Жаңалықтар

Мұғалжарлықтардың 99,5 пайызы дауыс берді

Өткен аптада пилоттық жоба аясында Мұғалжар ауданында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне іріктеуге 73 үміткер қатысып, партиялықтар дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру жұмыстары бастауыш партия ұйымдарындағы 9 партиялық учаскеде ұйымдастырылды.

Партиялық кадрлық резервке іріктеу Партия Төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынылған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам — Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Партия көшбасшысы партияның белсенді мүшелерін топтастыру және кадрлық потенциалды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді міндеттеген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес 2019 жылдың 28 қазанынан 16 қарашасына дейін еліміздің барлық облыстарында партиялық кадрлық резервке іріктеу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Қанатқақты жоба облыс бойынша Мұғалжар ауданында өткізілді.

Партиялық кадрлық резервке үміткерлердің арыздары 28 қазаннан 4 қарашаға дейін қабылданып, 73 үміткер тіркелді. Оның ішінде 46-сы ер адам болса, 27-сі — әйел.

Жас ерекшеліктеріне орай тіркелген үміткерлер арасында 35 жасқа дейінгілердің саны — 31 адам, 35-50 жас аралығындағылардың саны — 31 адам, 50 жастан жоғарылар саны — 11 адам. Іріктеуге қатысуға, әсіресе, білім беру саласының мамандары белсенділік танытқан (38,4 пайыз).

Тіркелген үміткерлер 5 қарашадан бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Өздерінің бағдарламаларын таныстыру үшін әр ауылда болып, партия мүшелерімен кездесті.

4 жерде өткізілген дебатта үміткерлер ауданның өзекті мәселелерін жақсы білетіндерін аңғартты және кәсіпкерлікті, медицинаны дамыту, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту жолдарын ұсынды. Мұғалжарлықтар аталған үміткерлердің бағдарламасымен әлеуметтік желілер мен жергілікті газеттер арқылы да танысты.

Нәтижесінде 16 қараша күні 9 партиялық учаскеде ұйымдастырылған дауыс беру үрдісіне партиялықтардың 99,5 пайызы қатысып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беруге келмегендері жұмыс барысы және денсаулығына байланысты Мұғалжар ауданында болмаған.

Дауыс беру үрдісі, әсіресе, №2 Қандыағаш партиялық учаскесінде белсенді жүрді. Есеп комиссиясының мүшесі Күлмайра Медеуованың айтуынша, жергілікті сағат 13.00-ге дейін Қандыағаш қаласындағы партиялықтардың 91 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерген. Партиялық учаскеге ең алғаш болып Қандыағаш қалалық №5 орта мектептің мұғалімі Әйгерім Бекеева келіпті. Ол бес жылдан бері партия қатарында екен. Дауыс беруге келгендегі мақсаты партияға белсенді азаматтарды топтастыруға өз ықпалын тигізу екенін айтты. Сондай-ақ Қандыағаш өнеркәсіптік экономикалық колледжі директорының орынбасары Сандуғаш Елкеева да партияда белсенді азаматтардың көп болғанын қалайды.

— Nur Otan партиясында жігері мықты, жалынды, білімді, белсенді жастарымыз көп болуы тиіс. Сондықтан да бүгін партиялық міндетімді орындадым. Біздің колледжде 80-ге жуық адам жұмыс істейтін болса, олардың көбі — нұротандықтар. Бәріміз ұжымымызбен дауысымызды бердік, — дейді ол.

Айта кету керек, аталған іс-шара аясында резервке үміткерлер арасында пікірсайыс өткізіліп, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы бағдарламаларын ұсынды.

Мәселен, «АдСаНа» ЖК директоры Наурызбек Сарбасовтың бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталса, Ембі аудандық емханасының медбикесі Огулгул Глычдурдыева денсаулық мәселесіне көбірек көңіл бөлді. Ал көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Мейрамгүл Кайрхожаева өз бағдарламасында демографиялық өсімді арттыру, ана мен бала жағдайын жақсарту мәселесін қозғады.

М.БЕКТҰРСЫНОВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button