Экономика

Бағдарлама және тиімді бағыттар

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованың қатысуымен өткен отырысқа тұрақты комиссия мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, басқарма, департамент басшылары қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Соның бірі — «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 10 желтоқсандағы №347 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  мәселе. Бұл туралы облыстық  экономика және  бюджеттік жоспарлау  басқармасының  басшысы  Гүлқасима  Сүйінтаева баяндады. Ол өз сөзінде қазіргі күні аумақты дамыту бағдарламасын түзету қажеттілігі бар екендігін айтып өтті.

2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы — өңірдің негізгі стратегиялық құжаты. Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 47-тармағына және Қазақстан Республикасы  Ұлттық экономика министрінің бұйрығы негізіндегі аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі әдістеменің 57-тармағына сәйкес, жылына бір рет аталған бағдарламаны түзетуге мүмкіндік беріледі. Аумақты дамыту бағдарламасын түзету өткен жылғы әкімдік қызметінің тиімділігін бағалау қорытындылары бойынша Экономика министрлігінің ұсынымдарына, түйінді ұлттық индикаторлардың стратегиялық картасын  және 2019 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген Жаңа базалық көрсеткіштер тізбесін  бекітуге байланысты жүргізіледі, — деді Г.Сүйінтаева.

Бүгінгі таңда аумақты дамыту бағдарламасы 3 негізгі бағытты, 17 мақсатты және
45 индикаторды қамтиды. Оның айтуынша, аталған бағдарлама облыс әкімдігінің тиімділігін арттыруға, индикаторларды сапалы жоспарлау арқылы бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.

Отырыста аталған мәселені талқылау барысында депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сауалдар қойылып, ескертулер мен ұсыныстар да айтылды. Аталған мәселе облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button