Басты жаңалықтар

Еліміздің ержүрек полицейлеріне құрмет көрсетілді

Өткен аптада Ақтөбе облысында басталған «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өз мәресіне жетті. Аталған шара кеше Өнер орталығында салтанатты жиынмен түйінделді.

Зал форма кигендерге лық толды. Әуелі сахнаға еліміздің барлық облысынан келген ержүрек 14 полицей шақырылып, әрқайсысының ерлігі бейнероликтен көрсетілді.

Сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Ерлік ешуақытта ұмытылмауы керек. Бүгінгі акцияның мақсаты — ерлік пен батырлықты насихаттау, өскелең жас ұрпақтың бойына отансүйгіштікті сіңіріп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу. Осындай шаралардың шынайылығымен ғана халық пен ішкі істер органының арасында сенім көпірі орнайды. Елбасымыз «Тәртіп сақшылары — адамдардың құқығы мен бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын мамандық иелері» деп баға берген болатын. Өздеріңіз білесіздер, адам баласы үшін бейбіт, тыныш өмірден артық ештеңе жоқ. Ертеңгі күнге үмітпен қарап, алдағы армандарыңа нық сеніммен қадам басудан артық қандай бақыт бар. Тұрақтылық пен тыныштық болса, даму да болады. Жалпы ел үшін де, әр отбасы мен оның әрбір мүшелері үшін де қоғамдағы үйлесімділік өте маңызды. Осындай абыройлы іс, еліміздің тыныштығын және бейбітшілігін қорғау бұл өзін нағыз азаматпын деп санайтын ерлерге ғана лайық және әркімнің қасиетті борышы екендігі баршамызға аян. Халықтың бас амандығы мен мүлкін түрлі заңсыздықтардан қорғауды міндетіне алған Қазақстан полициясының, ішкі істер органдарының орны ерекше, — деп атап өтті. Сосын облыс әкімі Оңдасын Оразалин бейбіт күннің батырларын Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар берді.

Елге қызмет ете жүріп марқұм боп кеткен полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алған соң, ҚР ІІМ кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев түрлі қауіпті жағдайларда басын бәйгеге тіге отырып, қарапайым азаматтарды ажалдан арашалап қалған 14 полицейге Ішкі істер министрі атынан Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, Бақытжан Бейсеев іс-шараны Ақтөбе өңірінде ұйымдастыруға қолдау білдіріп, атсалысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалинге ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Алғыс хатын табыс етті.

«Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясына қатысушы ержүрек 14 полицейдің бірі  — көліктегі полиция департаментіне қарасты Арыс станциясындағы жергілікті полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алтай Орманов. Ол осы жылдың  24 маусымы күні Арыс қаласындағы әскери қоймалардың бірінде жарылыс орын алған кезде әріптестерімен бірге

І топ мүгедегі, көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін 79 жастағы қарияны іздеп тауып, медпунктке апарып, дәрігерлік көмек көрсеткен. Кейін Шымкент қаласында тұратын туыстарына жеткізген.

Акцияға шақырылған батыр сақшылардың қай-қайсы­сының да жасаған ерліктері жас ұрпаққа үлгі боларлықтай. Солардың тағы бірі — елордадағы өртенген жатақханадан 15 адамды құтқарып қалған Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінің капитаны Шыңғыс Қайыржанов. Осы сапарында ол Ақтөбе қаласында орналасқан №6655 әскери бөлімінің жеке құрамына және «Жас бүркіт» сыныбының оқушыларына «Ерлік сабағын» өткізді.

Барлық он төрт полицейдің ерлігі бірінен-бірі асып түседі, олардың кейбірімен сөйлескенімізде бәрі де «біздің орнымызда басқа адам болса, көріп тұрса, солай жасар еді, ең әуелі, бұл — біздің адамгершілік парызымыз» деп жатты. Қазіргі қайырымы азайған қоғамда мұндай ізгілікті іс-әрекеттерді насихаттау жас ұрпақ тәрбиесі үшін қажет.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button