Мәдениет

Бақтығалидың бақыты

ҚР Мәдениет қайраткері, ұстаз әрі композитор, жерлесіміз Бақтығали Жұмалин ақтөбеліктердің алдында есеп бергелі отыр. Шығармашылық кештің тақырыбы өнер иесінің ең танымал әнінің құрметіне қойылған, «Бақыт деген…» деп аталады.

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында өтетін концерт 21 қараша күнге жоспарланған. Мұндағы мақсат — «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыруда қазақтың ән өнерін, композитордың шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау, жастардың мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. Кеш иесі сол арқылы тыңдармандарына жаңа әндерін таныстыруды және көздеп отыр.

— Бүгінге дейін талай рет шығармашылық кешімді өткіздім. Бірақ облыс орталығында ашылғанына көп уақыт бола қоймаған үлкен концерт залында — Өнер орталығы ғимаратында концертім алғаш рет өткелі отыр. Бұл — мен үшін зор бақыт. Аздап толқу да бар. Кез келген маңызды шараның алдында қобалжу болады деп ойлаймын.

Осы жолы 30-ға тарта әнім орындалады деп күтілуде. Туындыларымның арасында жаңа әндер де болады. Басты ерекшелік — концертім Сәкен Еркеғұлов жетекшілік ететін Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Сосын Алматыдан белгілі әншілер келеді, — дейді Бақтығали Жұмалин.

Расында, концертте көптеген танымал мәдениет майталмандары өнер көрсеткелі отыр. Айталық, көрермен қауым бұл күні ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айжан Нұрмағамбетова, Марат Әйтімов, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлсім Юсупова, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары
Есет Сәдуақасов, Айбат Мақашев, Жадыра Арыстанова, Салтанат Меңдіғалиева, Сәния Жұмабекова, Бағдат Балмағамбетова, т.б. көре алады. Негізінен патриоттық, лирикалық сағынышқа толы әуендер шығаратын композитордың кешінде Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Ертай Ашықбаев, Гүлнәр Шәмшиева, Орал Байсеңгір сынды ақындардың өлеңдеріне жазылған әндер шырқалмақ.

— Қарап отырсам, ән шығарып, шығармашылықпен айналысып жүргеніме биыл 40 жыл толыпты. Осы аралықта 250-ге жуық әннің авторы атаныппын. Солардың арасынан «Бақыт деген…», «Аққулар, қош болыңдар», «Ақтөбем менің», «Көзіңнен айналайын», «Шашу», «Досым-ау, қайдасың сен?» сынды әндер жерлестеріме таныс деген ойдамын.

Менің композитор ретінде қалыптасуыма ақын Гүлнәр Шәмшиеваның сіңірген еңбегі зор. Екеуміздің тандемімізден бірталай әндер жарыққа шықты. Газет бетінде сол кісіге деген алғысымды жеткізсеңіздер екен… Өзіміздің жерлес ағамыз, ақын Ертай Ашықбаевпен де бірнеше әнді шығардық. Әсіресе, батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың рухына арналған «Он тоғыз жас» әнін айрықша атап өтсем деймін. Бұл композиция Әлия Молдағұлованың 75 жылдық мерейтойына орайластырылған әндер байқауында I орынға ие болған, — дейді кеш иесі.

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Бақтығали Жұмалин — облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан құрылған «Жазира» халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі. Концертте аталған өнер ұжымы да әннен шашу шашады деп жоспарланып отыр.

Биыл 58-ші күзін қарсы алған жігіт ағасы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, Атырау педагогикалық институтының музыка факультетін, Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдағанын айта кетейік.  Композитордың 1991 жылы құрған «Серуен» тобы республикаға танымал болды. 2001 жылы «Ерке-Наз» студиясын құрып, жас таланттарды жинап, вокалдан сабақ берді.

P.S. Бойынан нағыз шығармашылық адамына тән биязылық, «арық сөйлеп, семіз шығу» сияқты әдемі қасиеттер табылатын композитор Бақтығали Жұмалиннің 21 қараша күні сағат 19.00-де Өнер орталығында өтетін концертінде кездесейік!  

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button