Экономика

Хорватия елшісі индустриалды аймақты аралады

Кеше облысқа Хорватия Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Рефик Шабанович келді. Сапар барысында мәртебелі мейманға Ақтөбенің бірқатар өндіріс орындары таныстырылды.

Екі күндік іссапармен облысқа келген Хорватия Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Рефик Шабанович «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының, сондай-ақ «КазахИнвест» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдерімен кездесіп, аймақта инвесторларға, оның ішінде шетелдік компаниялардың жұмыс жүргізуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар төңірегінде әңгіме өрбітті. Өз кезегінде «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Артур Смағұлов индустриалды аймақтың мүмкіншіліктері мен ондағы жобалар жайында айтты. Оның айтуынша, «Ақтөбе» индустриалды аймағы экономиканың басым салаларында индустриялық-инновациялық инвестициялық жобаларды дамыту үшін дайын жер алаңдарын және жеңілдікті шарттарды беру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта 2160 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 77,3 миллиард теңгеге 23 жоба іске асырылуда. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен 6 жобаны іске асырушы «GIGANT KZ» (Германия), «БауМастер International» (Болгария), «Юнайтед Энержи Қазақстан» (Германия, Швейцария), «Атлант-Ақтөбе» (Түркия), «Aktobe Smart Tech» (Германия) және «Мебель-Ақсу» (РФ) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

Индустриалды аймақтың жалпы аумағы — 200 гектар. Бүгінгі таңда пайдалы алаңның 97,8 гектары игерілді. Бекітілген кестеге сәйкес жыл соңына дейін жалпы сомасы 800 миллион теңгеге 1 жобаның құрылысын аяқтау жоспарда бар. 2020 жылы  7 өндірістік кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осы жобалар инвестициясының жалпы сомасы — 21,9 миллиард теңге, — деді корпорация басшысы.

Мәлім болғандай, индустриалды аймақта жыл соңына дейін іске асырылатын бір жоба — ол «Гигант KZ» ЖШС. Инвестиция көлемі — 800 миллион теңге. Егер жоба сәтті жүзеге асырылса, бұл жерде 25 адамның тұрақты жұмыс жасауына мүмкіндік туады. Жылына 13 мың көлік дөңгелегін немістің инновациялық технологиясы бойынша қалпына келтіру мүмкіндігіне ие.

Осымен Қазақстанның үш қаласында болдым. Бұған дейін Алматы, Ақтау қалаларында болған едім. Ақтөбеге келгеніме қуаныштымын. Хорватия Елшісі ретінде сіздермен іс жүргізуге қашанда әзірмін. Ең басты бағыт — екі ел арасында әлеуметтік-экономикалық және мәдени қарым-қатынасты нығайту. Екі ел арасында өте тығыз саяси қарым-қатынас орнаған. Жалпы өз жағымнан барлық көмегімді көрсетуге дайынмын. Егер осындағы өкілдеріме немесе өзіме тікелей хабарласса, көмек көрсетуге тырысамын, — деп сөзін бастаған

Хорватия Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Рефик Шабанович индустриалды аймақтағы компаниялардың қаншасы шетелдік инвестор екеніне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде корпорация өкілдерінен индустриалды аймақта өндірістің қай секторы бойынша жұмыс жасауға басымдық берген дұрыс болатындығын сұрады. Себебі Хорватияның мұнай-газ секторында өзіндік орны бар бір-екі компания осында келіп, жұмыс жасауға ынталы екенін айтты.

Елшінің айтуынша, бүгінде Хорватияда 4 миллионға жуық адам тұрады. Алайда жыл сайын мұнда келетін туристердің саны 20 миллионнан асады. Сондықтан мемлекетке келетін кірістің 20 пайызы туризмнен түседі.

Рефик Шабанович өз сөзінде аймақта агроөнеркәсіп, өндіріс, оның ішінде мұнай-химия, газ, туризм сияқты салаларды бірігіп дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесуден соң мәртебелі мейманға индустриалды аймақтағы тәулігіне 8 мың шаршы метр керамика плитасын өндіретін «Зерде Керамика», сондай-ақ биг-бэг өндіретін өндіріс орындарының жұмысы таныстырылды. Содан соң қонақтар Ақтөбе рельс-арқалық зауытында болды.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button