Жаңалықтар

Облыс әкімі жауапты мамандарға ескерту жасады

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті.

Жиында алдымен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев «Open space» қағидатына сай Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінде кабинеттер ашу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру мекемелерінде «Парасаттылық» мектептерін іске қосу жұмыстары туралы баяндады.

Оның айтуынша, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыттарына негізделген «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы облыста  биылғы жылдың басында жүзеге асырыла бастады. Өңір басшысының тапсырмасына сай «Open space» форматындағы кабинеттер Ақтөбе қаласында, Алға, Темір, Мәртөк, Шалқар аудандарында жұмыс жасауда. Алайда  Байғанин, Мұғалжар аудандарында ашылған кабинеттер «Open space» форматына сай келмейді. Ырғыз ауданында аталған жұмыс жаңа әкімдік құрылысы аяқталғаннан соң жүргізіледі. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы республикалық көрсеткіш бойынша 10-орында тұр. Аталған мәселе бойынша Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

— Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге, қоғаммен байланысты күшейтуге негізделген. «Open space» форматындағы кабинеттерді ашу мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы, сондықтан осы бағыттағы жұмысты дамыту қажет, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов   облыстық автожолдарда қалыптасқан төтенше жағдай мен қабылданып жатқан шаралар және қыс мезгіліне дайындық мәселесіне тоқталды.

Басқарма басшысы 3 қараша күні облыс аумағында болған жағдайға қатысты есеп берді.

Оның айтуынша, Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейін Самара-Шымкент тасжолы жабылған. 4 қарашада Ырғыз кентінен Қалыбай ауылына дейін 196 көлік қар құрсауында қалған. Оның ішінде Тәжікстанның 16 азаматы бар автобус та болған. Нәтижесінде 8 тұрақты жылыту бекеті ашылып, оның ішінде 6 жылыту пунктіне 212 адам эвакуацияланған. 4 күн ішінде қар құрсауынан 230 адам, оның ішінде 38 бала құтқарылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 268 бірлік техника шақыртылған.

Жиында Бауыржан Сыздықов республикалық, облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау міндетін мойнына алған «Қазавтодор» мердігер компаниясының техникалық мүмкіндігі жетпейтінін, бүгінде мекемеде 79 техника бар екенін, оның бірқатарының тозығы жеткенін жеткізді. Оның айтуынша, норматив бойынша мекемеде 146 техника болуы тиіс.
Отырыста облыс әкімі Оңдасын Оразалин жағдайдың алдын алмай, жүздеген адамның қар құрсауында қалып қоюына жол берген жауапты мамандарға қатаң ескерту жасады.

Жауапты мекеме басшылары, аудан әкімдері жаз бойы немен айналысқаны белгісіз, алғашқы жауған қарда дайындықтарыңыздың қандай деңгейде екенін көрсеттіңіздер. Сондай-ақ қар құрсауында қалған азаматтарға, балаларға барлық көмек кешіктірілген, — деді облыс басшысы.

Жиын соңында облыс әкімі «Қазавтодор» ЖШС мердігер мекемесінің басшысы Ерболат Әмірбековке бір апта ішінде техника санын арттыруды тапсырып, қосымша техниканы жалға алу бойынша өзге компаниялармен келісімшартқа отыру қажеттігін қадап айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button