашылықтың негізгі профилі — Ақтөбе популяциясының мұғалжар және көшім асылтұқымды жылқыларын өсіру. Бүгінгі күні үйірде 400-дің үстінде жылқы бар. Оның 141-і бие, 7 айғыр, қалғандары — әртүрлі жастағы төлдер.

Кәсіпкер бұл ферманы 2011 жылы өз қаражаты есебінен  құрған. Бүгінде 4175,79 гектар жайылымы бар шаруашылықта жыл сайын 45-50 асылтұқымды жылқы сатылады.

Қуаңшылық болса да, мұндай жылқылар күйін бермейді. Олар етті әрі сүтті. Қазір бұл жылқыларға республикада сұраныс жоғары. Шынын айтқанда, қазір мұндағы жабағыларға «құда түсіп» кеткендер көп. Жалпы жаңа туған төл 18 айдан кейін сатылымға шығарылады. Қазір бұл үйірде «Бостандық» деп аталатын асылтұқымды айғыр бар. Бұл — 2012 жылы топырақ басқан жылқы. Таза қанды, өнімді жылқы есебінде қайтадан тұқымын шығаруды ойластырып отырмыз. Яғни тұқымдық қасиетін сақтауды басты назарға алмақпыз, — деп ғалым  Серікбай Рзабаев облыс әкіміне мұндағы асылтұқымды жылқылардың қасиетін таныстырды.

Оңдасын Оразалин жылқы шаруашылығындағылармен осымен екінші рет бас қосып тұрғанын, бұл саланы әрі қарай жетілдіру үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігін сұрағанда, ғалым:

Ең бастысы — жаңадан аталығын шығаруымыз керек. Жаңадан шыққан аталық іздер бұрынғы шыққан аталық іздерден салмағы да, өнімділігі де бәрі жақсы болуы керек. Осындай стандарт түрге қатысты талапты біз алдымызға мақсат етіп қоямыз. Қазіргі күні бұл тұқымды асылдандырып жатқан облыста бірнеше шаруа қожалығы бар. Мәселен, «Жанқанат», «Жансая», сол сияқты Темірдегі «Сәт» шаруа қожалықтарында бұл іс нәтижелі жүргізіліп жатыр, — деді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аграрлық секторды экономиканың драйвері ету Елбасы қойған негізгі тапсырма екенін айта келе:

Тарих тереңіне үңіліп, рухымызды жаңғырту мақсатында бабалар даңқын дәріптегіміз келсе, қандай ескерткіш болмасын, оларды ат үстінде бейнелейтініміз жасырын емес. Өйткені күні кешеге дейін ат көшпенді қазақ үшін төрт түліктің басы ретінде бағаланып келді. Мінсе көлік, сойса азық болған, алысты жақындатып, жауға шапқанда арқыратып рух берген жылқы малының біздің өміріміздегі орны ерекше болып қала бермек. Әрине, бүгінгі даму үрдісімізде жылқы малының басты көлік ретіндегі рөлі азайғанмен, азық ретіндегі рөлі күнненкүнге артуда. Жылқы етінің ағзаға тигізер пайдасы бүгін ғылыми дәлелденіп, бүкіл әлемде сұраныс көбеюде, — деді.

Соңғы кезде мемлекеттен көрсетілетін қолдаулардың арқасында өңірде мал шаруашылығында өндірілетін өнім, мал басы жыл санап артып келеді. аймақта малдың барлық түрі бойынша өсім 102-112 пайызды құрайды. Мәселен, ірі қара саны 493,3 мың болса, оның ішінде жылқының саны — 134,7 мың.

Ғалымдардың айтуынша, өткен 15 жылда Ақтөбе облысында жылқы шаруашылығы қарқынды дамып, мал саны екі есеге артқан. Сондай-ақ сапалық жағынан үстіміздегі жылы республика бойынша асылтұқымды жылқы үлесі 7,5 пайызды құраса, облыста бұл көрсеткіш — 17,5 пайыз. Бүгінгі таңда Ақтөбеде асылтұқымды жылқының саны 22,5 мыңға жеткен.

Ғылыми конференцияда алғашқылардың бірі болып сөз алған «Ақтөбе тәжірибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашылығының  меңгерушісі, мұғалжар және көшім асылтұқымды жылқыларының авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаев Мұғалжар жылқысының ерекшелігіне тоқталды.

Жылқы тұқымын сақтау, жалпы осы  салаға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі қажет. Сонда ет, сүт мәселесінде проблема болмайтыны өз алдына, ел тұрғындарының денсаулығы да түзелер еді. Мұғалжар жылқыларының һәм қазақы жабының бір артықшылығы — суыққа төзімділігі. Жылқының бұл түрі қыс бойы тебінге түседі, қолға тұратын сәті өте сирек. Сондықтан көп шығынды қажет етпейді. Сексенінші жылдарда облысқа сонау Якутиядан келіп, біраз жылқы алып кеткен мамандардың айтуынша, біздің жылқылар 60 градус суыққа да селт етпей, тебінге түсе береді екен. Өйткені Саха елінде қанша суық болғанмен, қар біздегідей қатпайтын көрінеді, — деп атап өтті Серікбай Рзабаев.

Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, соңғы жылдарда бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері игерілуде. Бұрын иесіз қалған фермалардың орнына жаңа заман талабына сай мал қоралар тұрғызылып, малшыларға жайлы үй салу, инфрақұрылымдарын түгендеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. Нәтижесінде бос жатқан дала бүгінгі күні малға тола бастапты. «Дегенмен әлі де атқаратын жұмыс көп. Игерілмей жатқан жерлерді игеру — уақыт талабы. Қазіргі күні 9 миллион гектар жайылымдық жеріміз пайдаланусыз тұр. Дүниежүзі бойынша мал өніміне сұраныстың артуы алдымызға үлкен тапсырмалар жүктейді. Әрине бұл тұста Үкімет тарапынан қолдау қажеттілігі міндетті түрде туындайды», — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары.

Конференцияда С.Рзабаев өнімділік бағыттағы жылқылардың жергілікті тұқымдарының қазіргі жағдайы және әрі қарай даму келешегі турасында баяндады.

Жиын барысында жылқы шаруашылығымен айналысушылар облыс басшысына заман талабына сай мал қораларын салу, бос жатқан жерлерді малшылардың пайдалануына мүмкіндіктер қарастыру бойынша қолдау көрсетуге қатысты   ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Өнімділік бағыттағы жылқылар  республикалық палатасының  директоры  Еркегүл Тілеген қымыз ішу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық сусынды мектеп немесе  әскер қатарындағылардың ас мәзіріне енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол  палата тарапынан қазіргі таңда мал ұрлығының алдын алу мақсатында  JPS орнату үшін Корея елінің IT мамандарымен келіссөздер жүргізілгенін жеткізді. Облыс әкімінен аталған ұсыныстарға қолдау көрсетуін сұрады.
Менің өңірге алғаш келгенде өздеріңізге ұран етіп тастап, қолдау сұраған басты бағдарламаларымның бірі де осы — қаланы жанға толтырсақ, сонымен қатар даланы малға толтыру болғанын білесіздер. Төрт түліктің қай-қайсысын да өсіріп-өндіруге бізде толық жағдай бар. Соның ішінде жылқы малының алар орны ерекше. Оған лайықты жағдай бар, қажетті жайылым да жеткілікті. Біз күні кешеге дейін жылқы малын асылдандырудың ғылыми жолын негіздеген өңірміз. Көшім және мұғалжар тұқымды  жылқы тек біздің өңірдің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышына айналып, сұраныс күнненкүнге артуда, — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Конференция соңында облыс әкімі  ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдеріне  ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне жылқы шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағытында өзгерістер енгізуге ұсыныстар беріп, ғылыми  жетістіктерді өндіріске енгізу бағытына бюджеттен қаржы бөліну мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ жылқы  шаруашылықтарының жайылымды жерлермен қамтамасыз етілуін, пайдаланбай жатқан жерлерді қолданысқа енгізу мәселесі тұрақты бақылауға алынуын тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button