Мереке

Жан жылуының бастауы — қамқорлық

Атаулы күн

Ақтөбеде әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға  облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, әлеуметтік сала  мамандарын  кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласының тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге арналған шараның маңызы зор. 

Өмір болғасын түрлі жағдайлар болады. Күн мен түннің, жыл мезгілдерінің алмасуынан бірде жылы, бірде суық болатыны белгілі. Сол сияқты біреулер тағдырдың жазуымен өмірге кемтар болып туады. Ал енді бірі жүре келе әртүрлі себептермен мүгедектікке душар болады. Ондай азаматтар сезімтал, нәзікжанды болып келеді. Сәл нәрсеге қуанып, болмашыға реніш білдіреді. Олардың бабын тауып, жан жылуын бере білу әркімнің қолынан келмейді. Сондай топқа қамқорлық көрсететін ерекше мамандық иелері тек сіздер, әлеуметтік сала қызметкерлері. Олармен әрдайым бірге болатын да сіздер. Қиналған сәтте дем беріп, қуанған сәтте қуанышын бірге бөлісетін де өздеріңіз. Күні кеше төрт құбыласы түгел болып жүрген жандар да, әртүрлі себептермен жұмыссыз қалса, күйзеліске түсіп, жәрдемге мұқтаж болып қалады. Оларға  демеу болып, қажет жағдайда қайта даярлайтын, жаңа мамандыққа оқытып, өмірге жолдама беретін де өздеріңіз. Сондықтан сіздердің  қоғамдағы  орындарыңыз маңызды, — деді Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы халықты әлеуметтік қорғау  және жұмыспен қамту саласының үздіктері мен белсенділеріне  ҚР  Еңбек және халықты  әлеуметтік  қорғау министрлігінің Құрмет грамотасын, «Еңбек ардагері», «Әлеуметтiк-еңбек саласының үздiгi» медалін табыстады. Сондай-ақ «Еңбек жолы» республикалық конкурсы өңірлік кезеңінің  жеңімпаздарын Алғыс хат және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. «Өндірістің үздік жас маманы» байқауында жеңімпаз атанған «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясының инженері Нұрсұлтан Омаров қуанышымен бөлісті.

— Бұрғылау  компаниясында жұмыс жасағаныма төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде көп нәрсені үйреніп, еңбекке құлшына араластым. Мұнай саласы болғандықтан әр ісіңе үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Төрт жыл ішінде өзімді жақсы қырынан көрсете білдім. Байқауға қатысып, бақ сынап көргім келді. Нәтижесінде үздік атанып, қуанып тұрмын, — дейді Нұрсұлтан.
Қазіргі уақытта облыс бойынша әлеуметтік қорғау саласында   2 мыңнан астам маман жұмыс жасайды. Аталған іс-шараның  мақсаты —  халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жүйесінің  еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және  экономиканың барлық салаларында, оның ішінде әлеуметтік салада жаңа еңбек әулеттері мен дәстүрлерін қалыптастыру үшін жағдай жасау.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button